Бүгін әлеуметтік желілерде Жанар Байсемізова есімді журналистің ораза туралы, нақтырақ айтқанда, Рамазан оразасының толық бір ай екендігін жоққа шығарған жазбасы қызу талқыланды. Оның айтуынша, «Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрарбек Құсайыновтың осы жазбаға негіз болған мақаласы «Жас Алаш» газетінің веб-сайтында 15 сәуірде жарияланыпты.
Негатив пікірлерге толып қалған пікір бізді де бей-жай қалдырмай, дау тудырған «Бір ай бойы ораза тұту Құранда жоқ» мақаласын дінтанушы, исламтанушы мамандардың назарына ұсынып көрдік.
Алтынбек Ұтысхан, исламтанушы, ҚМДБ өкілі:
Рамазан айында отыз күн ораза ұстау жоқ дегеннің ешбір негізі жоқ
Рамазанда бір ай толық ораза ұстаудың парыздығы Құран және хадисте нақты бекітілген. Құранда: «Сендердің араларыңда кімде-кім Рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушылар ораза айында ұстай алмаған күндерін басқа күндері өтесін» – делінсе, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жаңа туған айды көрген кезде ораза ұстаңдар, екінші жаңа туған айды көрген кезде ауыздарыңды ашыңдар. Егер аспан бұлтты болса, Шағбан айын отызға толықтырыңдар» – деп рамазан оразасын бір ай толық ұстау керектігін бұйырған.
Сондықтан Рамазан айында отыз күн ораза ұстау жоқ дегеннің ешбір негізі жоқ. Бәлкім кейбір адамдар Абдуллаһ ибн Амрден (р.а.) риуаят етiлген «Ай сайын үш күн ораза ұстау – жыл бойы ораза ұстағанмен тең болады» және Әнас ибн Мәлік (р.а) жеткізген: «Ережеп айының басында, ортасында, аяғында ораза ұстасаң, ережеп айының барлық күндерінде ораза ұстағандай сауапқа ие боласың. Өйткені, бір жақсылық он есеге еселенеді»,-делінген хадистердегі нәпіл оразалармен шатастырып жүрген болуы мүмкін. Хадистерден көрiнiп тұрғанындай үш күндiк нәпiл оразаның Рамазан айының оразасына ешбiр қатысы жоқ.
Мұхан Исахан, дінтанушы, Ph.D докторы:
Тәпсір іліміндегі Құран аяттарының түсу себептеріне үңілмей тұрып, Рамазан туралы жаңа байлам жасауға болмайды
Алла Тағала Құран-Кәрiмде: يَٓا اَيُّهَا الَّذ۪ينَ اٰمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذ۪ينَ مِنْ قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَۙ
“Ей, иман еткендер! Ораза тұту сiздерден бұрынғыларға парыз болғаны секiлдi, сiздерге де парыз етiлдi” (Бақара/183) деп бұйырады.
Тәпсір ғылымындағы «асбаб-ул нузул» ілімі Құран аяттарының Алла Елшісіне (с.а.у) нақты түсу себептерін және Алла Елшісіне (с.а.у) ол аят нәзіл болғаннан соң онымен қалай амал еткенін немесе ол аятты қалай тарқатып түсіндіргенін баяндайды. Құртуби, Алуси, Табари, Ибн Кәсир, Рази секілді классикалық муфассирлер арасында Құран-кәрімнің Бақара сүресінің 183 аятының түсу тарихына қатысты ортақ консенсус (ижмағ) қалыптасқан. Бір-біріне қарама-қайшы көзқарас жоқ. Ендеше, осыған назар салсақ:
Мұсылмандарға Рамазан айында ораза тұту көш реформасының (Хижра) екiншi жылы жоғарыдағы аяттың нәзiл болуымен парыз болып бекiген. Әсiлi, мұсылмандар Мекке дәуiрiнде де әрбiр айдың белгiлi бiр күндерi ораза ұстайтын. Имам Ахмад ибн Ханбалдың айтуына қарағанда, Көш реформасынан кейiн мұсылмандарға намаз оқу мен ораза тұтуда мынадай үш өзгерiс болған:
Намаздағы бiрiншi өзгерiс – Мекке дәуiрiнде мұсылмандар намазды Құдысқа қарап оқитын. Ал, Мәдинаға көшiп келгеннен кейiнгi алғашқы жылы құбыла Меккедегi қасиеттi Қағба болып өзгертiлдi.
Намаздағы екiншi өзгерiс – Мекке дәуiрiнде мұсылмандар намаз қылар шақта бiр-бiрiн дауыстап шақырып жататын. Мәдина дәуiрiнде Абдуллаһ ибн Зейд деген сахаба Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келiп, намаздан бұрын азан шақыру мен қамад келтiрудi түсiнде жасыл киiмдi адамның келiп үйреткенiн баяндайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түстi қош көрiп, әрбiр намаздың алдында дауыстап азан шақыру мен қамад келтiрудi қабыл алды.
Намаздағы үшiншi өзгерiс – Мекке дәуiрiнде мұсылмандар намаздың тек парызын орындайтын. Ал, Мәдина дәуiрiнде мұсылмандар Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның артық намаз оқитынын аңғарып, Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның сүннет намазын да оқи бастады.
Ораза тұтудағы үш өзгерiске келетiн болсақ:
Бiрiншiден, мұсылмандар ораза тұту туралы жоғарыдағы аят түскенге дейiн де әрбiр айдың үш күнiнде (ай толған мезгілде) және ашура күндерi ораза ұстайтын. Ал, Мәдина дәуiрiнде тұтас Рамазан айында ауыз бекiту парыз болып бекiдi.
Екiншiден, науқас және сапарда жүргендер мен қарттар, сондай-ақ, омырауында сәбиi бар аналар, өзге ауыз бекiткен мұсылманның ас-ауқатын берген болса, ораза тұтудың орнын толтырған болып есептелдi.
Үшiншiден, мұсылмандарға ауыз ашып болғаннан кейiн жұбайларына жақындауға рұқсат берiлдi (Ибн Кәсир, Тәфсир. I т. 142-143 б).
Осылайша көш реформасының (хижра) екiншi жылынан (624 ж.) бастап әрбiр жылы Алла ризашылығы үшiн Рамазан айында ауыз бекiту мұсылман қауымға үрдiс болып бекiген. Демек, Алла Елшісінен (с.ғ.с.) бастап бүгінгі күнге дейінгі күллі мұсылман қауымы Құрандағы Рамазан айында отыз күн ораза ұстап келсе, Бақара сүресіндегі Рамазанға қатысты аяттардан басқаша мағына шығару мүлде қисынсыз жәйт деп білеміз.
Кеңшілік Тышхан, дінтанушы, ф.ғ.к.:
әһли-сунна ұстанымы бойынша, Құранда айтылған міндеттердің түсініктемелері хадистермен беріледі. Намаздың рүкіндері, уақыты сияқты парыздар да хадистермен баяндалған.
Дінде белгілі бір нәрсенің парыз болуы үшін Құранда нақты көрсетілген болуы шарт. Осы орайда исламның бес парызының бірі Оразаның парыз болуына қатысты нақты аяттар бар.
Мәселен Бақара сүресінің 283-аятында: يَٓا اَيُّهَا الَّذ۪ينَ اٰمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذ۪ينَ مِنْ قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَۙ «Сендерден бұрыңғыларға (күтибә-жазылған, бекітілген) парыз болғаны сияқты сендерге де ораза ұстау парыз болды, бәлкім сақтанарсыңдар» деген мағына оразаның нақты парыз екендігін көрсетеді.
Ал отыз күн, яки бір ай ұстау жайында да: «Рамазан сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел ретінде Құран түсірілді…»(2:185) делінеді. Бұл аятта рамазан айы туралы сөз болып отыр. Яғни ораза бір ай ұсталуы керек.
Оның үстіне әһли-сунна ұстанымы бойынша, Құранда айтылған міндеттердің түсініктемелері хадистермен беріледі. Намаздың рүкіндері, уақыты сияқты парыздар да хадистермен баяндалған.
Тура сол сияқты хадисте де Рамазан айы жөнінде әз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жаңа туған (рамазан) айын көре салып бастаңдар. Жаңа туған айды көргенде ауыздарыңды ашыңдар. Егер күн бұлтты болса (айды көруге кедергі болса) отыз күнге толтырыңдар» (Бұхари, Саум, 11; Мүслим, Сиям, 19; №1081…) дейді.
Сонымен бірге Құран, хадистен кейін әһли-сунна ұстаымында ғалымдардың көзқарастары (ижма) шарғи үкім саналады. Бұл тұрғысынан да төрт мазхаб ғалымдарының арасында келіспеушілік жоқ. Қазіргі кезде астрономия ғылымының дамуына байланысты айдың көрінуі, көрінбеуі үлкен кедергі тудырмайды.
Сондықтан құрлықтарға қарай айдың көрінуін есептеп Рамазан оразасы басталады. Ал отыз күн, яки бір ай ұстаудың рухани да физиологиялық та көптеген пайдалары бар екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.
Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!