Әлеуметтік желіде қасиетті Құрбан айттың екінші күнінде араб елінде таңғажайып оқиға орын алғаны турасында хабар тарады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Al Arabiya телеарнасына жөн сілтеген IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Алжир аумағының батыс бөлігінде орын тепкен Тиарет елді-мекеніндегі Омар бин Әбді мешітінің жамағаты Ахмет Қадырдың көру қабілеті қалпына келген. Ақшам намазында сәждеде Жаратқаннан көру қабілетін қайтаруды сұрап, дұға еткен екен. Сәждеден басын көтергенде алдымен сарымен сырланған еденді көреді. Өз көзіне сенбей сасқалақтап, жанындағы құлшылық етіп жатқан адамның қолынан ұстай алып, бетіне қараған.
«Намаз біткен соң жанымдағы адам менің хал-жағдайымды сұрады. Мен оған осыдан екі жылдан аса уақыт бұрын зағип болып қалғанымды айттым да жылап жібердім, осыдан кейін есімнен танып қалдым. Содан соң мені жамағат үйіме әкеп тастады. Бір шаңырақ астында тұрсам да талай ай бойы көрмегем отбасымды көріп, көзайым болдым»,– деді ол. Ахметтің он жастағы ұлы тілшілерге осынау таңғажайып оқиғаға байланысты алғысын жаудырды.