Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл телеарнасы «Munara TV» директоры Нұржан Таласұлы арнаның оңтүстік өңірлердегі филиалдарына арнайы барып, студиялармен танысты.
Атап өтсек, Жамбыл облыстық өкілдігінің Asyldin.kz, Шымкент қаласы орталық мешітінің Iman.kz және Қызылорда облыстық өкілдігінің «Tanym Media» студиялары қазіргі кезде «Munara TV» арнасына діни контенттер дайындап келеді.
«Бұған дейін Қарағанды облыстық өкілдігінің және Теміртаудағы студиялармен арнайы танысқан едім. Былтыр аталмыш студияларды Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, салтанатты түрде ашып берген болатын. Подкаст сұхбат, студиялық бағдарламалар және әлеуметтік роликтер түсіруге өңірлік филиалдарымыздың әлеуеті жететініне куә болдым. Діни контент дайындауда табандылық танытып жүрген әріптестерімізге Алла разы болсын!» дейді телеарна директоры Нұржан Таласұлы.
Облыстық мешіт жанынан ашылған студияларды аралап көрген «Munara TV» директоры мамандармен сұхбаттасып, руханиятты насихаттау, дін мен дәстүр, түсірілім, бағдарлама мазмұны, стиль жөнінде бірқатар кеңесімен бөлісті.