Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Қызылағаш ауылында жаңа мешіт ашылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Павлодар облысының бас имамы Бертымұратов Жолдас Қоспақұлы, Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Жұмабайұлы Сәбит және Павлодар облысы әкімінің орынбасары Батыргужинов Серік Барлыбайұлы бастаған облыс, ауданның билік өкілдері, құрметті азаматтары, ақсақалдар мен аналар, жалпы халық өте мол қатысты қатысып, арнайы бағдарлама бойынша жүргізілген іс-шара көптің көңілін ерекше көтерді.
Мешіттің ашылу рәсімі барысында Құран оқылып, имамдар халыққа уағыз-насихат айтса, басшылар ел мен жер, бейбітшілік, береке-бірлік, тыныштық туралы көңілге қонымды лебіздерін жеткізді. Келесі кезекте қонақтарға арнайы ақ дастархан жайылып, жасы үлкендердің алғыс, бата тілектері айтылды. Одан кейін ұлттық күрес, ат жарыстары ұйымдастырылып қуанышты мерекеге ұласты.
«Павлодар облысының орталығынан ең шалғайда орналасқан ауылдардың бір болып саналатын Қызылағаш аулына жаңа мешіттің ашылуы бізді де ерекше қуантады» – дейді бас имамы Жолдас Қоспақұлы.
Жаңа мешітті осы ауылда туып өсіп, өмірін өткізген қадірменді ақсақал Зен қажы Зайырдың ұрпақтары салды. Мешіт құрылысы өте қысқа мерзімде тұрғызылып, халық игілігіне берілді. Яғни, биылғы мамыр айында басталып қыркүйек айында аяқталды.
Жаңа мешіт Ертіс ауданы бойынша 10-шы, Павлодар облысы бойынша 108-ші мешіт болып тіркеліп отыр.