Біз бүгінгі мақаламызда исламның өзге діндерге қатысты толеранттылығы және сыйлы қарым-қатынасты қолдайтындығы жайында баяндамақпыз. Бұл Қазақстан қоғамындағы бірлік пен ынтымақты, соның ішінде дін тұрғысындағы төзімділікті нығайту үшін аса өзекті.
Біреулер ислам діні басқа ұлт пен дін өкілдеріне теріс көзқарас ұстанады, оларға дұшпандық танытады деген пікірде. Шын мәнінде солай ма? Құран мен хадис бізге осыны үйрете ме?
Бұл жайында мұсылман дереккөздерінен мысалдар келтірмес бұрын өзге дін өкілдерінің ислам әлеміндегі төзімділік туралы зерттеулерінен үзінді берейік. Мәселен, швейцариялық шығыстанушы Адам Мец (1869-1917 жж.) былай жазады:
«Мұсылман империясы мен христиан дінінің шатыры астында болған ортағасырлық Еуропа арасындағы негізгі айырмашылық – ислам өлкелерінде өзге дін өкілдерінің өте көп болуы және олардың (христиандар мен яһудилердің) өмірі мұсылмандар өмірімен заң алдында тең болуы»;
«Ислам империясында ең табысы мол жерлерді христиандар мен яһудилер иемденіп отырды»;
«Ислам империясында мұсылман емес шенеуніктердің өте көптігі таңдай қақтырады»;
«Олар (христиандар мен яһудилер) медициналық көмекті мұсылмандармен бірдей деңгейде алды».
Адам Мец мұсылман халифатындағы діни төзімділік туралы айта келе: «Ортағасырлық Еуропа үшін мұндай нәрсе беймәлім еді», – деп жазады.
Ал исламның қасиетті кітабы Құранда былай баян етіледі: «(Ей иман келтіргендер) оларға былай деп айтыңдар: «Біз Аллаға және бізге түсірілген ақиқатқа (Құранға) иман келтіреміз. Ибраһим, Ысмайыл, Ысқақ, Жақып және олардың ұрпақтарына түсірілгенге, Раббылары тарапынан Мұса мен Исаға және басқа да пайғамбарларға берілген (ақиқи Кітаптарға) сенім білдіреміз. Біз олардың ешқайсысын да бөле-жармаймыз. Бір Аллаға ғана бойсұнамыз».
Бұл аятта барлық діндерге тән пайғамбарлардың аты аталып және оларға түсірілген қасиетті кітаптар (Тәурат, Інжіл, Құран) меңзеліп тұр, сондай-ақ мұсылмандар осылардың бәріне сенетіні айтылуда.
Ал Маймұн ибн Михран риуаят еткен мына хадисте Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Үш нәрседе мұсылман да, кәпір де бірдей: кімге уәде берген болсаң, мұсылман болса да, кәпір болса да уәдеңде тұр. Өйткені, уәде Алла тағала үшін. Кімнің туысы мұсылман болса да, кәпір болса да туыстық қатынаста болсын. Кім саған аманатын сеніп тапсырса, мұсылман болса да, кәпір болса да, аманатын қайтар».
Хадисте айтылып отырған «кәпір» сөзі арабтың «куфр» (күпірлік қылу), яғни ислам қағидаттарына сәйкес Аллаға серік қосқан басқа сенім (дін) өкілі дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда, бұл сөздің мағынасы, сенімі исламдағы таухид сеніміне сәйкес келмейтін христиандарды, яхудилерді және т.б. өзге дін өкілдерін қамтып отыр.
Мұсылман адам олардың барлығымен де осы хадисте айтылғандай мәміледе болуы тиіс. Өйткені хадистің көркем мысалын Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірінен көреміз. Ол кісі бұрынғы Меккеде өткізген он үш жылында да басқа сенім иелерімен көркем қарым-қатынаста болды.
Мысалы, Исламды алғаш насихаттаған жылдарында Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) пұтқа табынушылардың арасында өзінің әділдігі, сенімділігі мен төзімділігінің арқасында «Мұхаммед әмин» (сенімді Мұхаммед) есімімен танылған (Адабу әд-Дуния уәд-Дин).
Ол: «Кім адамды (мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге дін адамын) өлтірсе, ол жәннаттың иісін де иіскемейді. Әрине, жәннат иісі жетпіс жылдық қашықтықтан келіп тұрады» деп ескерткен. Осы хадиске назар аударсақ, дінімізде өзге дін өкілдеріне үлкен құрмет көрсететінін анық көруге болады.
Омар халифаның басшылық жасаған кезінде мұсылмандар еврейлердің жер учаскелерін иемденіп алып, ол жерге мешіт тұрғызған оқиғалар болған. Оны естіген халифа мешіттерді қайтадан бұздырып, жерді иелеріне қайтарып берген.
Ислам қазақ сахарасына келгенде діндегі толеранттылық пен төзімділік те ұлтымыздың бойындағы айрықша ізгі қасиетке айналды. Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өлеңі жолдары, тіпті күні кешегі Қадыр ақынның «Өзге тілдің бәрін біл» деуі де қазақтың мұсылманды өзге дін мен ұлт өкілінен бөле-жара қарамай, дініне, ұлтына, нәсіліне қарамастан барлық адамзат баласын тең көргенін аңғаруға болады.
Қазіргі уақытта халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын елімізде христиан және басқа дін өкілдері ешбір қысым көрместен, мұсылмандармен бейбіт қарым-қатынаста араласып, ымыраластықта өмір сүруде. Еліміздің әр қаласында олар өздерінің діни бірлестіктерін құрып, құлшылық үйлерін тұрғызып, ешқандай кедергісіз ғибадаттарын жасап жатыр.
Осындай кезде өзін мұсылманмын деп есептейтін адамды бес уақыт намаз оқымағаны үшін ғана кәпір деп айыптап, мал-мүлкін өзіне адал қылған жат діни ағым ұстанушыларының әрекеті ислам дінімен еш байланыспайтынын ескерте кеткен орынды. Адами құндылықтары жоғалған және өздерін ғана ақиқатты ұстанушылар ретінде есептейтін олар нағыз исламның өзге дін өкілі болса да адам өміріне құрметпен қарайтынын білмесі анық.
Ислам діні яһудилер мен христиандарға қатысты «Әһлі кітап», яғни кітап иелері деп атайды. Олардың қыздарына үйленуге рұқсат. Тіпті олардың тамақтарын да (Ислам діні бойынша анық арам етілген тамақтардан басқа) жеуге болады.
Бұл туралы Құран Кәрімде Алла Тағала: «Бүгін сендерге жақсы нәрселер халал етілді. Кітап берілгендердің (христиан, яһуди) тамағы (бауыздағандары) халал етілді. Сендердің тамақтарың оларға да халал етілді. Және мүміндерден абыройлы әйелдермен әрі сендерден бұрын Кітап берілгендерден (христиан, яһуди) де абыройлы әйелдермен мәһірлерін беріп, бой суытушы, астыртын көңілдес болмай үйленулерің халал етілді», – деген («Мәида» сүресі, 5-аят).
Біздің елімізде әрбiр адамның наным-сенім бостандығына, азаматтардың діни сеніміне деген құрмет ерекше. Еліміздің кез келген азаматы дiндердiң мәдени және тарихи құндылығы мен конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiк пен азаматтардың дiни нанымдарын шын құрметтейді.
Ал 2011 жылы 11 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы азаматтардың дiни сенiм бостандығына кепiлдiк береді. Елімізде белгілі бір міндетті немесе ресми діннің болмауы – азаматтардың діни сенім еркіндігін қамтамасыз етеді. Яғни, республиканың әрбір азаматы өз бетінше әрі ешкімнің мәжбүрлеуінсіз қай дінді болса да таңдау еркіндігіне ие деген сөз.
Біздің мемлекетіміз әлем елдері арасында діни толеранттылық идеясын таратып, халықтар мен діндер арасындағы келісім мен түсіністікке толық қол жеткізуге болатынын дәлелдеді. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІ сессиясында мұсылмандық – «Құрбан айт мерекесі» және православиялық – «Рождество мерекесін» 2001 жылдың 13 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына сәйкес ресми мерекелердің қатарына қосылуы – халықаралық деңгейде мойындалған Қазақстан қоғамындағы рухани келісім мен өзара түсіністіктің дамуының айқын дәлелі.
Белгілі исламтанушы Ерболат Жүсіп өзінің бір мақаласында: «Ислам барша адамзатқа әділдікті үлгі, зұлымдықты харам етеді. Өзара жәрдем беру, мейірімді де рахымды, бауырмашыл болу – оның ұлық тәлімдерінен. Ислам діні ақыл мен парасатты жоғары қоя отырып, өзгенің де ой-пікіріне құрметпен қарайды. Адамды бір ғана сенімге арқандап, оған қатаң көзқарастарды таңбайды, оған ешкімді мәжбүрлемейді.
Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі, 256-аят) делінген. Бұл – дініміздің ұстанымы, адамзатқа көрсеткен жолы, Алла Тағаланың нығметін қадірлеу, салиқалы мақсат қоюына көмектесу деп бағамдаймыз. Жаратушы Иеміз әлемдегі барлық іс-шаралардың ақ-қарасын ажыратып бергеннен кейін адам баласының қай жолды таңдауын өз еркіне салады», – дейді.
Бүгінде қазақ қоғамы осы дін талаптарының үдесінен шығып, дін өкілдері арасындағы достық пен ынтымақтың үлгісін паш етіп отыр. Дінаралық диалог пен конфессияаралық келісімнің отаны – Қазақстан деп ауыз толтырып айтуға негіз бар.
Оның жарқын бір үлгісі – мемлекет тарапынан дін саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің деректері бойынша, қазір елімізде 18 конфессияны қамтитын 3851 діни бірлестік тіркелген. Атап айтқанда, оның ішінде 2714 – исламдық, 345 – православие, 88 – католик, 590 – протестант, 60 – Ехоба куәгерлері, 24 – Жаңаапостолдық шіркеу, 12 – Кришна санасы қоғамы, 7 – иудаизм, 6 – бахаи, 2 – буддизм, 2 – соңғы күнгі әулиелер Иса Мәсіхтің шіркеуі (мормондар), 1 – муниттер.
Сондай-ақ Қазақстанда қазіргі таңда 351 миссионер ресми түрде тіркелген, олардың 274-і – шетелдіктер, 77-сі – Қазақстан азаматтары.
13 діни оқу орны жұмыс істесе, оның 11-і исламдық бағытта, 2-і христиандық бағыттағы мекемелер.
Бұдан бөлек, әр діни бірлестік өз құлшылық үйлерін ашып, Құдайға сыйыну рәсімдерін емін-еркін орындауда. Мәселен, елімізде жалпы саны 3617 ғибадатхана тіркелсе, оның ішінде 2714 – мешіт, 303 – православие шіркеуі, 109 – католик шіркеуі, 399 – протестанттық ғибадат үйі, 57 – Ехоба куәгерлерінің ғибадат үйі, 24- Жаңаапостол шіркеуінің үйі, 6 – синагог, 2 – Бахаи ғибадат үйлері, 2 – «Кришна санасы қоғамы»ДБ ғибадатханалары, 1 – буддисттік ғибадатхана.
Бұл деректердің барлығы Қазақстанда дінаралық түсіністік салтанат құрғандығын және мемлекет тарапынан діни бірлестіктерге барынша қолайлы жағдайлар жасалынғанын көрсетке керек. Қай ұлттың немесе діннің өкілі болса да ешкімнің заң бұзуына, заңнан аттауына тыйым салынады. Қазақстандық заңнама аясында қай дінге сенемін, қай сенімді ұстанамын десе өз еркі. Бұл ашық та толерантты қоғамның айқын белгісі.
Азамат ТӨЛЕПОВ,
«Отпан» ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының директоры