Сауд Арабиясының ғалымдар тобы Мекке маңынан Исламға дейінгі уақытта және Исламның алғашқы жылдарында араб түбегіндегі ең ірі жәрмеңке ретінде жұмыс істеген көне базардың орнын тапты. Бұл туралы Arab News хабарлады.
Хабаша деп аталатын базар маусымдық жәрмеңке болған. Бұл жерде сауда-саттық ережеп айының 1-інен басталып, 8 күнге жалғасқан. Жәрмеңке 813 жылға дейін жыл сайын үзбей өткізіліп келген.
Король Абдулазиз Фахд атындағы зерттеулер мен архив қорының бас хатшысы әл-Самаридің айтуынша, қазіргі күні Хабаша базары туралы айтылған тарихи дереккөздерді іздеу жалғасуда.
Көне жәрмеңке орнын іздеу экспедициясына қатысушы Абдолла әл-Захрани бұл базардың орналасқан жерін табу үшін 40 жыл уақыт кеткенін айтады. Ол үшін ғалымдар бүкіл архивті көтеріп, сол замандағы керуен жолдарын анықтап, аталған бағыттарды зерттеген.
Тарихшылардың пікірінше, Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) өзіне пайғамбарлық келмей тұрып осы жерде сауда-саттықпен айналысқан.
Көне жәрмеңкенің жақсы сақталған павильон орындары пайғамбар заманындағы экономика, әдебиет және мәдениет мәселелерін зерттеуге мүмкіндік бермек.