Сұрақ: Пайғамбар (с.ғ.с.) ақ нан жеген бе?
Жауап: Көптеген адамдар пайғамбардың (с.ғ.с.) қарапайым, тіпті мұқтаждық жағдайда өмір сүргенін біле бермейді. Бір үмбеттің пайғамбары болғанымен патшалар сияқты аста-төк, салтанатты ғұмыр кешпеген. Тіпті кейбір күндері жейтін азығы жоқ болып, аш ұйықтаған кездері де болып тұрған. Ол кісі ақ нан жемек түгіл ұны електен өткен нан жемеген екен. Мұны пайғамбардың көзін көрген Сәһл ибн Сағит айтып береді. Бір күні Сәһл ибн Сағидтен:
– Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұны еленген таза нанды жеген бе? – деп сұраған уақытта, ол:
– Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың рахымына бөленген уақытқа дейін таза нанды көрмеді.
– Пайғамбардың кезінде (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) елеуіш болды ма?
– Бізде елеуіш болмады.
– Арпаны қалай тазалады?
– Біз оны үрлейтін едік. Ұшқаны ұшты, қалғанын алып илеп аламыз.
Расында да тарихи деректерде пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірінде қарапайым арпа нанын жегендігі айтылады. Ол кісі қолда барға шүкірлік ету, азықты ұқыпты пайдалану, ысырап қылмау деген сияқты нормаларды насихат қылып өткен жан.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ