Сұрақ: Өлімнен кейін де шайтанның ықпалы жалғаса ма?
Жауап: Шайтанның қабірде атқаратын қызметі жоқ, себебі өмірдегі сынақ – өліммен аяқталады. Алайда, қабірде Мүнкәр мен Нәкир періштелерінің сұрақ-жауаптары бар. Бірақ бұл сынақ – жаңадан бір сынақ емес, ол адамдардың осы дүниеде емтиханнан тиісті дәрежеде өтіп-өтпегенін тексеруге арналған, яғни илаһи әділеттіліктің бір көрінісі десек болады.
Алла Тағала барлық пендесін түрлі жағдайларда сынайды. Отбасына қатысты, қызметімен байланысты немесе кенеттен келген олжамен, саудадан түскен пайдамен де сынауы әбден мүмкін. Алланың сынағынан аман қалған пенде жоқ. Барлық адам әйтеуір бір сынаққа ұшырап отырады:
«Әрине, сендерді қауіп-қатер, ашаршылық пен малдан, жаннан сондай-ақ, өнімнен кеміту арқылы сынаймыз (Мұхаммед (с.ғ.с.) сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр! Қашан оларға бір қайғы жетсе олар: «Шын мәнінде біз Алланікіміз және Оған қайтушымыз» – дейді. Міне соларға, Раббылары жақтан жарылқау және мархамет бар әрі олар тура жолдағылар». (Бақара: 155-157)
Егер адам осындай сынақтан өтсе, онда оған Алланың жарылқауы бұйырады. Өйткені ол басына түскен сынақ машақатын ерлікпен жеңе білді. Жалған дүние сынағынан өткендер, Құдай қаласа, қабір сынағынан да өттеді. Сол сияқты Құдайдың осы дүниедегі сынағынан өте алмағандар – қабір сынағынан да өте алмасы сөзсіз.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ