Алла Елшісіне (с.ғ.с.) ең жақын болған сахабалардың бірі – екінші халифа Омар ибн Хаттаб.
Өмірінің соңында халифа Омар (р.а.) пышақталып, төсек тартып жатып қалған еді. Ұлы Абдулланы жанына шақырып: «Мүминдердің анасы Айшаға (р.а.) бар. Менің сәлемімді жеткіз. Сәлемімді жеткізгенде мүминдердің әміршісі деп айтпа. Бүгіннен бастап мен мүминдердің әміршісі емеспін. Оған Омар ибн Хаттаб екі досының жанына жерлену үшін сенен рұқсат сұрап жатыр», – деп айтқайсың», – деді.
Абдулла мұнан кейінгі болған уақиғаны былай деп жеткізеді:
«Хазірет Айшаның үйіне барып есігін қақтым. Үйге кіруге рұқсат сұрадым. Рұқсат бергеннен кейін, сәлем беріп бөлмесіне кірдім. Айша (р.а.) жылап отыр екен. Оған қарап: «Әкем Омар сізге сәлем айтып жатыр. Екі досының қасына жерлену үшін сізден рұқсат сұрауда», – дедім. Ардақты Айша анамыз (р.а.): «Алла Елшісінің жанында қалған бір кісілік орынды өзім үшін дайындаған едім. Бірақ бүгін Омарды өзімнен артық көремін», – деді. (Алла Елшісі (с.ғ.с.) және Хазірет Әбубәкір (р.а.) Айша анамыздың бөлмесіне жерленген болатын. Айша (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) және әкесінің қасына жерленуді қалап жүрген болатын. Бірақ үлкен құрмет, ізет көрсетіп, өз орнын Хазірет Омарға (р.а.) берді). Абдулла үйіне кері қайтты. Үйге кіріп келгенде Хазірет Омарға жанындағылар:
– Абдулла келді, – деді. Омар (р.а.) не болды екен деп алаңдап:
– Мені тұрғызыңдар, – деді. Бір кісіге сүйеніп орнынан тұрып:
– Абдулла ұлым, қандай хабар әкелдің? – деп сұрады. Ұлы:
– Тілегің орындалды. Хазірет Айша (р.а.) рұқсат берді, – деп жауап берді. Омар (р.а.):
– Құдайға шүкір! Бұдан артық еш нәрсе көзіме ілінбей жүр еді. Кеудемнен жаным шыққанда, мені сол жерге апарыңдар. Хазірет Айшаға қайтадан сәлем беріп: «Омар рұқсат сұрап тұр деп, тағы да айтыңдар. Егер рұқсат берсе, бөлмеге алып кіріңдер. Ал егер рұқсат бермесе мені мұсылмандардың мазарына апарып жерлеңдер, – деді.
Олар Омар (р.а.) қайтыс болғанда, оны көтеріп Хазірет Айшаның бөлмесіне апарды. Абдулла (р.а.) Айша анамызға сәлем беріп: «Омар рұқсат сұрап тұр», – деді. Қадірлі анамыз да: «Ішке алып кіріңдер», – деді. Омардың денесі дереу ішке кіргізіліп, Хазірет Айшаның (р.а.) бөлмесінде, екі қимас досының қасына жерленді».
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz