Сұрақ: Намаз адамды тәрбиелей ме?
Жауап: Жұмыр басты пенде кемшіліксіз болмайды. Адам болған соң, оның кемшілігі де, қателігі де болады. Кемелдік бір Аллаға жарасымды.
Әйтсе де, «Кемелдік бір Аллаға жарасады», – деп бойда бар кемшілікті түзетпей арқаны кеңге салып жүрген әсте болмас. Әсіресе, мұсылман өзінің бойында бар кемшіліктерді түзетуге күш салуы қажет.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көркем мінез – діннің жартысы», – деп айтқан. Мұсылман өзінің жүріс-тұрысына, киіміне, басқалармен қарым-қатынасына және сөзіне көңіл бөледі. Себебі, ақыретте амал таразысына адамның амал-әрекетін қойған уақытта көркем мінездің салмағы ауыр келмек.
Намаз адамға бар болғаны қосымша жауапкершілік жүктейді. Намаз адамды тәрбиелемейді, адам өзін-өзі тәрбиелеуі керек. Намаз оқитын адам «мен намаз оқимын, мұндай әрекет маған жараспас болар» немесе «менің бұл қылығым намазға теріс келер» деген сияқты ойлармен өзін тәрбиелеуге күш салады. Сондықтан да намаз адамның өзін тәбиелеуі үшін бір құрал. Мұны дұрыс қабылдай алған адам көркем мінезге қол жеткізеді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ