Біздің елімізде, өкінішке қарай, «өлкетанушы» деген арнайы мамандық жоқ. Алайда, арамызда туған жерінің тарихын зерттеуге бар жан-тәнімен құлшына кіріскен, осы іспен кәсіби түрде шұғылданып келе жатқан адамдар бар. Солардың бірі – бұрынғы журналист, қазіргі күні қала тарихын зерттеуші Дмитрий Глухих.

Ақмолада дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар ешқашан болған емес

– Дмитрий Сергейұлы, өлкеміздің өткеніне қызығушылығыңыз қай кезден басталды, қашаннан бері тарихты зерттеуге мойын бұрдыңыз?

– Қаламыздың тарихына деген қызығушылығым өткен ғасырдың 80-жылдары, мектеп қабырғасында жүрген кезімде басталды. Бір күні облыстық «Целиноградская правда» газетінде (қазіргі «Акмолинская правда») белгілі журналист әрі жазушы Андрей Дубицкийдің қала тарихы туралы жазған мақалалар топтамасын көзім шалды. Мен оларды қиып алдым да, бір бумаға салып, жинап қойдым. Кейін үйден қала көрінісі бейнеленген ескі фотосуреттерді тауып алдым.

Менің арғы аталарым алғашқы Акмолинск, қазіргі елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының негізін қалаушылардың бірі болған. Яғни қала тарихы мен менің әулетімнің тарихы бір-бірімен сабақтасып жатыр. Кейін мен өлкетанушылық ісіне сүбелі үлестерін қосқан Андрей Дубицкий, Нұрмұхамат Имамов, Николай Антонович секілді адамдармен жақын таныстым. Олардың өз ауыздарынан талай тарихи жайттарды естідім, құжаттарды көрдім, өзім де ізденіп, көне деректерді жинай бастадым.

Соңғы жылдары елорда тұрғындары мен қонақтарының қаланың өткеніне, әсіресе астана болғанға дейінгі тарихына қызығушылықтары арта бастағаны байқалады. Былтыр Акмолинск бекінісінің іргесі қаланғанына 190 жыл толғанын ескерсек, бұл ауыз толтырып айтарлық тарихы бар шахар екені белгілі. Сондықтан мен әлеуметтік желіде, атап айтқанда, инстаграмдағы өзімнің @dimasg1974 парақшамда туған өлкеміздің тарихы туралы бар жиған-тергеніммен бөлісіп отыруды жөн деп таптым.

Тарихты қаузау барысында барысында Сіз діни салаға да назар аударған шығарсыз. Төңкеріске дейінгі Акмолинскіде дін саласы қалай дамыды? Негізінен қандай дін өкілдері мекен етті? Дінаралық келісім, толеранттылық болды ма?

– Әрине, бұл өлкедегі діннің тарихын да біраз зерттедім. Жалпы бұл тақырып кеңес заманында аз жазылғанын білесіздер. Соған қарамастан біздің қолымызда төңкеріске дейінгі Ақмолада дін ахуалы қандай болғандығы жайында көптеген деректер бар.

Ол заманда бұл өлкені мекен еткен барлық халықтың дінге, діни рәсімдерге деген құрметі мен құлшынысы айрықша еді. Дінсіздер мүлдем болған жоқ.

1824 жылы Александр І патшаның жарлығымен Қарқаралы және Көкшетау округтері құрылды. Сол кезде Ақмола округі де құрылуы тиіс болатын, алайда қаражаттың жетіспеушілігінен және императордың кенеттен қайтыс болуы салдарынан біздің округтің ашылуы кейінге шегеріледі.

Бірақ, сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы бастаған Алтай, Қарпық және Қуандық болыстарының тұрғындары осы өлкедегі өзара руаралық қақтығыстарды, барымтаны және сауда керуендеріне жиі жасалатын шабуылдарды тоқтату үшін Ақмола округін тездетіп құруды талап ете бастайды.

Дербес Сібір корпусының штаб бастығы, генерал-майор С.Б. Броневскийдің 1829 жылдың 25 қыркүйегінде хатқа түсірген «В Карпыковской волости, управляемой султаном Конур-Кулжею Худаймендиным, желают открыть округ при урочище Ак-Мола» деген жазбасы сақталған. Көп өтпей тұрғындар талабы орындалды.

Петропавл бекінісінің коменданты, подполковник Федор Кузьмич Шубин бастаған 200 казактан құралған жасақ 1830 жылдың 28 мамырында екі айлық азық-түлік тиелген керуенмен қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы орналасқан мекенді бетке алып сапарға шығады. Діттеген жерге келіп жеткен олар болашақ қаланың орны ретінде Ақмола шатқалын емес, Есіл өзенінің бұрылысынан орын тепкен Қараөткелді белгілейді (бұл қазіргі елордамыздың оң және сол жағалауларын, нақтырақ айтқанда, Бараева көшесі мен Қабанбай батыр даңғылын жалғап жатқан көпір тұрған жер).

Өзеннің осы өткелі арқылы сауда керуендері ерсілі-қарсылы қатынайтын. Бұл жерге алыс-жақындағы қазақ болыстарынан алдын ала шақырылған делегаттар келіп жетіп, 1830 жылдың 30 маусымында жазбаша түрде келісімдерін беріп, Федор Шубиннің таңдауын бекітеді. Сондықтан осы күнді қаламыздың ресми түрде негізі қаланған уақыт деп айтуға толық негіз бар.

Аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы

Ақмола округінің ашылуы 1832 жылдың 22 тамыз күні қалың көпшіліктің қатысуымен салтанатты жағдайда өтті. Округтің аға сұлтаны ретінде Тәуке ханның шөпшегі, Семеке ханның шөбересі Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы сайланды. Аға сұлтан, болыс сұлтандары, старшиналар, алқабилер, билер бекітілген ережеге сәйкес Құранға қолдарын қойып ант қабылдады.

Кеңсе орналасқан киіз үйдің төбесіне бір жағында Ресейдің елтаңбасы, екінші жағында қолына қылыш пен қорамсақ ұстап, аттың үстінде отырған қазақ жауынгері бейнеленген және «Ақмола округі» деп жазылған ту ілінді. Бұны осы қаланың православ және ислам діндері дәстүрімен дұға оқылып, бата жасалып өткізілген алғашқы таныстырылым іс-шарасы деуге болады.

Ол уақытта қалада ресми түрде тағайындалған діни лауазымды тұлғалар болған жоқ. Дегенмен, шахардың негізін қалаушылар құрамында Петропавл болысының Мамлютов ауылында туған (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлютка қаласы) ұлты татар Сағит молда Усманов та бар еді. Ол аталған іс-шарада Құраннан аят оқып, батасын берген тұңғыш дін қызметкері болды. Сол себепті кейін Анна таспасы байланған алтын медальмен марапатталды.

1835 жылы Сағит Усманов Акмолинскінің тұңғыш молдасы ретінде ресми түрде тағайындалды. Оның қаржылай қамтамасыз етілуін сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы толықтай өз мойнына алды. 1839 жылы Сағит молда өз жеріне кеткеннен кейін орнына Бурабай Сейітов есімді басқа татар молдасы келді.

Алғашында қалада православ дін қызметкері болған жоқ, бірақ абыздық қызметті егде жастағы казак атқарды. Кейін ресми православтық махалла пайда болды.

Христиан және ислам діндерінен бөлек, 1860-жылдары біздің қаламызда аз санды яһуди жамағаты да болғандығын айта кету керек.

1878 жылдың 5 шілдесінде Александр ІІ императордың бұйрығымен Акмолинск облысының гербі бекітілді. Жасыл түсті қалқанда ұштары сүйір келген екі мұнара және олардың ортасында төбесінде алтын түстес жарты айы бар күмбез бейнеленген еді. Қалқанның өзі ежелгі патша тәжімен безендіріліп, бір-бірімен Александр таспасы арқылы байланысқан алтын емен жапырақтарымен қоршалды. Осылайша гербте еуропалық дәстүр, орыс және мұсылман рәміздерінің бірлігі көрініс тапты.

Жалпы алғанда, қаламызда діни мекемелердің еш қиындықсыз ашылуы, ақмолалық дін қызметкерлерінің қоғамдық өмірге белсенді араласуы, шахар билігінің құлшылық үйлерін салуға қаражат бөлуі және оларға жер бөліп беруі секілді деректерді назарға алар болсақ, мұнда 19 ғасырда әлемдік үш конфессия өкілдерінің тату-тәтті тұрмыс кешкенін, қаланың діни өмірі үйлесімді дамығанын сенімді түрде айта аламыз.

Осы жерді мекен еткен халықтар мен дін өкілдері арасында қақтығыстар, ашық қарсылықтар немесе қандай да бір түсініспеушіліктер болған емес, ондай деректер ресми құжаттарда да (әрбір кішігірім оқиғаның өзі хатқа түсіріліп отырған, егер бір қақтығыстар болғанда ол мұрағаттарда сақталуы тиіс еді), көнекөз қариялар мен өлкетанушылардың естеліктерінде де кездеспейді.

Сондықтан біздің көпұлтты және көпконфессиялы астанамызда түрлі конфессиялар арасындағы толеранттылық, төзімділік және өзара сыйластық 19 ғасырда қаламыздың іргесі қаланған сәттен бастап үстемдік құрды деп нақты айтуға болады.

Ақмолада 2 мешіт, 2 шіркеу және 1 синагога жұмыс істеді

– 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында сол кездегі Акмолинскіде қанша құлшылық үйі болды? Оларды кім салды және қайдан қаржыландырылды?

– Кішкентай ғана Акмолинскінің өзінде (1900 жылы қалада 8758 адам тұрған) екі мешіт, екі православ шіркеуі және бір синагога жұмыс істеп тұрды. Қала халқының басым бөлігін православтар құрады, ал мұсылмандардың негізі татарлар мен қазақтар еді.

Олардың ішінен ең алғаш салынғаны – жәми (соборлық) мешіт еді. 1838-1842 жылдары Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының қаражатына ағаштан тұрғызылған ғибадатхана қазіргі Иманов және Әуезов көшелерінің қиылысында орналасты.

Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы салдырған ағаш мешіт. 1911 жылы түсірілген сурет.

Сол кезде пайда болған қазіргі Иманов көшесі бастапқыда «Мешіт көшесі» (Мечетная) деп аталғанын айта кету керек. Қалаға келген сауда керуендері міндетті түрде осы жерге келіп тоқтайтын. Мереке күндері алыс-жақын ауылдардың тұрғындары жиналып, мешіттің айналасында мейрамды атап өтетін. Деректерге сүйенсек, құлшылық үйінің іргетасын қалау кезінде Бұхарадан келген құрылысшылар кейбір кірпіштерге қасиетті аяттарды жазып отырған.

Мына деректі де айта кеткен орынды: осы қаланың орнында 1723 жылы Семеке хан салдырған мешіт болған екен. Алайда, Акмолинск бекінісінің іргесі қаланған уақытта ол мешіт жоқ еді. Өйткені, тұрақты жамағаты мен оған қарайтын адам болмағандықтан, сондай-ақ, менің ойымша, құрылыс материалдарының осалдығынан, Семеке хан мешітінің ғұмыры көпке созылмаған.

Ал Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының жәми мешітін кірпіштен қаланған берік іргетастың үстіне ағаштан тұрғызды. Біртіндеп мешіттің айналасына саудагерлер, ұсталар шоғырланып, бұл жер қаланың тіршілігі қызған орталығына айналып шыға келді.

Мешіттің алғашқы молдасы Бурабай Сейітовке тұңғыш ағаш үйлердің бірін салып берді. Оған Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы мен ағайынды Ноғаевтар көрші тұрды. Осы адамдардың үйлері (олар қазіргі Желтоқсан көшесінің бас жағында орналасқан еді) мен бекініс сыртындағы Слабодкада салынған отставкаға шыққан казактардың үйлері қаладағы ең алғашқы азаматтық (яғни әскери мақсаттағы емес) баспаналар болған еді.

Айтпақшы, кейін жәми мешіттің жанынан мұсылман балаларына арналған алғашқы мектеп ашылды. Ол жерде Қарабек молда Банбеков сабақ берді. Балалар бұл мектепте оқу мен жазуды және Құран оқуды үйренді.

Өкініштісі, бұл тұңғыш мешіт 1920 жылы орын алған алапат өрт кезінде түгелдей жанып кетеді. Одан кейін жамағаттың садақасы және негізінен ағайынды Қосшығұловтардың қайырымдылық көмегі есебінен оның орнына күйдірілген қызыл кірпіштен жаңа құлшылық үйі салынды. Ол өте әдемі мешіт болып шықты және қаланың көрікті жерлерінің біріне айналды.

Бекініс аумағында пайда болған екінші құлшылық үйі – 1854 жылы қазіргі Кенесары көшесі мен Жеңіс даңғылының қиылысындағы ескі стадионның оңтүстік жағынан тұрғызылған Константин мен Еленаның ағаш шіркеуі. Ғибадатхана Сібір казак әскерінің қазынасы есебінен салынды. Ғимараты жұп-жұмыр, әдемі келген бұл құлшылық үйі – казактардың шіркеуі болды.

Константин-Елена шіркеуі. 1980-жылдары түсірілген сурет.

Казак станицасының қаланың шығыс бөлігіне (қазіргі Республика даңғылының тақ нөмірлі жағы) көшірілуіне байланысты Константин-Елена шіркеуін де сол жаққа апару туралы шешім қабылданып, 1900 жылы ол толық бұзылады да, станица алаңының ортасынан қайта тұрғызылды. Қазіргі күнге дейін сол жерде тұр.

1866 жылы әскер қатарындағы еврей диаспорасы синагога салу туралы өтініш жасап, қазіргі Абай даңғылы бойындағы бір жарым қабатты үйді өз ақшаларына құлшылық үйіне айналдыру үшін сатып алады.

Акмолинскідегі синагога.

Храмның раввині болды ма немесе басқа адам оның міндетін атқарды ма – ол жағы маған белгісіз. Білетінім – 1895 жылы 200 ақмолалық еврей губернаторға өздерінің діни қауымдастығын құру туралы хат жіберіп, ол өтініштері қанағаттандырылады. Акмолинск қаласында олардың өз зираттары да пайда болды.

Қаланың үлкеюіне және әсіресе православ дініндегі халық санының артуына байланысты 1891 жылы Александр-Невский соборын салу туралы шешім шығарылды. Ол шіркеу Елбасының Ақмоладағы тұңғыш резиденциясы болған қазіргі Тұңғыш Президент музейінің орнында орналасты.

Александр-Невский соборы Акмолинскінің ең көз тартарлық сәулет ескерткіші болатын. Әппақ қабырғалары, биік қоңырауханасы, ашық жасыл күмбездері, олардың алтын түсті ұштары мен кресттері, темірден жасалған қоршауы мен тастан өрілген үш кіре-беріс есігі – бәрі де жоғары талғаммен өрілген еді.

Александр-Невский шіркеуі. 1911 жылы түсірілген сурет.

Тобольскіден келген инженер Павел Голышевтің басшылығымен салынған ғибадатхананың ішкі қабырғалары мен төбелерін В.М. Васнецовтың шәкірті – М.И. Тимофеев безендірді. Оның құрылысына қалалық басқарма азғантай қаражат бөлсе, негізгі шығыны дінге сенушілердің садақалары және В.Н. Попов, П.С. Марфутин, М.К. Кубрин, И.С. Силин секілді бірқатар жергілікті көпестердің қайырымдылық көмегі есебінен өтелді.

Шіркеуді 1893 жылы салып бітіріп, тұңғыш дінбасы ретінде Тобыл рухани семинариясын тәмамдаған және Акмолинск қаласы мен Ақмола уезінің тұңғыш жылнамашысы болған Виктор Плотников тағайындалды.

Біздің қаламызда сауда-саттық жасауға берілген жеңілдіктердің арқасында оның сауда байланысындағы ролі артып, көпестер табы жедел қарқында көбейді. Олардың қатарын негізінен ішкі Ресейден қоныс аударған орыстар және Қазан губерниясынан келген татарлар құрады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Мерей АМАНБАЕВА: Қазақ екенімді білсін деп өзбек басшысымен ана тілімде сөйлестім

Мұндағы татар диаспорасы үлкен, ауқатты және білімді еді. Қала ішінен татар слабодасы пайда болды. Және сол жерден, нақтырақ айтқанда қазіргі Абай және Республика даңғылдарының қиылысынан 1895 жылы «жасыл татар» мешіті бой көтерді.

Қазіргі Республика және Абай даңғылдарының қиылысында орналасқан Жасыл (татар) мешіті. 1911 жылы түсірілген сурет.

«Татар мешіті» деп аталған себебі – ол татар көпесі Нүркей Забировтың қаражатына тұрғызылған еді, ал «жасыл» деп аталуы – шатырының жасыл түсті болуынан.

Айта кету керек, патшалық замандағы Акмолинск қаласының фотосуреттерін түсірген жергілікті фотограф Константин Шахов бірқатар открытка басып шығарған болатын. Соларда Александр-Невский соборы, ескі жәми мешіт және Жасыл мешіттің суреттері де басылды. Бұл открыткалар бірнеше рет қайта шығарылып, басқа елдерге де тарады.

Кеңес билігі тұсындағы дін тағдыры – тарихымыздың ең қаралы беттерінің бірі

– ХХ ғасырдың басы еліміздегі қай дінге болсын қырын келгені белгілі. Аталған құлшылық үйлерінің кейінгі тағдыры қалай болды? Қазіргі күні сақталғандары бар ма?

– Мешіттер мен шіркеулердің кеңес заманындағы тағдырын қала тарихының ең қаралы беттері деуге болады. Өйткені, 1920 жылдан кейін дінге қатысты саясат күрт өзгеріп, дін өкілдерін қудалау басталды. Құлшылық үйлерімен қатар, олардың жанындағы мектептер мен медреселер жабылып, қаламызда Құдайсыздар одағының филиалы пайда болды.

1830 жылдан 1915 жылға дейін пайдаланылған ескі православ зираты сүріліп, ол жерге үйлер салына бастады.

1930 жыл барлық конфессия өкілдері үшін де ең қиын жыл болды. Синагога ғимараты тұрғын үйге айналып, өткен ғасырдың 70-жылдары сүрілді. Кеңес билігі орнасымен өлкетану музейіне айналған Қоңырқұлжаның мешіті 1930 жылы «Қазпиво» зауытына беріліп, арақ-шарап шығаруға кірісті. Оның ғимаратын да 70-жылдардың ортасында сүріп тастады.

Ал Жасыл мешіттің мұнарасы құлатылып, ғимараттың өзі Ақмола пионерлер үйіне айналдырылды. 1961 жылы мешіт ауласының ішінен облыс пен қала басшылары үшін тұрғын үй салынды. 1962 жылдың соңында мешіт түпкілікті бұзылып, қазіргі Республика даңғылы жағындағы қоршауы алынып тасталды. Тек қазіргі Абай даңғылы мен оған қарама-қарсы жағындағы тастан соғылған қоршауы, бағандары, темірден жасалған торлары әлі күнге дейін тұр.

Александр-Невский соборы мәдениет үйі, театр және кинотеатр ретінде пайдаланылды. Иконоастасы ұрланып, қолды болып кетті. Кресттері лақтырылды. Кейін 109 қоңырауы да жойылды. Бұл шіркеу бүкіл Сібір аймағындағы ең ірі қоңыраулы мұнара болатын.

1939 жылы шіркеудің өзін сүріп тастағысы келгенімен, ол өте берік соғылған болып шығады. Содан 1940 жылы жарылғыш затпен қиратылады. Оның орнына саябақ салынып, барлық дін қызметкерлері қуғын-сүргінге ұшырады.

Бұрынғы Ақмоладағы ғибадатханалардың ішінен тек Константин-Елена шіркеуінің ғимараты ғана аман қалған еді. Бірақ, ол да құлшылық үйі ретінде жұмысын тоқтатып, 1930 жылы өлкетану музейінің экспонаттары мен мұрағаты осында көшіріледі. 1942 жылы тіпті ол уақытша әскери бөлімге де берілген.

Дегенмен, 1943 жылы жергілікті діндарлар облыстық партия комитетіне жауды жеңу, майдандағы елді қорғап жатқан жауынгерлер және Отан қорғау жолында қаза тапқан боздақтар үшін дұға жасау мақсатында құлшылық үйлерін қайтадан ашу туралы өтініш жасап, рұқсат алады.

Осылайша 1943 жылы Константин-Елана шіркеуі жұмысын қайта бастады. 50 жыл бұрын сыртқы беті жөндеуден өткені болмаса, қазіргі күні де сол бұрынғы қалпында сақталған.

Мұсылмандарға бұрынғы Омбы және Қарағанды көшелерінің қиылысындағы тұрғын үйді мешітке айналдыруға рұқсат беріледі (ол қазіргі Ғылмани мешітінің жанындағы ескі ғимарат). Бұл ғибадатхана тәуелсіздік алғаннан кейін Сәдуақас Ғылмани атындағы мешіт ашылғанға дейін ұзақ уақыт жұмыс істеп тұрды.

Дегенмен, бұдан кейін осы мешіт пен шіркеуді жаппаса да, кеңес заманында оларға барған адамдар туралы теріс көзқарас қалыптасатын болғанын айта кету керек.

– Кеңес билігі тек құлшылық үйлері емес, ескі қорымдарға да қырғидай тиген деп естиміз?

«Жастар» шағын ауданындағы «Қараөткел» қорымы. Қазіргі кез.

– Иә, 70-жылдардың ортасында 1915 жылдан 1962 жылға дейін пайдаланылған, қазіргі Сарыарқа және Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысында орналасқан екінші православ зиратын және «Жастар» шағын ауданындағы мұсылмандар қорымын сүріп тастау туралы шешім шығады.

Алдымен православ зираты жермен-жексен етілді. Қазіргі күні ол жерде тұрғын үйлер орын тепкен. Бұл жергілікті тұрғындардың қатты наразылығын тудырғаннан кейін «Жастар» шағын ауданындағы «Қараөткел» қорымын сүру туралы шешім жүзеге асқан жоқ. Ал ескі еврей зираты оған дейін-ақ тып-типыл етіліп, оның орнына газ аппаратурасы зауыты салынды.

Қазақ және татар оқығандары жас ұрпақтың білім алуына қатты көңіл бөлді

– Менің естуімше, қаламызда құлшылық үйлерінен бөлек, мұсылман жастарына арналған мектеп жұмыс істеген екен. Ол қай кезде ашылып еді?

– 19 ғасырда мешіттер жанындағы бастауыш мектептерден бөлек, қазақ және татар жастарының білім алулары үшін сол кездегі училищелер типіндегі мұсылман мектебі ашылған болатын. Оның ғимараты 1907 жылы көпес Баймұхамет Қосшығұловтың қаражатына тастан тұрғызылды.

Баймұхамет Қосшығұлов салдырған мұсылман жастары мектебінің ғимараты. Қазіргі кез.

Бұл ғимарат әлі күнге Абай даңғылы мен Мәмбетов көшесінің қиылысында тұр, бірақ 1997-98 жылдардағы жөндеу кезінде бет-келбетін қатты бұзып жіберген. Бұл мектепте зайырлы пәндер де оқытылды. Негізінен Қазан шахарында және қазіргі Татарстан мен Башқұртстанның басқа да қалаларында білім алған мұғалімдер сабақ берді.

Мысалы, осы мектепке Орынбор мұғалімдер семинариясын тәмамдаған Уфа губерниясының белгілі ұстазы Ғалымжан Шәкіржанұлы Құрмашев арнайы шақырылды. Оның жұбайы, белгілі молда Қарабек Байбековтың қызы Әсима да осы мектепте ұстаздық етті.

Айта кету керек, кейінгі жылдары Ғ. Құрмашевтің бастамасымен Тайтөбе, Майбалық, Ерейментау ауылдары және Атбасар қаласында ауылдық қазақ мектептері де ашылған болатын. Қазақ және татар балаларын оқыту үшін Уфадан Акмолинскіге жас ұстаз Уәли Ниғматуллаұлы Хангелдин (1891–1971) келді. Бұл кісі кейін татар тілі пәнінен мектеп оқулығын дайындаған атақты тіл маманы болғаны белгілі.

– Мешіттердің жанындағы мектептерде ұлдар да, қыздар да білім алды ма?

– Алғашқыда тек ұлдар оқытылатын. 19 ғасырдың соңында ғана білім беру жүйесіне өзгерістер енгізіліп, орыс тілінде білім беретін қыздарға арналған бастауыш мектеп, училище және Мариин қыздар училищесі ашылды. Білім беру саласындағы бұл жаңашылдықтар мұсылман қоғамына да өз әсерін тигізді.

1910 жылы Құсайын Бегішев, Хумаин Орманов, Құсайын Жүсіпов, Шәкір Латипов, Сүлеймен Абусяров, Кәрім Мақсұтов, Омар Манзаров, Шахимардан Ғайнутдинов, Ағзам Ахтямов секілді белгілі тұлғалар Ақмола уездік бастығына «өз жамағатының мектеп жасындағы қыздарына діни-адамгершілік тұрғысында бастауыш білім алу мүмкіндігін беру» үшін қазақ және татар қыздарына арналған мектеп ашу ұсынысымен шығады. Білім ордасын салу мен қаржыландыру шығынын олар толықтай өз мойындарына алды.

Құсайын Бегішев

Мұндай қыздар мектебінің болуы қажеттігі белгілі көпес Құсайын Бегішевтің «қыздар да өз тілдерінде оқып-жаза алуы, Құранды білуі және мұсылмандық тәрбиенің негіздерін меңгеруі тиіс» деген бастамасынан туындаған еді. Одан бөлек, мұсылман ата-аналар өз қыздарын орыстілді мектептерге бергісі келмеді, өйткені ол кезде қыздарды үйден жалғыз шығаруға болмайды деген мұсылмандық талапты қатты ұстанатын.

Сондай-ақ, көптеген қазақ және татар отбасыларының орыс мектептерінің оқу ақысын төлеуге мүмкіндіктері болмады. Және де орыс тілін білмеуі де олардың алдында кедергі болып тұрған еді.

Ал жастар болса мектеп пен училищеде білім алып, одан әрі университеттерде білімдерін жалғастырғысы келді. Бұл мәселе Ақмола қалалық думасының 1910 жылғы 5 сәуірдегі талқысына салынып, қолдау тауып, Жасыл мешіттің әкімшілігіне Церковная және Училищная (қазіргі Абай даңғылы мен Отырар көшесі) көшелерінің арасынан екі жер телімі берілді.

Бұрынғы Училищная, қазіргі Отырар көшесі бойында орналасқан Мұсылман қыздар училищесі. Бұл ғимарат әлі күнге дейін бар.

Осы екі үйдің құрылысына негізінен Құсайын Бегішев, Нұрмұхамет Забиров және Баймұхамет Қосшығұлов қаражат бөлген. Осылайша 1913 жылы екі училище есігін айқара ашып, ұлдарға арналған білім ордасында 120, ал қыздар училищесінде 130 шәкірт білім алды.

Бөренеден тұрғызылған екі ғимарат әлі күнге дейін бар, оюлы ағаш декоры қала қонақтары мен тұрғындарының көз жауын алады.

Қыздар училищесіндегі оқу үш жылға арналған еді, ол жерде әдебиет, дін ілімі, мұсылман әдебі, тарих, ән айту, сауатты жазу секілді пәндер оқытылатын. Бұны жергілікті білім беру ісіндегі жаңашыл жетістік десе болады. Ал ұлдар училищесінде пәндер қатары көптеу болды.

1913 жылдың қараша айынан екі училищеде ресми түрде орыс тілі пәні жүре бастады. Ол кезде орыс тілін білу мұсылман қоғамын заманға сай жетілдірудің қажетті талабы саналғаны белгілі. Оның үстіне, училищелерде орыс тілінен әйгілі ақын әрі ағартушы Сәкен Сейфуллин сабақ берді.

Бұл оқу ордаларын тәмамдап, куәлік алған балалар 4-сыныпты қалалық училищеге немесе жоғарғы бастауыш училищенің 1-сыныбына түсуге мүмкіндік алатын. Одан кейін жоғарғы оқу орындарына есік ашылатын еді.

Діни және зайырлы пәндер қатар оқытылған екі училище 1920 жылға дейін қызмет етіп, кейін білім беру жүйесі өзгертіліп, барлық мектепте тек зайырлы білім берілетін болды және пәндер саны артты. Оқу барлық бала үшін міндетті және тегін етілді.

1920 жылдың наурыз айында №1 жалпы білім беретін орыс мектебі құрылып, оған Сергей Кировтың аты берілсе, №2 жалпы білім беретін қазақ мектебі ашылып, ол Сталин есімін иеленді. Бұл кезде білім беру саласындағы жаңаша кеңестік тарих беттері басталып кеткен еді.

Қосшығұлов Ақмолада тұңғыш кондитер бизнесін жолға қойды

– Ақмола тарихын қаузағанда Баймұхамет Қосшығұловтың есімін жиі ұшырастырамыз. Сіз де оны алғаш мектеп ашқан адамдардың бірі деп жатсыз. Бұл адам жөнінде кеңірек айтып берсеңіз?

Баймұхамет Қосшығұлов

– Қосшығұловтар отбасы – біздің қаламыздағы ең ықпалды әрі беделді әулеттердің бірі болды. Оның ішінде ең танымалы, өзіңіз айтып отырған 1 гильдиялы көпес, Мәртебелі Императорлық Сарайдың жеткізушісі Баймұхамет Қосшығұлов еді.

Ол Сібірге және Қытайға ұн сатумен айналысты. Осы өңірде бірінші болып ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің толық циклын ұйымдастырды. Атап айтқанда, егін егіп, оны өзінің диірменінде тартты, өз қоймасында сақтады, өзі сатты, кейін одан өнім жасауды да қолға алды.

Алдымен тек нан пісіріп сатумен айналысқан Баймұхамет Қосшығұлов кейін Акмолинскідегі алғашқы кәмпит-тоқаш фабрикасын ашады. Бұл өндіріс орнының директоры етіп өзінің үлкен ұлы, көрнекті қоғам қайраткері, Ақмола думасының таңдаулы мүшесі Құрманғали тағайындалды. Дүкендер желісін ұстаған ұлдары Нұрмұхамбет пен Уәли оның орынбасарлары болды.

Тарихшы Марат Әбсеметовтің айтуынша, жергілікті халық арасында Баймұхамет Қосшығұлов айрықша беделге ие адам еді. Ол нан өнімдерінен бөлек, барлық балаға қуаныш сыйлайтын тәттілер, кәмпиттер, пряниктерді де өндірген. Ресейдің тақ мұрагері, болашақ император Николай ІІ Омбыға келгенде Ақмоланың генерал-губернаторы соның құрметіне тауарлар жәрмеңкесін ұйымдастырады. Сонда мәртебелі қонақ қазақ даласынан әкелінген пряниктерге таңғалған деседі.

1895 жылдан бастап Қосшығұловтың фабрикасы бал қосылған, сусло қосылған, қантты, әшекейлі, фигуралы, тағы басқа пряник түрлерін және қаптамадағы шоколадты кәмпиттердің бірнеше түрін, мұз кәмпиттер, печенье, кепкен нан, зефир және алуа өндірісін ұйымдастырады.

1915 жылы «Баймұхамет Қосшығұловтың кәмпит-тоқаш фабрикасы» компаниясына «Мәртебелі Император Сарайына жеткізуші» атағы беріледі. Бұдан бөлек, Қосшығұлов мектептер салды, мешіттерге қайырымдылық жасап тұрды, Меккеге қажылық жасады.

1918 жылы Баймұхамет Қосшығұлов өмірден озып, «Қараөткел» мұсылман қорымына жерленді. Оның ұрпақтары әлі күнге осы қалада тұрып жатыр. Бұлар өз заманының құрметті азаматтары еді. Біз өз жеріміздегі кондитерлік бизнес пен астық өнімдерін толық өңдеу циклы Қосшығұловтардан басталғанын мақтан тұтуымыз керек.

Баймұхамет Қосшығұлов, Құсайын Бегішев секілді қайраткерлердің есімдері біздің қаламыздың тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Әлемнің гүлденуі мен көркеюі осындай ықпалды әрі меценат азаматтардың арқасы.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ

Пікір жазу