Ертеде бір наубайшы өмір сүрген екен. Нан алушылардың арасынан бәз біреулер оған жалған ақша беріп жіберетін. Алайда наубайшы жалған ақша екендігін біле тұра ләм мим демейтін. Қай кезде болмасын жалған ақша ұсынған кісінің сұраған нанын беретін. Сол маңайда тұратындардың барлығы оның бұл әрекетінен де хабардар бола бастайды. Тіпті оның бұл қылығына да таңданатын. Бірақ ешкім сырын түсінбейтін. Күндердің күнінде ажал сәті келгенде наубайшы қолын жайып;
«Әй, менің Ұлы Раббым! Көптеген жылдар бойы кейбір пенделерің нан алу үшін маған жалған ақша беріп келді. Бірақ мен, олардың айыбын бетіне баспадым, жалған ақшаларын кері қайтармадым. Үнемі кешіріммен қарадым. Сұрағанын беріп келгендігімді білесің, Аллаһым! Дәл қазір мен, Сенің құзырыңа шынайы болмаған, жалған құлшылықтарыммен бірге барамын. Оларды бетіме баспа!», деп жалбарынған екен.
Біреудің айыбын жасыру адамгершіліктен, мұсылманшылықтан болып табылады. Әрбір адамның қателігі мен кемшілігі болады. Өзгенің қателігімен, кемшілігімен айналысып, өзін ұмытқандардың халі нендей күлкілі, дейді ізгілер.
Ал өзін-өзі есепке тартып жүрген кісі күнә атаулыдан арылып ізгі жандардың қатарына енуі әбден мүмкін. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өзгенің кемшіліктерімен айналыспай, өз кемшіліктерімен шұғылданған жанды сүйіншілеймін» деген екен.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ