Әуелі баршамызды Рамазан айын өткеріп, Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Рамазан – құлшылық пен сабырдың, мейірім мен рахымның, қайырымдылық пен берекенің айы болса, осы айда сауап алу мақсатымен көптеген мұсылман бауырларымыз үлкенді-кішілі қайырымды істерге хал-қадірінше атсалысып, Рамазан айын халықтық деңгейде өткізуге өз үлестерін қосып отыр. Ел мұсылмандары Рамазан айының ерекшелігін сезініп, бір ай бойы рухани жігерге бөлене алды.

Алла елшісінің (с.ғ.с) сахих хадистерінде Айт мейрамына тамақ жеп, сусын ішу, Алланы еске алу, қонақ күту, сырқат мұсылмандардың көңілін сұрау мен жоқ-жітік, кембағалдарға садақа беру тән екендігі айтылған. Олай болса, айт күндерін ізгі амалдарымызды кемітпестен көтеріңкі мерекелік көңіл-күймен және басқа да сауабы мол істермен өткізген мақұл.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеден Мәдинаға қоныс аударғанда, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жүргенін көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда, олардан: «Бұл – біздің Исламға дейінгі тойлап келе жатқан мерекеміз», – деген жауап естіді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Алла сіздерге мұнан да ұлық екі мереке берді. Олар – Рамазан және Құрбан айттары!» – деп, осы екі мұсылман мейрамдарының ұлық екендігін сездірген.

Айттың өзіне лайық жарасымды да сауабы мол амалдары жетерлік. Сол таңда ерте оянып, ғұсыл құйынып, дәрет алып, таза, жаңа киім киіп, жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу – сүннет.

Айт мерекесінде ата-ана мен қарияларға сәлем беріп, батасын алу, сырқат кісілердің үйіне (ауруханаға) зиярат етіп, көңілін сұрау да ізгі амалдар қатарына жатады. Араздасып қалған кісілермен татуласып, қатынас үзілген туыстардың үйлерін аралаудың да маңызы ерекше. Өйткені, Алла тағала: «Сен, кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мүміндерді барынша кешірімді болуға үндеген. Көңілі жабырқау, қамқорлыққа мұқтаж жандар мен жоқ-жітіктер айт күндерінде көбірек көмек-қолдау, садақа күтіп, дәметері хақ. Сондықтан да мұндай жандарға қайыр-садақа үлестіріп, көңілдерін аулаған абзал.

Ораза айт адамдарды бауырмалдылық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады. Бұл күндері үй-үйде мерекелік дастарқан жайылып, туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң бір-бірін аралап, дәм татысып, мәре-сәре болады.

Ел мұсылмандарын ұлтаралық келісім мен дінаралық төзімділікті одан әрі де нығайтуға, сүйікті Отанымызды өркендету мен оның мәдени, рухани құндылықтарын сақтап, дамыта түсуге мұнан былай да күш-жігерін аямай жұмсай беруге шақырамыз. Біздегі бүгінгі өзара сыйластық пен жарасымдылық, ынтымақтастық пен діндерге деген құрмет – басты мақсатымыз болып қала бермек. Біз бұл жетістіктеріміз үшін Алла Тағалаға сансыз мадақ айтып, шүкірлік етуге тиіспіз.

Құрметті ағайын! Баршаңызды ең қасиетті де ұлық мереке – Ораза айт мейрамының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Мұсылман баласын қуанышқа бөлейтін бұл мейрам елімізге, жерімізге құт-береке мен ынтымағын, ырысы мен берекесін ала келсін деп тілейміз. Алла тағала баршамыздың ұстаған оразамызды бен жасаған құлшылық-ғибадаттарымызды және сауапты істерімізді қабыл етіп, келер жылғы Рамазан айына аман-есен жетуді нәсіп еткей. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, халқымызға иман байлығын бергей! Ауызбіршілігімізді арттырып, тыныштығымызды тұрақты қылғай! Әумин!!!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ-ның наиб мүфтиі 

Пікір жазу