Сұрақ: Нәпсімен күресу деген не?
Жауап: Нәпсімен күресу дегеніміз, адамның өзін-өзі тәрбиелеуі. Нәпсімен күрес – жиһад атаулының ең ұлығы. Өйткені нәпсінің жақсы көретін нәрселері – құмарлық, тойымсыздық, жалқаулық, бейқамдық, рахат өмір сияқты т.б. Нәпсінің қалауына қарсы күресу нәпсі үшін ең қиын әрі ұнамсыз іс. Сол үшін Алла Тағала нәпсімен қүресуге жігерлендіріп, оны жеңген адамға жәннатты уәде етеді:
«Кім өзінің нәпсісін тыйса, оның барар орны – жәннат» (Назиғат: 40-41). Ал енді керісінше пенде нәпсісін тазартып, шыңдаудың орнына оның құлы болып, бойындағы құмарлықтың айтқанына көніп, айдауында кетсе, оның түбі орны толмас қасіретке айналады.
Құранда мынадай аят бар: «Алланың жолында лайықты күреспен күресіңдер» (Хаж: 78).
Ибн Мүбарак осы аяттағы «күресу» сөзін нәпсімен күрес деп түсіндірген. Аяттың өзінде де нәпсімен кұрескенде селқос қарамау керектігін, мұқият әрі абай болу қажеттігін айтады. Өйткені нәпсімен күрес – қауіпті. Дін ғалымдарының айтуынша бұл күресте сен жеңесін, не жеңілесің. Жеңсең жәннатқа кіресің, жеңілсең азапқа қаласың.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ