Сұрақ: Әлеуметтік желіде мешіт ашылғаны туралы ақпарат шыққан сайын кейбір адамдар «Мешіт салғанша мектеп салмай ма?» деп шу көтеріп жатады. Олардың бұл пікірі қаншалықты дұрыс?
Жауап: Бүгінде ғаламтор желісінде дінді сынау, дінге қарсы исламофобтық пікір қалыптастыру сияқты сөздер жиі айтылуда. Сондай пікірлердің бірі «Мешіт салғанша мектеп салмай ма?» сөзі. Мұндай сөздің астарында дінге, имандылық жолына дұшпандық лебі байқалады. Әдетте мұндай жазбалардың авторлары жоқ, яғни жалған атпен, жасанды «никпен» отырады. Фейсбук желісінде дін оппоненті болып отырғандардың біразы өзінің шынайы атын жасырып, басқа біреудің суретін қойып, өтірік ат жамылғандарды көресің. Осындай әрекеттің өзі аноним автордың қандай жан екенін көрсетсе керек. Енді жоғарыдағы сұраққа оралайық.
Біріншіден, мешітті жеке адам өзінің қалауымен, Құдай жолына деп арнаған ниетімен салады. Бәлкім мешітті өмірден өтіп кеткен ата-анасына немесе ата-бабаларына сауабы жетіп тұрсын деген оймен салдырған шығар. Бақилық болған жақындарына мешітте үздіксіз жасалатын діни жоралғылардың сауабы жетіп тұрсын деген ойын іске асырған болуы ықтимал.
Екіншіден, мешітке жұмсалған қаржы адамның жеке мүлкі. Адам қаласа ол ақшаға шетелге барып демалып қайтады, тіпті казино салдырса да өзінің құқығы. Алайда ол жастарға имандылық пен ибалылықты үйрететін мешіт салуға қарар берді. «Байдың малын кедей қызғаныпты» дегендей басқаның қалтасындағы ақшасын есептеуге, оған билік жүргізуге пәрменіміз жоқ. Бұлай жасау моральға да қайшы.
Үшіншіден, қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық проблемаларды жинап мешітке жабу орынсыз. Ол үшін арнайы мемлекеттік саясат, бағдарлама, құзыретті органдар мен министрліктер (үкімет) бар. Мектеп жетіспейді деп мешіт салған бір адамды сөгудің пайдасы не? Мешітті жеке кәсіпкер ғана емес, ауыл тұрғындары да асарлатып салады.
Төртіншіден мешіт құрылысын мектеппен салыстыра алмайсыз. Мектеп көп қаржыны талап етеді. Бұған кез келген кәсіпкердің шамасы келмейді. Сіз кәсіпкерге: «Құрылыс салатын болсаң тек мектеп саласың, мешіт көтермейсің» деп шектеу сала алмайсыз. Соған қарамастан жеке мектеп салып жатқан кәсіпкерлер де бар, жоқ емес. Бірақ, ондай азаматтардың есімдерін біле бермейміз.
Сол үшін дінге төзімділігі жоқ адам көрінген проблеманың астынан діни астар іздеп отырады. «Менікі дұрыс», «Мен проблеманы көріп отырмын» деген сияқты синдромға түсіп, өзінің ұстанымын басқаларға да таңуды көздейді, дау немесе тартыс тудырғанды жақсы көреді. Құрметті оқырманның осындай жағдаяттарды ескергенін қалар едім.
Жалғас САНДЫБАЕВ