Сұрақ: Нарда ойнау харам болып есептеле ме?
Жауап: Қазіргі кезде күн ұзақ ойнап, уақыттарын өткізетін ойындардың бірі – нарда ойыны. Ғұламалар бұл туралы әртүрлі пікірлер білдірген.
Нарда туралы алдымен хадистерге қарайтын болсақ, ол туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген хадистері бар. Кейбірін атап айтқанда:
«Нарда ойнаған адам қолын доңыз еті мен қанына батырғанмен тең»[1], «Нарда ойнаған адам Алла Тағалаға және Елшісіне қарсы келеді»[2], «Нарда ойнап, сосын намаз оқуға тұрған адам – ірің мен доңыз қанымен дәрет алып намаз оқығанмен тең»,[3] – дейді.
Ғұламалардың басым көпшілігі жоғарыдағы хадистер мен сахабалардың көзқарастарына қарай нардының харам екенін алға тартқан.
Ханафи ғалымдарынан Касани де осы нарда ойынына қатаң тыйым салып, қандай жағдайда да оның харам екендігіне пәтуа берген[4].
Әйтсе де кейбір Ханафи қайнар көздерінде оның «егер құмар ойыны етіп, ақша тігіп ойнайтын болса» харам екендігін, алайда, уақытын босқа өткізіп ойнайтын болса онда мәкрүһ екендігін айтады. Имам Мәлік болса: «Хақтан кейін артында тек адасқандық қалады»[5] деген аятқа қарай нарданың харамдығын айтады.
Имам Шафиғи да бұл ойынға жылы қабақ танытпаған.
Кейбір ғалымдар нарда ойынын жұлдыздардан медет тілеп жалқаулыққа салынуға апаратын болғандықтан харам екендігін айтады. Жаһилия заманында нарда ойыны тікелей пұтқа табынушылардың пұттардан медет тілеушілік ойыны болуы да мүмкін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұған қатаң тыйым салуының да себебі пұт пен жұлдыздардан көмек сұрау тұрғысынан болуы әбден мүмкін.
Сондай-ақ, кейбір ғалымдар арасында қазіргі таңдағы нарданың Пайғамбар заманындағы нарды ойынынан басқа дегендер де бар[6].
Отбасы ғылымхалы
[1] Муслим, Шир, 10; Әбу Дәууд, Әдәб, 56.
[2] Әбу Дәууд, Әдәб, 56; Ибн Мәжә, Әдәб, 43; әл-Муатта, Руя, 6.
[3] Шәукәни, Ләйлул-Әутәр.
[4] Кеңірек мағлұмат үшін қараңыз; Касани, Бәдәи, 7/127
[5] «Жүніс» сүресі, 32-аят
[6] ИСАМ, Илмихал, 121-бет