Қазақстанда COVID-19-ға қарсы жаппай вакциналау басталмай тұрып, 2021 жылдың көктемінде әлеуметтік желілерде антиваксер аталып кеткендердің атышулы мәлімдемесі көбейді. Олар қазақстандықтарға салынып жатқан «беймәлім сұйықтыққа» қарсы түрлі дәйек айтады: оның ішінде надандықтан бастап псевдоғылыми әңгімелерге дейін жүр. Олар кімдер, неге қауесет таратады, билік шешімдеріне неге қасақылық жасайды? Бұл сұрақтарды Zakon.kz тілшісі factcheck.kz бас редакторы Павел Банниковке қойды.
– Павел, бүгінде вакцинаға қарсы шығып жүргендер де, былтыр ковид жоқ деп қасарысқандар да, пандемия – қолдан жасалған дейтіндер де – бір адамдар екені анық. Сіз басқаратын ресурс осы белсенділер тобын мұқият зерттеді. Оқырманымызға осы зерттеу туралы әңгімелеп бере аласыз ба?
– Редакциямызға оқырмандарымыздың бірі «Қарап көріңіздерші, вакцинаға қарсы насихатпен белгілі бір топ айналысып жатқандай» деп жазды. Осы чаттар мен топтар не жазып, не қойғанын бақылай бастадық. Ақырында бір ғана топ емес екенін аңғардық.
Бізбен бірге зерттеуге екі тәуелсіз журналист қатысты. Біз бірігіп, коронавирус туралы ғана емес, Қазақстандағы Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс пен Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қатысты дезинформация қалай таралатынын анықтап көрдік.
Бірнеше қоғамдастықты анықтадық. Бірінші кезекте бұл – бізге Ресейден келіп, өзін Қазақстан саналыларының бірлігі деп атайтын топ. Шаласектанттар құрылымы деуге болады. Оған қатысушылар ант беріп, енді бір көсеміне беріліп, тек соның заңдарымен өмір сүретіні туралы құжаттарға қол қояды, өздері тұратын елдің заңнамасын мойындамайды, территорияны адамзат меншігі деп жариялайды, тағысын тағы.
Одан қалды, видеоүндеулер жасайды, оны YouTube арнасынан қарауға болады. Қол қойылған қағаздар сайтында тұр, амал не, көбін Қазақстан азаматтары қойған. Бұл бірінші топ, бірақ ол екінші топтың қызметімен байланысты.
Екіншісі – ҰАҚ (ұлттық азат ету қозғалысы) деген конспирологиялық топ, ол да Ресейдікі, өздері Ресейді Батыс жаулап алған және қазір ойыншық үкімет отыр деп ойлайды; Ресей деген ел тіпті жоқ деп есептейді. Осыны Саналылар бірлігі де айтып жүр. Бұл қозғалыстың өкілдері Қазақстан Конституциясына қарсы сөздерді де айтып жүр, себебі олар Қазақстанды да мемлекет деп қарамайды.
Үшінші топ – Саентология шіркеуі. Олардың өз мүддесі бар. Антиваксерлік үгіт-насихатын аса белсенді жүргізбейді. Бірақ ісі антипсихиатрияға қарсы болғандықтан (олар психиатрияны псевдоғылым деп есептеп, оған 50-60 жылдан аса уақыт бойы қарсы шығып келеді), олардың белсенділігі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске қарсылықта байқалды. Оның дәл осы психикалық куәландыру, психиатрлық ем және т.б. нормаларына қарсы.
Төртінші топ – танымал екі блогер, Денсаулық туралы кодекстен бастап, кейін Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды енгізуге қарсы шықты. Қазір ата-аналар одағы деген атпен топтар құрып, белсенді түрде қызметіне қатысып жатыр. Олар да, әрине, вакциналауды теріске шығарып, күмәнді ұйымдармен және адамдармен қатар жұмыс істеп жүр.
Ұйымдарға келсек, бүгінде халықаралық деңгейге жеткен CitizenGO деген испан ұйымы бар. Бірақ бұл ультраоңшыл қозғалыс өзін петицияға арналған алаңбыз деп көрсеткісі келеді. Оның өкілдері бірінші Еуропада, кейін Ресей Федерациясында ашылып, сосын бізге де енді. Денсаулық туралы кодекске, вакциналауға қарсы жиналған қолдарды анықтап қарасақ, үнқағаздарында CitizenGO логотипін де байқаймыз.
Жекелеген адамдарды сөз етер болсақ, біздің жалған ақпарат таратушыларымыз өткізген онлайн-конференцияларға Жанна Цареградская деген адамды тартқан екен. Өзі 10 жыл бұрын сотталған, күйеуі бірнеше жылға қатаң тәртіптегі колонияда жаза өтеген. Цареградская басқарған ұйым секта деп танылған.
Жанна табиғи жолмен босануды үгіттеген «Рожана» деген қорда болған. Олар жүкті келіншектердің миын ашытып, кейде қинап, ұстап отырған. Әйелдер орманда босанған, оларды қорлаған. Соңында күйеулері әйелдерін алып кетуге келгенде Цареградский мырза мен ұлы травматикалық тапаншамен шығып, оларға шабуыл жасаған.
Бірақ бұдан тоқтай қоятын Цареградская табылмады, әлі де қызметін жалғастырып, жалған ақпаратын таратып, кітапшаларында, веб-сайттарында, блогтарында зиян келтіретін мәліметтерді ашықтан-ашық жазып жүр. Бұл әйелді біздің ата-аналар одағы өзін қорғап алу үшін шақырады.
Қиын жағдайда жүрген адамға әсер ету оңай. Ал соңғы бір жарым жылда бүкіл әлемде қиын заман орнады. Оны жоюдың жалғыз ғана жолы – күйзеліс себебін, пандемияны жою. Бірақ әзірше қолдан келер іс емес. Сондықтан да, амал не, жұртты сендіретін дүмше біткен қаптады. Адам миы осындай, оған шара жоқ. Ал олардың айтқанын тыңдасаң, проблеманың көкесіне ұрынуға болатынын ойлап, шошисың.
– Біз дүмшелер мен оларды қолдайтындарға өтіп кеттік. Амал не, бізде де, Ресейде де антиваксерлік насихатқа танымал адамдар, инфлюенсерлер кіріскен. Мысалы, бір ресейлік актрисаның парақшасын тауып алдым. Онда ол сұхбаттар легі шығатынын айтып, жазба жариялаған. Солардың бірі – дәрігер Айна Бакеевамен. Сұхбаттың өзінде де, актрисаның жазбасында да ашықтан-ашық жалған ақпарат жүр. Сіздіңше, билік жалған ақпарат таратушылармен қалай күресуі керек?
– Ең жағымсыз әрі ең көп айтыла бермейтін жауапты айтайын, мұны бір жыл бұрын айтпас та едім. Маған ҚР ҚК-нің 274-бабы ұнамайды, өйткені бұл заңмен қиянат жасауға да болады. Бірақ дәл осы заң дұрыс қолданылса төтенше жағдайда жалған ақпарат таратқандарды жазалауға болатынын айшықтап берер еді.
Еске түсіріп көрсек, осы заң бойынша былтыр жазаланғандар болған. Солар кімдер? Конспирологтарға сеніп қалып, чаттарға тексермей ақпарат таратқан ауыл мұғалімдері. Ал апта сайын, күн сайын жалған ақпарат тарататындарды ешкім жазалап жатқан жоқ.
Бір әнші жыл бойында 5G мен фашистік вакцинация және т.б. туралы жалған ақпарат таратып келеді. ІІМ-нен біреу-міреу ескерту жасағанын байқамадым. Тағы бір әнші көшелерде қарттарды ұстап алып, мәжбүрлі түрде вакцина салып жатыр деп хабарлады. Мұны да жұрт сеніп таратып жатыр. Мен сөз бостандығын шектеуге қарсымын, бірқа шұғыл жағдайда қоғамға қатер туса сөз бостандығын қоя тұру керек.
– Вакцинация туралы қауесет көп. Кейбірі надандықтан, ал кейбірі шындыққа ұқсап кетіп жатады, әсіресе мұны дәрігерлер мен медицинаға қатысы бар адамдар айтса. Сіздіңше қандай қауесет көбірек?
– Шамалап айтсақ, тең түседі. Надандықтан таратылатын қауесеттерді оқысаң, не істеріңді де білмейсің. Сауат ашу ғана құтқарар еді, бірақ кеш қалдық. Меніңше, одан да псевдоғылыми қауесеттер қауіпті, себебі оларды медицинаға қатысы бар адамдар таратады.
Әріптесіміз, factcheck.kz авторы, вирусолог, иммунолог Әсел Мұсабекова зерттеген үлкен проблема бар. Әсел Қазақстанның медициналық ЖОО студенттері мен түлектерінің, интерндер, ем жүргізуді бастаған дәрігерлердің вакцинация мен заманауи вакциналар туралы біліміне зерттеу жүргізген.
Нәтижесі көңіл көншітпейді. Көбінің вакцина туралы білімі 70-80-жылдардың деңгейінде болып шыққан, себебі олар сол кезеңнің оқулықтарын оқиды. Олар кейінгі 30 жылғы вакцина өндірісіндегі жаңа технология мен қауіпсіздігі туралы білмейді. 90-жылдары шыққан оқулықтардың бірінде тұмауға қарсы вакцина жоқ делінген. Себебі тұмауға қарсы вакцина кейінірек жасалған. Бірақ біздің болашақ дәрігерлер сол оқулықтармен оқып жатыр.
Саладағы жаңалықты, осы күнге дейін не өзгеріп, не қойғанын бақылап жүрген оқытушысы болса, кітапта ақпарат толық емес екенін айтатын шығар. Ал ол өз саласына қызықпайтын болса ше, қазіргі медицина ғылымының жағдайын білмейтін дәрігерлерді шығарамыз. Солар екпе салуға болмайды деп жаппай құжат жасап беріп, вакцина алғысы келгендерді райынан қайтарады.
– Кімді антиваксер дегеніміз дұрыс? Атойлап вакциналауға қарсы шығып жүргендерді ме, әлде қазақстандық не еуропалық вакцинаны күтіп жүргендерді де сол тізімге қосамыз ба? Өйткені ресейлік екпеге жан-тәнімен қарсы.
– Мен тек бір санаттағы адамдарды антиваксер деймін: өзі вакцинаға қарсы болып, өзгелерді де екпеге қарсы үгіттеп жүргендерді, бұл үгітін жүйелі түрде жүргізетіндерді. Антиваксер – жалған ақпаратпен үгіт-насихат жүргізуден ақша тауып жатқандар немесе саяси ұпай жинап жүргендер.
Адам екпеден қорқып, оған күмәнданса, ол антиваксер емес. Бұл жағдайда дәл қазіргі сәтте оның вакцина туралы белгілі бір білімі жоқ дегенді білдіреді. Ол біреуді вакцина салғызбауға үгіттемейді, ол қауіпті әрекет жасамайды, заңды бұзбайды, біз көргендей денсаулық сақтау вице-министріне жұдырық ала жүгірмейді.
Сауат ашу, вакцина туралы қарапайым тілде шын ақпарат таратуды белсенді жүргізу көмектесер еді. Үнқағаз түрінде емес, бұл не және қалай әсер етеді деп әңгімелесек. Ең бастысы – ол неден қорғайтынын түсіндірсек.
Мұндағы гәп, айталық, полиомиелит не екенін ұмытқанымызда болып отыр. 60 жыл бұрын көшеге шықсаңыз, полиомиелитпен ауырған адамды, оның қалай зақымдалғанын, қалай өмір сүретінін көрер едіңіз. Сол кезде вакциналау туралы жаппай науқан басталғанда ләм-мим деген жан табылмады, бәрі бірден барып салдырып алды, өйткені өздері де, балалары да аузы-басы қисайып қалғанын қаламады. Біз полиомиелит қандай ауру екенін ұмыттық. Көкжөтел қандай болатынын да ұмыттық, одан бала тоқтамай жөтелгені сонша, өліп кететін.
Ал бізде жұрт вакциналауға күмәнмен қарауының себебі: білімі таяздығы, биліктің вакцина туралы жұрт сауатын ашуға деген ынтасы жеткіліксіздігі. Екінші себебі – жалған ақпарат таратудан пайда тауып жүргендер.
– Сауат ашу мен билік әрекеті туралы айтайық, ақпараттық саясат құрдымға кетті деуге бола ма?
– Бір жыл ішінде мықты ақпараттық саясат құра салу мүмкін емес. Жүйелі түрде айналысу қажет. Қазақстандағы екпе күнтізбесін сөз етсек, біздің вакцина әлемдегі ең үздік саналатындардың бірі, бірақ мұны дәрігерлердің өзі білмей жүр.
Бәрі барынша ашық болуы үшін вакциналаудан кейінгі теріс әсері туралы мәліметтер базасын жасап, жариялап қойса жақсы болар еді. Ал егер вакцинадан кейін өлім болса («кейін» – «салдарынан» дегенді білдірмейді) тергеу ашық жүргізілуі тиіс. Денсаумин осы іспен айналысса, ведомствоға да, вакцинацияға да сенім арта түсер еді. Бұл қоғамдық денсаулық, қоғамдық қауіпсіздік мәселесі.
Екпеге күмән келтіретіндер бүгін аяғы аспаннан салбырап түсе салған жоқ. Медицинаға сенбейтін, сынықты шөппен емдейтін талай дүмшенің кітаптарын жылдап оқыды, түрлі балгердің курсын тыңдады. Пандемия мен инфодемия бұған әсер етіп, белгілі бір шегіне жетті.
Әлем тарылып кеткендей, үлкен жаһандық ауылда тұрып жатырмыз. Бір жерде бір оқиға болады ма, ол түрлі тілге аударылып, тарала бастайды. Қытайлық, америкалық және ресейлік насихат бізге дендеп енді.
Жалған ақпараттың айтарлықтай бөлігі әлемнің барлық тіліне ағылшын және испан тілдерінен аударылды. Испан антиваксерлері өте белсенді, тіпті өздері жаңалық ойлап табады. Мысалы, таяуда барлық вакцинада графен оксиді бар деген фейк таралды, уыты сұмдық улы зат туралы фейкті испан конспирологтары ойлап тапқан. Ерінбей, «зерттеуге» тапсырыс беріпті, суреттері бар нәтижесін жариялапты. Ақпараттық ірі нарратив жасап, ақырында барлық тілге жетіп, бізге де келді.
– Антиваксерлер қатарына білімді адамдар да қосылып жатыр, заңгері де, журналисі де, дәрігері де. Неге? Осыны айтып, хайп жасағысы келді ме екен?
– Хайп аудиторияңды кеңейтеді, ал цифрлық дәуірде аудитория – ақшаның көзі. Аудиторияң – капиталың. Не саяси бағытта, не қаражат бағытында пайдалана аласың. Екі жаққа да жасап жүргендер бар. Тіпті алып бара жатқан түгі жоқ конспиролог бірнеше канал ашып, аптасына үш-төрт ролик жасап, жарнама мен трафиктен айына 2 мың долларға дейін табыс көре алады. Хайп – пайда табудың бір бөлігі.
– Антиваксерлер айтатын көп аргументінің бірі – екпе алғандардың өз пікірін таңуы. Олар екпе алғандар жарнама жасағанын, кабинетте түскен суретін жариялап, поствакцина кезеңі туралы әңгімелерімен пікірін таңады дейді. Желідегі көпшілікке вакцина алғаныңды айту қажет пе, қалай ойлайсыз?
– Вакцинация туралы айту қажет. Мысалы сіреспеге қарсы екпе салдырсам – бұл менің денсаулығымның шаруасы, себебі ешкімге жұқтырмаймын. Салдырмасам – өлемін, бірақ бұл маған ғана қатысты.
Ал өзгеге жұғуы мүмкін вирустарға келсек, бұл менің ғана денсаулығыма қатысты мәселе емес. Менің жақындарыма да қатысы бар. Ең бастысы – вакцина ала алмайтын жақындарыма қатысты. Айталық, созылмалы ауруы көп, вакцина құрамындағы заттарға аллергиясы бар болса, екпеден анафилактикалық шок алуы мүмкін.
Сәуле терапиясынан өтіп жатқан онкологиялық ауруы бар балаларға вакцина салуға болмайды. Олар сол екпе алдыра алмайтыны үшін қауіп тобына кіреді. Бірақ олар да өмір сүруге лайық. Сондықтан қоғам барынша қорғалуы үшін, ғылым жетістігін қолдануға мүмкіндігіміз бар.
– Жаңа толқынмен бірге жаңа қауесет те келді, онда ковидтік госпитальдарда вакцина салдырғандар толып жатыр дейді, ал өлім дерегі көбеюі жаппай вакциналаумен тікелей байланысы бар делінеді. Енді қайтеміз?
– Түсіндіру керек. Қазақстанда мұндай жағдай мүмкін емес екенінен бастасақ болады. Вакцина алғандар саны аз болғаны сонша, ауруханаларда негізінен екпе алмағандар жатыр. Статистика бар, ашып қарауға болады.
Бұл қауесет қайдан шықты? Израильде кейінгі айда ауру жұқтыру жағдайы көбейді, бұл елде халықтың жартысынан көбі вакцина салдырған: 60%-ы бірінші дозасын, 52%-ы екі дозасын да алған. Бірақ елде «дельта-штамм» пайда болды, аурудың жаңа мутациясы аса жұқпалы, екпе жасаған қорғанысты бұзып өтеді. Алайда Израильде ауыр жағдайда жатқандар саны аз, өлім жағдайы да – ал вакцина алғандар арасында жоқ деуге болады.
Математикалық статистика тұрғысында білімің болуы керек, әйтпесе мұны саусақпен санап түсіндіре алмайсың. Осы тұста антиваксерлер шыға келеді. Олар шындыққа сүйенбей, ойына келгенде айта салады. Өтірігін еркін айта береді. Ал расталған дерекке сүйенетін адам тексере алатын сол нақты дерекпен және статистикамен шектелген. Өтірікші болса шектелмейді ғой. Сауаттылар жалған сөз тасушылардан жеңілер тұсы осы.
– Жаппай вакцинаға қарсы жұрттың айтар уәжі – оларға ешкім кепілдік бермейді: вакцина өндіруші де, дәрігер де. Екпе алуға келісу үшін кепілдік сұрау әділ ме?
– Иә және жоқ. Кепілдік талап ету – әлемге балаға тән түсінікпен қарау. Әділдігі неде? Мемлекет вакциналаудан кейін болған өлім жағдайын тергеуге келіпдік беруі керек. Өлімге немесе ауыр салдары болғанына дәл осы вакцина себеп екені дәлелденсе, мемлекет тергеу функциясын да, өтемақы функциясын да өз мойнына алуы керек. Сөйтсек қана ұшпаққа шығамыз.
Ұлыбритания үкіметі былай жасады: теріс әсері немесе өлім болғаны дәлелденсе, барлық шығынды өз мойнына алады. Қазақстанда азаматтарға бұл ұсынысты нақты түсіндіріп жасаса, тергеу жүргізуге өтінім беру жүйесін ашық қылса, елдегі вакцинацияға деген көзқарасты жақсартар еді. Меніңше, мемлекет беретін кепілдік осындай болуы керек.
– Қазақстанда вакцинация паспортын қолдан жасау сенсация болмай қалды. Жалған құжат жасатқандардың үлесі қандай деп ойлайсыз?
– Жалған құжат жасатқандардың үлесі 30%-ға, тіпті 40%-ға жетіп қалуы мүмкін деген қауіп бар.
Жақында ғана құрылған Вакцинация бойынша азаматтық штаб отырысында мынадай бір қызық ой айтылды – вакцинация паспортын сатып алғандарға рақымшылық жасау. Оларға екпе алуға мүмкіндік беру.
Бірақ сатқандарды қатаң жазалау керек, ҚР Қылмыстық кодексіндегі «Жалған құжаттарды қолдан жасау» бабы бойынша барынша ұзақ мерзімге соттау керек. Мұндай жағдайда мәймөңкелеуге болмайды, бұл ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп. Бұлай кете берсе, біздің вакцинация паспортымызды әлемнің ешбір елі қарастырмайды.
– Блогерлер арасындағы антиваксерлердің өзі екпе алған болуы мүмкін деп ойлайсыз ба?
– Жоқ деуге болмайды. Жұрт алдында антиваксер болып, ал өмірде ақылды әрі өз денсаулығына жауапты қарайтындар да табылуы мүмкін. Жалған ақпарат таратуда қос стандарт – әдеттегі жағдай.
Әңгімелескен Мария СЕРОВА,
Аударған Ардақ Құлтай