Бұл мәселе фиқһ кітаптарында кең талқыланған әрі қазіргі таңда біздің оқырмандар үшін қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген бірқатар әдебиеттердің бар екенін айта кетейік (Қ.Жолдыбайұлы. Дін мен діл 1, Алматы, 2010, А. Қасым. Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі (Ханафи мәзһабы бойынша), Астана, 2013 ж., 21-30-б. М. Садық. Талас-тартыстар, (аударған: Б. Дастанұлы). Алматы, 2011, Ахмад Назири. Намаз Посланника Аллаха. – Казань. Религиозное просвещение. 2006 ж., Перевод с урду). Сұрақ ретінде қойылғандықтан, мәселеге терең кіріп жатпастан, қысқаша тоқтала кеткенді жөн санадық. Негізінен, «Фатиха» сүресінен кейін «әминді» айтудың сүннет екендігіне ғалымдар бір ауыздан келіскен. Алайда, «оны дауыстап айту абзал ма, әлде іштен айту абзал ма?» деген мәселеде түрлі көзқарастар алға тартқан. Шафиғи мен ханбали мәзһабы ғалымдары дауыстап оқылатын намаздарда имам әрі оған ұйыған жамағат сырттай айту қажет десе, ханафи мен мәлики ғұламалары іштей айтуды абзал деп тапқан.
Шафиғи мән мәлики мәзһабындағылар «дауыстап айту абзал» десе, ханафилер мен мәликилер «іштен айту қажет» деп санаған. Өкінішке қарай, өзге мәзһаб өкілдері және өздерін мәзһаб ұстамаймыз деп санайтын псевдо-сәләфилер өз дәлелдерін ғана бір жақты ұсына отырып, ханафи мәзһабын әлсіз етіп, көрсеткісі келеді. Сондықтан, біз олардың дәлелдеріне тоқталып жатпастан негізінен ханафи мәзһабының сүйенген дәлелдеріне тоқтала отырып, мәселені қысқаша ғана қорытындылай кеткенді жөн санадық.
Дәлелдерді келтірмес бұрын мына нәрсені айта кетейік, негізінен ханафи мәзһабы дәлелдерге немқұрайлы қарамаған, қайта дәлелдердің ең сенімдісін таңдауды жөн санаған. Кейбіреулердің қателесіп айтып жүргеніндей «ханафилер әһл әр-рәй, көбіне ақылға сүйенген» деген көзқарас негізсіз. Құлшылыққа қатысты тақырыптар ақылға емес аят-хадистерге негізделеді. Бұл мәселе ханафи мәзһабында айқын. Сондықтан, бірінші кезекте әрдайым Құран аятына мән беріледі, екінші кезекте мутауатир хадистерге, үшінші мәшһүр хадистерге жүгініледі. Сонымен қатар, ханафи мәзһабы құлшылыққа қатысты тақырыптарда ақылға салып талқыламастан бұрын сахабалар сөзін де сүннеттің шеңберінде қарастырады. Тіпті, табиғиндердің сөзін де дәлелге санайды. Міне, сәләфтің жолын ұстану деген нағыз осы болса керек. Ал енді ханафи ғалымдарының көзқарастарын негіздеген дәйектеріне тоқаталайық:
Біріншіден «Әмин» сөзі дұға болып саналады. Cахих Бұхари кітабында «әминге» «дұға» деп түсінік берген. (Имам Бұхари. 1-т., 107-б.). Ал дұғаны қалай жасау керектігіне қатысты Құранда былай делінген: «Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді» («Ағраф» сүресі, 55 аят). Осы аяттан «әминді» іштен айтудың абзал екендігін байқаймыз. Сонымен қатар, Мәриям сүресінде де «Бір кездері ол (Зәкәрия) раббысына құпия түрде жалбарынған еді» делінген. Оның үстіне «Әмин» сөзі Құран аяты емес екені мәлім. Ал «Әғузу билләһи минәш шәйтонир ражим» – деген Құраннан және оны Құран оқығанда айту уәжіп. Солай бола тұрса да «Әғузу билләһи минәш шәйтонир ражимді» намазда ішімізден айтамыз. Олай болса, не үшін «әминді» дауыстап айтуымыз керек?! (М. Садық. Талас-тартыстар, 54-б.) Сонымен қатар, намазда «Сүбхана раббиял-ағла», «Субхана раббиял-азим», «Субханака», «әт-Тәхият» секілді басқа барлық дұғалардың іштей айтылатындығы да – «әминнің» құпия айтылуына қосымша дәлел саналады.
Сонымен қатар, «әминді» іштей айтудың абзал екендігіне қатысты Пайғамбарымыздан жеткен бірнеше хадистер де бар. Мәселен Уәйл ибн Хужр (р.а.) Пайғамбарымызбен бірге намаз оқып, «ғайрил мағбуди алейһим уә ләд-дооллин» деген жерге келген кезде даусын бәсеңдетіп «әмин» дегенін жеткізеді (Зәйләғи. Насб әр-райя, 1-т/ 494-б.). Имам Шұғба да Пайғамбарымыздың «әминді» іштен айтқандығын жеткізеді (Ахмад ибн Ханбал. Муснад, Хаким әл-Мустадрак. 2/233
Әбу Дәуідтің хадистер жинағында Әбу Һурайрадан (р.а.) келіп жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Ғайрил мағдуби ғаләйһим уәләддалин» аятын оқығаннан кейін, бірінші саптағы оған жақын тұрған адамға естілетіндей етіп «Әмин» дейтін» делінген (Әбу Дәуіт, Бабут тәмин уәрәл Иман – №934 хадис). Міне, осы хадистен Пайғамбарымыздың «әминді» жақын тұрған кісі ғана еститіндей етіп айтқандығына нақты көз жеткіземіз.
Хасаннан (р.а) жеткен хадисте Самура ибн Жүндуб (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) екі сәктаны (бір шама үнсіз тұруды) тәкбир тахриманы айтқанда және «ғайрил мағдуби ғалайһим уаладдоллин» қырағатынан соң қолданғандығын бяндайды (Хадис Әбу Дәуіттің жинағында келген. Ибн Хажар оның тізбегін жақсы және сахих деп бағалаған. Таханауи. Илаус-сунан, 2-т., 248-б.). Демек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаз бастағандағы тәкбір айтудан кейін де, «Фатиха» сүресін оқып болғаннан кейін де біршама үнсіз тұруды әдетке айналдырған (М. Садық. Талас-тартыстар, 55-б.).
Имам Муслимнің хадис жинағында келген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Имам (рүкүғтан түрегеліп жатып) «Сәмиғаллаһу лиман хамидаһ» дегенде сендер «Аллаһумма Раббәнә ләкәл хамд» деп, айтыңдар.. Егер кім де кімнің сол айтқаны періштелердің айтқан сәтіне сәйкес келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» деген (Сахих Муслим. Китаб әс-Сала, №409-хадис; Термези ,1/272-бет, №267 хадис). Ешбір мәзһабта рүкүғтан тіктелген кезде «Аллаһумма Раббәнә ләкәл хамд» деген хадисті негізге алып, жария айтпайтыны белгілі. Сондықтан «әмин» дұғасын да іштен айтқан абзал (А. Қасым, 55-б.).
Сахабалардың да «әминді» іштей айтуы негізгі дәлелдердің қатарына жатады. Егер Пайғамбарымыз (с.а.с.) әминді әрдайым жария айтқанда Омар, Әли, Ибн Мәсғуд секілді белгілі сахабалар іштен айтпас еді. Әбу Саид «Омар да, Әли де «бисмиллаһир-рахманир-рахимді» және «Әминді» жария айтпайтын еді» деп риуаят еткен. (Ибн Жарир әт-Табари, Тәһзибул-әсар. Бұл риуаятты жеткізген рауилердің бәрі сенімді. Тек Әбу Саид әл-Баққал мудаллис ретінде аталғанымен, сенімді болып табылады. Ал сенімді мудаллистердің риуаяты Ибн Хажар секілді бірқатар хадис ғалымдарының пікірінше дұрыс деп бағаланады (Қ. Жолдыбайұлы. Дін мен діл, 1,51-б.).
Жоғарыда ханафилердің табиғиндерден келіп жеткен риуаяттарды да негізге алатындығын атап өткен едік. Имам Абдурраззақ та өзінің «әл-Мусаннаф» атты кітабында және Имам Мухаммед «Китаб әл-Әсар» атты кітабында әйгілі табиғин, ханафи мәзһабының негізін қалаған ғалымдардың бірі Ибрахим ән-Нахаидің былай дегенін жеткізеді: «Мына бес нәрсені имам іштей айтады: «Субханака Аллаһума», тағаууз, «бисмилләһ», «әмин», «раббана ләкәл хамд» (Таханауи. Илау сунан, 2-т., 247-б.)
Негізінен ешбір хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Әминді» дауыстап айтыңдар» деген нақты, күмәнға негіз қалмайтындай түрде айтқан сөзі жоқ. Ал имам Бұхари мен Муслимнің хадис жинақтарында келген тек «Имам «Уәләддаллин» деген кезде «Әмин» деп айтыңдар» деген хадистер бар. Мәселен Имам Бұхаридің хадис жинағында Әбу Һурайрадан келіп жеткен «Имам «Ғайрил-мағдуби алайһим уәладдаллин» деген кезде сендер де «әмин» деңдер, кімде-кімнің «әмин» деуі періштелердің «әмин» деуіне дәл келсе, жасаған күнәлары кешіріледі» деген хадис бар (Бұхари/1-108).
Ханафи ғалымдары хадистегі имамның «әмин» деуін былайша түсіндірген. «Әмин» сөзін имам жасырын айтпайтын болса, Пайғамбарымыздың имамның да «әмин» дейтінін жамағатқа білдіруінің қажеті болмас еді. Яғни, періштелер мен имамның «әмин» деуі жамағатқа естілмейтін болғандықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «себебі, періштелер «әмин» дейді, имам да «әмин» дейді» деп, олардың да «әминді» айтатындығын білдіріп тұр. Бұл хадисте «жария айтады» деген сөз жоқ. Сондықтан бұл хадис әминді жария айтуға тікелей дәлелге саналмайды. Оның үстіне, имам айтқан дұғалардың бәрін дауыстап айту керек болса, оның келтірген тәкбірін (Аллаһу әкбәр), тәсмиғын (самиъаллаһу лимән хәмидәһ), тәслимін (әс-сәләму ғалейкум) дауыстап айту керек болады. Себебі сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) риуаят еткен басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с): «Сөзсіз имамға ұю керек. Егер Имам, «Аллаһу әкбар» десе, сендер де солай айтыңдар. Ал, қашан Құран оқыса, (намазда) тыңдап тұрыңдар!» деген (Дарақутни. Сунән. Имамға ұйю бөлімі, 2/115, № 1243 хадис (Сахих). Бірақ, бұл хадистегі бұйрыққа сүйеніп, имамға ұйыған ешкім «тәкбірді (Аллаһу әкбәрды)» жария айтпайды.
Рас, кейбір риуаяттарда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «әминді» көтеріңкі дауыспен айтқандығы баяндалады. Алайда, Алла елшісі мұны артта тұрған жамағатқа үйрету мақсатында айтқандығын мына риуаят растайды «Әбу Сакан Хужр ибн Анбас әс-Сақафи: Уайл Ибн Хужр әл-Хадрамидың былай дегенін естідім: «Пайғамбарымызды намазды тәмамдағаннан кейін көрдім, тіпті, Оның (с.ғ.с.) жүзін мына жағынан да, ана жағынан да көре алдым. Ол (с.ғ.с.): «ғайрил мағдуби алайһим уәладдаллин» деп оқығаннан кейін «Әмин» деп даусын созды. Мен мұны тек бізге үйрету үшін жасады деп ойлаймын». (Мухаддис Зафар Ахмад, Иғлаус-сунан, 2-том, 237-бет. Бұл хадисті риуаят еткен кісілердің бәрі сенімді. Тек Иахия ибн Саламаны бірқатар ғалымдар әлсіз десе де, Хаким, Ибн Хиббан секілді хадис ғалымдары қуатты деп бағалаған). Пайғамбарымыз «әминді» дауыстап айтты деген негізгі хадистерді осы Уайл Ибн Хужрдың риуаят еткенін ескерсек, ханафи ғалымдарының «үйрету мақсатында» айтуы мүмкін деген сөздерінің қаншалықты негізді екенін аңғаруға болады (Қ.Жолдыбайұлы. Дін мен Діл, 1, 51-б.).
Псевдо-сәләфтар өздеріне пір тұтқан Насруддин Әлбани да «Әминді» дауыстап айтуға қатысты келген хадистердің әлсіз екендігін атап өткен (Әлбани. Тәмәмул-минна фит-та’лиқ ала фиқһ ас-сунна, 177-бет.)
Сонымен қатар уахабшылдардың негізгі шейхтарының бірі Ибн Баз мақсаты басқа болса да «Да, если человек среди людей, которые не поднимают руки и не произносят слово „Аминь“ вслух. Предпочтительнее этого не делать, чтобы объединить сердца. И чтобы этот человек мог призывать их к благому, чтобы он мог обучать их и указывать на правильный путь» деп бүлікке жол ашпауға шақырғанын да айта кеткен жөн (Фатауа аш-шейх Ибн Баз. Т. 29. С. 274-275).
Сөзімізді былайша түйіндейік, әсілінде, ғұламалардың арасында орын алған пікір қайшылықтарын қарапайым жамағат арасында талқыға салып, өз дәлелдерін ғана ең дұрыс санап, жергілікті мешіт жамағатын айыптау – дінге жанашырлық емес. Негізінде өздерін «сәләф» деп атап жүрген уахабшылдар көбіне діннің тазалығын ойлап дәлел сұраған болып жатады. Алайда оларға дәлел келтірсең, тек өздері мойындайтын шейхтарының ғана көзқарастарына жүгініп, ақиқаттан қашқақтайды. Сондықтан да дінге жанашыр, тақуа көрінген бауырларымыз діннің ең негізгі емес, сүннет саналатын мәселеге бола дабыра көтеріп, қырық пышақ болғанша һәм діни әрі азаматтық тұрғыдан парыз болып табылатын бірлік пен берекені бірінші кезекке қойғаны абзал. Қазіргі таңда діни тіршілігімізде орын алып отырған ала-құлалықтар мен өшпенділіктердің барлығы мәселенің астарында таза діни емес, идеологиялық және саяси себептердің жатқандығын көрсетеді.
Әйтпесе, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ұстанып келген, ислам өркениетінің дамуына үлес қосқан ең ірі құқықтық мектептердің бірі саналатын ханафи мәзһабының мол мұрасын жоққа шығарып, шариғат ілімдерінде пәтуа айтуға ілімі де, құқы да жоқ кісілердің ғана айтқанымен жүру ақиқатты іздеуге жатпайды. Мұның қандай нәтижеге алып баратынын бәріміз көріп, біліп отырған жоқпыз ба?! Сондықтан, мұндай бөлінушілікке жол ашатын тақырыптардан алшақ жүріп, сыйластық пен төзімділік таныту асыл дініміздің пайдасына шешілмек.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
дінтанушы