Сұрақ: Мұсылман үшін қоғамда жүріп-тұру ережелері бар ма?
Жауап: Мұсылман – өзі жасаған қоғамның үлгілі азаматы, Отан жанашыры, басқа қоғам мүшелерімен бірлік пен ынтымақта ғұмыр кешеді. Халқының тарихы мен мәдениетіне құрмет қылады және т.б.
Ғалымдар Құран мен пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетін басшылыққа ала отырып, мұсылман үшін өмірде, отбасында, ұжым мен қоғамда орындауы тиіс «әдептілік ережелерін» немесе «этикалық нормаларды» жинақтайды. Бұлар түрлі кітаптарда кездеседі.
Мысалы, дүние жүзіне «Исламның әшекейі», «Исламның дәлелі» деген есімдермен танылған ортағасыр мұсылман әлемінің ғалымы Әбу Хамид әл-Ғазалидің айтуынша, мұсылман адам кез келген қоғамның әдепті азаматы: қызметте (ұжымда) әріптестерімен жақсы қатынаста, тұрмыста көршісімен байланысы жақсы, қасындағыларды жақсылыққа шақырады.
Бұған қоса ол мемлекет азаматы болғандықтан қолынан келгенше сол қоғамға қарсы жасалған әрекеттерге, қылмысқа, адам өліміне, зорлық-зомбылыққа және тонаушылыққа қарсы күресуі тиіс. Ол өзінің бұзық әрекеттерімен қоғамға ауыртпалық түсірмейді, басқалармен қандай да бір келісім жасайтын болса түсетін пайданың көптігінен бұрын әділдікті басшылыққа ұстанады (Ихия’у ‘улум әд-Дин).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ