Әлем мұсылмандары биыл екінші жыл қатарынан оқшаулану жағдайындағы Рамазанды қарсы алмақ.
Бұл үрдістен Ұлыбританияның Бирмингем қалалық мешіті де тыс қалмақ емес. Құлшылық үйінің ұжымы қасиетті айда мұсылмандар үшін бірқатар іс-шара дайындау үстінде.
Бирмингем қоғамдық мұсылман орталығының басшысы Нусайба Наим: “Коронавирус біздің қаламызда әлі де таралуда, сондықтан біз тағы бір Рамазанды үйімізде өткізуге дайындалуымыз керек”, – деді.
Бүгін мешіт әкімшілігі мұсылмандарға Рамазан айына дайындалуға көмектесу үшін науқандық шараны бастады. Биыл да тарауық намаздары мен ұжымдық ауызашарлар болмайды, алайда мешітте 20 түрлі онлайн іс-шара, соның ішінде балаларға арналған конкурстар өткізу жоспарланған. Осы арқылы имамдар мұсылмандарға қасиетті айдың қадірін сезінуге көмектеспек.