Білім алу, сауатты болу – діннің талабы. Ардақты Пайғамбарымызда (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарға білім алудың парыз екенін айтып, сахабаларына ілім алуды өзі бастап үйреткен екен. Ислам діні білімді дүниедегі барлық нәрседен, байлықтан, мансаптан, атақ пен даңқтан да жоғары қояды.
Заманында Әзіреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күйеу баласы, төртінші халифа болған әзіреті Әли (Алла одан разы болсын) ел ішінде «білімнің қақпасы» атанған деседі. Бір күні Әлидің білімін сынау үшін оған он яһуди келген екен. Олардың барлығы Әлиге: «Білім артық па,байлық артық па?», – деп бір ғана сұрақ қоятын болып келіскен деседі. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана оны шын мойындамақ болыпты. Сонда әзіреті Әли әр адам қойған бір сұраққа он түрлі жауап берген екен:
- Білім артық, өйткені, ол – пайғамбарлардан қалған мирас, байлық – бақылдардан қалған мұра.
- Білім артық, білімдінің жанында адал достар көп болады, ал бай адамның қасында амал достар көп болады.
- Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды арттырады.
- Білім артық, оны қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсай берсең, бір күні түгесіледі.
- Білім артық, оны ұры-қарыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді сырт көздерден қорғаштаумен өтесің.
- Білімің көп болса, ел саған қызығады, байлығың көп болса, ел сені қызғанады, білімнің артық болатыны сол.
- Білім артық, білімің көп болғанмен, есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
- Білім қанша көп болса да іріп-шіріп кетпейді, дүние-мал болса бүлінеді, сондықтан да білім артық.
- Білім артық, ол кісілігің мен кішілігіңді арттырады. Байлық болса сараңдық пен қомағайлығыңды арттырады.
- Шынайы білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілігі де артады. Байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық деген екен.
Дайындаған –Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ