Ертеде бір мұңсыз патша шектен тыс ішіп-жеп, артық салмақ жинап алыпты. Толықтығы соншалықты артық салмағынан арылу үшін дәрігерлердің ақыл кеңесіне сүйенуге мәжбүр болыпты. Ел арасындағы білікті дәрігерді шақырып, одан артық салмақтан арылудың жолын сұрап, дәрі беруін өтініпті. Сонда патшаны көрген дәрігер:
– Алла саған жар болсын! Мен бүгінгіні ғана емес, аурудың жағдайына қарай болашағында болжай алатын дәрігер ретінде айтарым, сізге бір қарағаннан көп нәрсені түсіндім. Өкінішке орай, шамамен бір айлық ғана өміріңіз қалыпты. Сізге қандай дәрі берсемде оның еш пайдасы жоқ, деп кесіп айтыпты.
Дәрігердің бұл сөздеріне ашуланған патша дереу оны абақтыға жабуын бұйырыпты. Білгір дәрігердің айтқан сөздерінің қаншалықты рас өтірігін білу үшін басқа да дәрігерлердің кеңесіне жүгініпті. Олар да әлгі білгір дәрігер айтса, рас айтатынын, оның бұл салада білікті маман екенін растапты.
Амалы таусылған патша бір ай бойы халықтың алдына шықпай, ешнәрсеге зауқы соқпай, күн сайын уайымнан мұңға батып, ішіп жеуден ұзақтап қалыпты. Осы аралықта патша да арада бір ай уақыт өтер өтпес толығымен азып, жүдеп қалған екен.
Бір ай өткеннен кейін патша өзінің өлмегенін, аман-есен екенін, дәрігердің айтқанын жоққа шығармақ үшін абақтыда жатқан дәрігерді қайта құзырына шақырып:
– Өтірік сөзің ортаға шықты. Мен өлмедім, тірімін. Айтқан жалған сөздерің үшін жазаңды енді тағайындаймын, дегені сол еді, дәрігерде сөздің аяғын күтпестен оған қарсы жауап береді:
– Сізге Құдайым жар болсын! Мен Алланың әлсіз бір құлымын. Болашаққа қатысты ешнәрсе білмеймін. Білсемде мамандығыма қарай ең төмен дәрежеде аз білетінім бар еді. Бірақ сіздің артық салмақтан арылудың жалғыз жолы және емі қайғы, мұң екенін түсіндім. Сондықтан мен сізге бір ай ғана өміріңіз қалыпты деп айтқан едім, дейді.
Сонда өзінің жүдеп, артық салмақтан арылып қалғанын түсінген патша да дәрігерге ризашылығын білдіріп, кешірім сұрап, абақтыдан босатқан екен.
«Ойсыз, мұңсыз уақыт зая» дейді атақты әулие Қожа Ахмет Ясауи бабамыз. Иә, дүниеде ойсыз, мұңсыз-қамсыз жүруге болмайды. Ақыретіңді, ұрпағыңды ойлап қам-қарекетін жасау ақылды адамның ісі болса керек.
Дайындаған –Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ