Кез келген ауру адам өліміне әкелмейді, бірақ ауруға қарсы сақтық шаралары жасалмаса, адам денсаулығына қауіп төндіреді, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Міне күнәлар да солай. Әрбір күнә адамды иманнан тайдырмайды, бірақ күнәға қарсы шара қолданылмаса, ол адамдардың сеніміне қауіп төндіреді, тіпті иманнан айыруы да мүмкін.
Бұл ауруды тудыратын – микробтар және біз сыртқы әлеммен байланыста болған кезден бастап микробтарды қабылдай бастаймыз. Көз, құлақ, қол, аяқ сияқты ағзаларымызды микробтарға қарсы таза ұстамасақ және иммунитетіміз күшті болмаса, уақыт өте келе микробтардан жеңілеміз.
Міне шариғаттағы харамдар да солай. Көзімізді, құлағымызды, қол-аяғымызды сыртқы әлемдегі харамдар мен күнәлі істерден қорғамасақ, ішкі дүниемізге күшті иммунитет жасамасақ, ақырында харам бойымызды жаулап, әдепсіздіктерге бой алдырамыз.
Алла Елшісі пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: “Пенде күнә істеген кезде оның жүрегінде қара дақ пайда болады. Тәубе етіп, күнәсінен бас тартатын болса, жүрегі тазарады. Тәубе етпей, күнә жасай берсе, сол қара дақ көбейіп, ақырында жүректің барлық бөлігін жаулап алады». (Тирмизи, «Тафсирул-Құран», 74-хадис)
Ал енді бұл мәселенің шешімі қандай? Нақтырақ айтар болсақ, аурулар мен микробтарға қарсы өзімізді қалай қорғауымыз керек?
1) Мүмкіндігінше ауру тудыруы мүмкін ортадан (арамнан) аулақ болу.
2) Қол-аяқ, көз-құлақ, тіл-ерін сияқты мүшелерді микробтардан (арамнан) қорғау.
3) Жұғуы мүмкін микробтардан тазарту, тәубе етуді жалғастыру және кешірім сұрау.
4) Ішімізде сау иммундық (тақуа) жүйені орнатуға ұмтылу.
Бізді және бүкіл әлемді жоқтан бар етіп жаратқан Раббымыз әртүрлі материалдық және рухани дерттерден сақтасын. Қан тамырымыздан жақын болған Алла біздің тәніміз бен жанымызды сау және қауіпсіз етсін! ӘМИН.
Исатай БЕРДАЛИЕВ