Қасиетті Рамазан айында мешіт шәкірттері арасында “Рамазан құран түскен ай” атты облыстық құран жарысы өтті. Бұл шараға 30-ға жуық мешіттің шәкірттері қатысты.
Қазылық құрамда Ар-Рахман мешітінің бас имамы Самат Алибаев, аталмыш мешіттің наиб имамы Махмүт қари Сәбитұлы, Тәжіден Батырұлы атындағы Орал қалалық мешітінің ұстазы Ринад Нұрланұлы, Бәйтерек ауданы, Асан ауылдық мешітінің бас имамы Мұратбек Каспииұлы болды.
Алдымен облыстың бас имамы Самат Қанатқалиұлы сөз алып, ұлық аймен құттықтап, жарысқа қатысушарға сәттілік тіледі. Сайысқа қатысушы мешіт шәкірттері Құранның 29-30 парасын жатқа және мәнерлеп оқу бойынша сынға түсті.
Қатысушылар қасиетті Құранды нақышымен оқып, аса тыңғылықтары мен дайындықтарын көрсете білді. Шараны жоғары деңгейде өткізген, ұйымдастырған «Ар-Рахман» мешітінің наиб имамы Бағдат Шақаев: «Құран жарысы керемет өтуде, шәкірттер тыңқылықты дайындалған. Ұстаздардан үйреніп, жүргендері жүректі қуантады” дейді наиб имам.
Шәкірттер аса ынталы, тартысты жарыс болды. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Тоқтар Жәнібекұлы алса, екінші орын Райян Рамазанға, ал үшінші Рашид Есенжанға бұйырды.
Жарыстың жеңімпаздарына тағайындалған ақшалай сыйлықтарды «Ар-Рахман» мешітінің бас имамы Самат Қанатқалиұлы табыс етті. Шара соңында Махмұт қари Сәбитұлы құран оқып, елдің амандығы үшін, дұға жасады. Жарыстың жоғары деңгейде өткізген наиб имам Бағдат Шақаевқа шексіз алғыс айтамыз.
«Ар-Рахман» мешітінің баспасөз қызметі,
Орал қаласы