Қоғамда қыз мінезді, «нәзік» жігіттер көбейіп барады. Кез келген баланың азамат болып қалыптасуына отбасында алған тәлім-тәрбиесінің тікелей әсері болатыны анық. «Неге ер адамдар ұсақталып кетті?» деген сауалдың жауабын білу үшін KAZISLAM порталының тілшісі психологтар мен дінтанушылардың пікірлерін білуге тырысты.

Ұлға әкесі көп көңіл бөлуі тиіс

Психолог Гүлжан Мырзақұлованың айтуынша, жігіттердің қыз мінезді болып кетуіне үш түрлі фактор әсер етеді екен: бірінші – ол бала іште дамып жатқан кезде (био), және де баланың уақыт сәтіне жетпей нәзік болып туылуы немесе салмағының тым кем болып туылуы. Екінші фактор – туылғаннан кейінгі әлеуметтік ортасы. Үшінші фактор – психологиялық тұрғыда (тұлға болып қалыптасуы). Бала туылған кезде индивид болып дүниеге келеді, өсе келе әлеуметтену арқылы дамиды, тұлға ретінде қалыптасады.

– Осы әлеуметтену барысында баланың болмысының қалыптасуына оның тәрбиесі, қоршаған ортасындағы достары, жақын адамдары, сонымен қатар айналысып жүрген хобби, сүйікті жұмыстары, ойындары әсер етеді. Егер, ұл бала тек қыздар арасында өсіп жатса, оған әкесі көп көңіл бөлу қажет, әкесінен ер мінезділік, ерік-жігер, батылдық секілді қасиеттерді бойына сіңіре білуі қажет. Тек қыздардың ортасында емес, ұлдармен көп ойнау қажет. Қазіргі таңда баланы кішкентай кезінен қосымша үйірмелерге қатыстырады, сол кезде ер мінезділікке тәрбие бере алатын, мысалы, спорт секцияларына беру қажет, – дейді психолог.

Ал дінтанушы Мұхамеджан Тазабек ұл бала дүниеге келгеннен бастап оның ішкен-жеген тамағы, жатқан жері, ойнаған ойнына дейін қарау керек дейді. Себебі бұлар болашақта оның үлкен азамат, тұлғалы жігіт болуына тікелей әсерін береді.

– Бала тәрбиесінде үлкен дүниелерге назар аударамыз да, негізгі қарапайым ұлы қағидаларды қаперімізден шығарып алып жатамыз. Үлкен дүниелер деп отырғанымыз: жақсы киіну, қымбат ойыншықпен ойнау, жақсы бала-бақшаға бару, мықты мектепте білім алу, жоғары оқу орнына түсу. Ата-ана бар зейінін, бүкіл күш-қуатын осындай дүниелерге бағыттайды. Ал бұрындары мың жылдық тұлғаларды тәрбиелеген аналарымыздың тәжірибесіне қарасақ, олар өте қасиетті, бірақ қарапайым қағидаларға басымдық берген. Баласы үлкен оқу орнына түспеген болуы мүмкін, көз сүйсінерлік қымбат киім кимеген болуы мүмкін, есте қалатындай ойыншығы да болмаған шығар, бірақ қарапайым қағидаларға қатты мән бергендіктен, ол балалар тұлға болып қалыптасты,- дейді дінтанушы.

Психолог Гүлжан ханым жігіттердің ұсақталып кетуі қоғамда көптеген отбасылардың ажырасуына апарып жатқанын айтады.

– Психологияда бала 2-2,5 жастан «мен кіммін» деген сұраққа жауап іздей бастайды. Көптеген әкелер ұлының осы жасында жанынан табыла бермейді. Ер баланың тәрбиеленетін ортасында әйелдің көп болуы оның тәрбиесіне кері әсер етеді. Мысалы, балабақша, мектеп және т.б. орталарда әйел қауымының басым болуы. Ұл бала солардан тәрбие алу арқылы оларды өздеріне үлгі ретінде көре бастайды. Жігіттердің ұсақталып кетуінің басты себебі осы екендігін білу қажетпіз. Билік әйелде екенін байқаған бала әкесінен емес, анасынан үлгі алатын болады,- дейді психолог.

Бұзық балаға не істеу керек

Мұхамеджан Тазабек кез келген нәрсені бүлдіріп қойған балаға төрт түрлі тәсілді ұсынады. Сондай-ақ балаң не бүлдірсе де, бірден дүрсе қоя берме дейді. Немесе бала ғой деп елеусіз қалдыра беруге болмайтынын ескертеді.

– Біздің қиындығымыз – ортасын таба білмеуімізде болып отыр. Енді не істеуіміз керек дейсіздер ғой? Біріншіден, баланы шошытпайтын, оған жанашыр екенімізді көрсетуіміз керек. Сенің бойыңнан жұмсақтық, ары қарай оны кешіре алатындай, түсіне алатындай сипат көру керек. Екіншіден, баланың жүрегін шошытпай, оны жалтаруға, өтірік айтуға итермелемей, керісінше бала ішіндегі шынын айтатындай сырласқан абзал. Балаға шынын айтып үйрету – болашақта оның шыншыл болуына әсерін тигізеді. Үшінші тәсіл – оның қателігін түзету, дұрыс жолын көрсету. Төртінші амал – баласын бауырына басып, мейірімін төгу. Міне, осы төрт амалды істеген ата-ана болашақта баласын биіктерден көретін болады, – дейді дінтанушы.

Жалғыз қалған ана да батыр баланы тәрбиелей алады

Әкесіз тәрбиеленіп жатқан ұл балаға қатысты маңызды мәселелер бар. Әрбір ана ұлының болашақта жігіт болып өсуін қалайды. Әйел адам болмысынан өте мейірімді. Ал енді тек мейірімділік пен махаббат ұл баланы тым жұмсартып жібермейді ме деп ойлану керек. Ертең өмірдің ауыртпашылықтарымен бетпе-бет келген кезде жасып қалатын жігіт болмас па екен деген алаңдатушылық болатыны сөзсіз.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ  Балаға жақсы есім таңда

Жаугершілік заманда қаншама ер азаматтар қырылып, аналар ұл-қыздарымен жесір қалғаны баршамызға мәлім. Сол заманда қызтеке ұл балалар болмады ғой. Сіз жалғызбасты ана болсаңыз да әкесі бере алмаған витаминді қоғамнан алып беруге тырысуыңыз керек. Балаңызды кітапханаға жіберіңіз, кішігірім жарыстарға қатыстырыңыз, бәсекелестігін дамытыңыз, спортқа беріңіз.

Психологтардың айтуынша, ұл баланы қатаң тәрбиелеген дұрыс, бірақ оны шамадан тыс шығармау қажет.

Себебі, ұл балаға тым қатал болып, қадағалауға алатын болсаңыз, оның бойында қорқыныштың жоғары болуына және де ата-анасы оның шешіміне ерік бермеген жағдайда, баланың бойында инфантильділік жоғарылайды. Ұл бала ересек өмірге келгенде, отбасы құрғанда өздігінен шешім қабылдай алмайтын болады. Ұл балаға тым жұмсақ, еркелікпен өсіруге де болмайды.

Ал, тәрбие беруде жас ерекшілікке келетін болсақ, қазақ «ер баланы алты жасқа дейін хандай көр, алты жастан құлыңдай жұмса, 16 жастан кейін сырласыңдай көр» деп, жасына қарай қарым-қатынас жасаған.

Психо-аналитик Зүбайда Кененбаеваның айтуынша, ата-ана баласының алдында бір-бірінің абыройын түсірмеулері керек. Ал шешесінің үнемі жамандап отырғанын естіген сайын өзін әкесіне ұқсататын, соған еліктейтін бала мен де жаман шығармын деп ойлайтын болады. Бара-бара мінезі бұзылып, жаман әдеттерге бой алдырады. Өйткені бала әкесінің атына айтылған өкпе-ренішті өз атына қабылдайды.

– Сондықтан қазақ «Еркек мінезді әйелден, әйел мінезді еркектен без» деп еркекте еркектік, әйелде әйелдік қасиет болуын дәріптейді, – дейді Зүбайда Кененбаева.

 Бұдан шығудың жолы бар

Психо-аналитиктің айтуынша, бала тәрбиесін жолға қоюдың бірден-бір жолы – баланың спортпен айналысуына мүмкіндік жасау.

– Балаға уақытын тиімді пайдалануды үйрету керек. Бірақ мүшел жасқа келгенде көбіне жалғызбасты аналардың балалары анасын тыңдаудан қалады. Өйткені әкесі туралы жаман ой қалыптасқан бала өзін жаманмын деп ойлап, тек жаман әдеттерге бой алдырады. Сондықтан жаттықтырушысы балаға кумир бола білсе, тез дұрыс жолға түсіп кетуіне мүмкіндік туады. Өйткені соған ұқсап, спортшы, тәртіпті болуға тырысады. Бұл әдістің керемет нәтиже беретіне көзім жеткен, – дейді психо-аналитик Зүбайда Кененбаева.

Ал Мұхамеджан Тазабектің айтуынша, ғұлама ғалымдар ұл баланы үш нәрсеге беруге кеңес береді екен.

  • Суға жүзіп үйрету керек. Себебі суда еркін жүзген балада батырлықтың сипаттары пайда болады. Су қанша дегенмен тылсым дүние, қорқыныш тудырады. Соған бойын үйреткен балада көптеген мықты гармондар бөлінеді.
  • Атқа секіріп мініп, секіріп түсуді үйрету керек. Ол ептілікке, батырлыққа үйретеді. Тақымының мықтылығы – бүкіл бел омыртқадан тақымына дейін қанның айналуынан еркектің қуатты болуы. Жылқыны өзіне бағындыра білу, тізгінің ұстай білу – басшы болуға, өзінің мінезін басқара алуды бойына сіңдіретін дүние.
  • Мергендікті, қылыштасуды үйрету. Мергендік деген – деміңді дұрыс алу, көздеген нысанана дәл тию, алға қойған межене жете білу, алға мақсат қоя білуге қалыптастырады .

Осының бәрін үйрететін болсаңыз, балаңыздың бойында еркектік иммунитет пайда болады. Ол қоғамға нағыз ер азамат ретінде өзін көрсете алатыны сөзсіз.

Гүлжан ханым да осындай пікірді құптайды. Психологтың айтуынша, егер тәрбие анасына ғана жүктелсе, баланың ержүрек болып өсуі үшін ер мінезділікті дамытатын спорт секцияларына қатыстыру қажет. Сондай-ақ батырлар туралы аңыздар мен тарихи кітаптарды оқуына, фильм мен мультфильмдерді көруге ықпал жасау қажет.

Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы» дегеніндей, балаға дұрыс жол сілтеу – ата-ананың басты міндеті. Рухы мықты, нағыз ержүрек жігіттеріміз көп болғай!

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу