Сүре оқиға желісін бейнелеу, мақсатын ашу және көркемдік жағынан теңдесі жоқ. Әдебиетшілердің айтуынша, сүредегі оқиға желісінің баурап алу тәсілі ерекше, тартымды да қызықты. Символиканы қолдануы мен оқиғалардың логикалық өзара байланысы сияқты маңызды элементтер сүрені қисса жанрында теңдессіз етеді.
Сүре бала Жүсіптің әкесіне түсін айтуымен басталады. Аталмыш түстің сыры ашылып, жүзеге асуымен сүре тәмамдалады.
Бала Жүсіп түсінде он екі жұлдыз және күн мен айдың өзіне сәжде етіп тұрғанын көреді. Әкесі түсін ешкімге айтпауын тапсырады. Демек, түс адам өмірінде белгілі дәрежеде маңызға ие. Жақып осы баласын ерекше жақсы көрді. Баланың бойына даритын пайғамбарлық нұрды байқаған болуы керек. Пайғамбарлық көрегендікпен оны көрді. Бірақ, уақыт сәтін күтті. Алайда, әке ықыласының себебін басқа балалары түсінбеді. Сондықтан, ағалары Жүсіпті жек көрді. Тіпті, іштерінде кек оты жанды. Демек, әке ешбір баласын бөліп жармауы қажет. Мұндай мәміле бір анадан туған бауырлар арасында өшпенділік оятады. Жүсіпті ағаларының сусыз құдыққа тастап кетуі – соның айқын дәлелі.
Сүреде Жүсіптің жейдесі үш оқиғаның негізгі элементіне айналады. Бірінші оқиғада Жақыпқа балалары бауырымыз қасқырға жем болды десті. Айғақ ретінде Жүсіптің қанды жейдесін көрсетеді. Осылайша бейкүнә екендіктерін дәлелдеуге әрекет етті. Бұл айла олардың қиянатының белгісі еді. Екінші оқиғада жейде Жүсіптің ары таза, бейкүнә екендігін дәлелдейтін айғақ болды. Бұл – қожайын әйелінің қиянат оқиғасы. Соңғы оқиғада жейде сүйінші белгісі ретінде қолданылды. Жақып пайғамбар ұзақ жыл Жүсіптің жолын тосты. Күдер үзбеді. Ақыры, Жақып қайғыдан көз жанарынан айырылған еді. Хабар-ошарсыз кеткен перзентінің жейдесін иіскеп жанары қайта көре бастайды. Жалпы, жейде, анығырағы киім – иманның бір символы. Құран Кәрімде:
«…Негізінде тақуалық киімі жақсы…[1]»,-деген аят – соның айғағы.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көрген түсін сахабаларымен бөлісіп: Ұйықтап жатып түсімде адамдарды көрдім. Олардың үстінде жейде бар. Біреуінікі кеудесіне жетеді, біреуінікі одан төмен. Ал, Хаттабұлы Омар жейдесін сүйретіп жүр екен, – дейді. Сахабалар: Уа, Алла елшісі! Түсіңізді неге жорыдыңыз? – деп сұрағанда: Дінге, – деген екен [2].
Сүредегі қиссалар ерекше тартымды және қызықты. Оқиғалар көз алдыңызда жанданып жатады. Әсері ерекше. Сүреде әр оқиғаға талдау жасалады. Болған оқиғаның астарына үңілуге шақырады. Екшелеп қорытынды шығарады. Осылайша, ғибрат тұстарын көрсетеді. Өмірлік дәріс және өнеге береді. Бұл жөнінде:
«…Шын мәнінде тақуалық етіп, сабырлық танытса, күдіксіз Алла жақсылық істеушілердің еңбегін зая қылмайды[3]» – дейді (90-аят).
Сүре басты үш ойға назар аудартады:
Бірінші: Құдайсыз қурай да сынбайды. Әрбір істің Хақ Тағала бақылауында, Оның тізгінінде екеніне иман ету.
Екінші: Сабыр түбі – сары алтын. Бұл қам-қарекетсіз қол қусырып отыру емес. Қажетті барлық мүмкіндіктерді жасау. Бірақ, асығыстық етпеу. Мейлінше, шыдамды болу.
Үшінші: Үмітсіз – шайтан. Ешбір жағдайда үмітсіздік құрбаны болмау. Бір сәтке де Құдайдан күдер үзбеуге үндейді.
Сүредегі оқиғалар легі ғажайып түрде ауысып жатады. Жақсылық жамандыққа айналып шыға келеді. Соңыра, жамандық жақсылыққа ауысады. Осылайша, қайғы қуанышты, жақсылық қиындықты алмастырады. Жүсіпті әке-шешесі мен бауырларының ортасында бақытты балалық шақ күтіп тұрған. Алайда, әкесінің ерекше махаббаты ағайындар арасына сызат түсірді. Әп-сәтте тағдыры астаң-кестең болды. Бір мезетте барлығынан айырылды. Дәрменсіз және қауқарсыз күйге тап болды. Ең сұмдық жағдай да осы болар.
Оқырман баланы ауыр да азапты өлім күтіп тұр деген ойға келеді. Бірақ, Құдайдың құдіретімен жолшыбай керуен құдықтағы баланы тауып алды. Бала Мысыр құл базарында арзымаған ақшаға сатылды. Осылайша бала Жүсіп бір елінің ең ықпалды тұлғасының сарайынан бір-ақ шықты. Тәрбиесі мен парасатын байқаған қожайын оны сарай қызметшілерінің басшысы етіп тағайындады. Бір ғажабы, ең сұмдық жағдай тағдырдың тартуына айналды.
Жылдар өтіп, кешегі бала тұла бойы келіскен сымбатты жігіт боп ер жетті. Бұдан артық не керек дейсің?! Бірақ, жігіттің сымбаты ауыр сынаққа сеп болды. Жігітті қожайын әйелі арсыздыққа итермеледі. Тіпті, жала жапты. «Аққа Құдай жақ» дегендей, жігіттің бейкүнә екенін әйелдің туысы дәлелдеп берді. Дегеніне көнбеген Жүсіпті зынданға жаптырды. Мал – жанның, жан – ардың садағасы. Жүсіп арамдықпен сарайда өмір сүргенше, зынданды құп көрді.
Осылайша, аяқ астынан қылмыскер атанды. Мұнан артық сұмдық болмас дейсің. Түрмеге түсуі сарайдан да биік мансапқа көтеретін баспалдақ екенін кім білген. Бірақ, оны әзірге ұзақ он жылдық қамау күтіп тұрды. Мысыр еліне экономикалық дағдарыс келе жатқан. Патшаның түсін жорып, маңызды шешім айтады. Жүсіптің парасаты мен білімін мойындап уәзір етіп тағайындады. Осылайша, қылмыскерден уәзір мансабына көтерілді.
Жүсіптің (ғ.с.) өмірі – әрқайсымызға ғибрат. Бұл қиссада:
«Ей, адам баласы, ойлан! Айналаңдағы құбылыс тылсым дүние. Ненің жақсы, ненің жаман екенін танып білу қиын. Жамандық саған жақсылық терісін жамылып келуі мүмкін. Сондықтан, қажетінен тыс мазалануды доғар. Құдайға тәуекел ет. Өз тағдырыңды Оған тапсыр. Саған ең жақсысын Ол береді. Барлық іс сен ойлағандай болмай, кері кетсе. Оның мән-мағынасын түсіне алмай жатсаң. Ешбір үмітсіздікке түспе. Наразылық танытпа. Өзіңе тиесілі тұсын тиісінде дұрыс орында да істің тізгінін Аллаға тапсыр. Ол барлық нәрсенің Иесі. Ол моншақтай шашылған тағдырыңды бір арнаға тоғыстырады» – делінеді.
Бұл сүреде Жүсіптің (ғ.с.) пайғамбарлығы жайлы бір ауыз сөз қозғалмайды. Оның қарапайым адам бейнесіндегі тағдыры сөз етіледі. Мұның бірден бір сыры – ғибрат алу. Пайғамбардың пенде ретінде тағдырдың ыстық-суығына қалай төзетінін көрсету. Тағдыр әр адамның алдына тең шарттар қояды. Барлығы бір деңгейде сыналады. Күші мен қабілеті екі бөлек адамды теңсіз жарысқа жіберу қаншалықты әділетсіз болса, пендеге де пайғамбар дәрежесіндегі сынақ жіберу әділдік емес.
Сондықтан, Жүсіпті қиыншылықтан ешбір мұғжиза құтқармады. Бала күнінен барлық қиындықты пенде боп еңсерді. Мұндай тағдыр – бізге өнеге. Әрі үлкен күш пен жігер береді. Айдың күнгей және көлегей тұсы бар. Жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Бұл – өмір заңдылығы. Қиыншылықсыз жеңілдіктің қадірі білінбейді. Жеңілістің ащы дәмін сезбейінше, жеңістің құны – көк тиын.
Жүсіптің (ғ.с.) қуаты – иманда. Соңыра тәуекел және тақуалығында. Оның ғұмыры – қиындыққа тап болған әрбір жігітке дәріс. Әркімнің қабілетін ашып, жетістікке жігерлендіреді. Сүре мұсылманға:
«Пенде, мұның не?! Неге үмітсіздікке түсесің? Жүсіптің тағдырына қара! Ол қаншама қиыншылықты басынан өткерді. Бір сәтке де Раббысынан күдер үзбеді. Оның қиссасы – бұл дүние мен ақыретте мақсатына жеткен адамның қиссасы» – деп тұрғандай.
Екі пайғамбардың тағдырында ортақ тұстары кездеседі. Жүсіп туған елі Палестинадан еріксіз айдалды. Ардақты пайғамбарымыз да кіндік қаны тамған туған жерінен кетуге мәжбүр болды. Тағдыр Жүсіпті (ғ.с.) әке-шешесі мен ағаларынан айырды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да қолдаушысы һәм қамқоршы көкесі Әбу Талиб пен жұбайы Хадиша анамызды жоғалтты. Демек, бұл сүре пайғамбарымызға (с.ғ.с.) демеу беру үшін түскен. Жігері түскен сахабалар да иләһи қолдауды қажетсінген шақ еді. Сондықтан ғұламалар Жүсіп сүресін зерттей келе: «қайғы жұтқан кісі бұл сүрені оқыса, қуанышқа кенеледі» – деп тұжырымдаған.
Руслан ҚАМБАР
[1] Ағраф сүресі, 26-аят
[2] Бұхари, Муслим
[3] Юсуф сүресі, 90-аят