Бүгін “Нұр-Мүбарак” университетінде қуанышты жүздесу өтті. Университетті 2012 жылы исламтану және дінтану мамандықтары бойынша тәмамдаған түлектер бас қосты. Жай ғана басқосу емес, 10 жылдық құрметіне университеттегі ашық оқу залын жаңадан, заманауи мүмкіндіктерге сай жабдықтады. Осыған орай, жаңа оқу залының ашылу салтанатына түлектерге дәріс берген оқытушы-профессорлық құрамдағы ұстаздар арнайы шақырылған.
Бұл бастама университет проректоры, PhD доктор, доцент Қайрат Құрманбаевтың бастамасымен қолға алынып, жүзеге асып отыр.
Университет ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат пен түлектер атынан Батыс Қазақстан облысы Дін істер басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов жаңа оқу залының тұсаукесерін қиып, шашу шашылды. Түлектердің оқу орнына деген қамқорлығы мен ізеттілігіне ризалығын білдірген ректор Мұхаммад аш-Шаххат беташар сәтінде насихат айтып, болашақ істеріне сәттілік тіледі.
Ал Академиялық мәселелер департаментінің директоры филос.ғ.к., доцент Жалғас Сандыбаев түлектердің бұл қадамы өскелең ұрпаққа, бүгінгі студенттерге өнегелі үрдіс екеніне тоқталды. «Әрбір адам бақытқа жетелейтін ұстазға мұқтаж» деген даналыққа сай түлектердің осындай игі дәстүрлері қоғамдағы ізгіліктің артуына себеп болатындығын атап өтті.
10 жылдық мерейтойлық мерзімін университетке қуаныш сыйлай келген түлектер ұстаздарымен бірге суретке түсіп, мерекелік дастархан басында естеліктерімен бөлісті.