Хақ Елшісі (с.а.у) бір хадисінде: «Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген – Раббым» деген болатын.
Мұсылман қауымы әрдайым әрбір істе парасат падишасы Мұхаммедті (с.а.у) үлгі-өнеге тұтады. Осы себептен де фиқһ ілімінде Құраннан кейін суннет абсолютті қайнар-көз болып саналады. Мұқым мұсылман үшін Алла Елшісінің (с.а.у) сұлу суннеті қиямет-қайымға дейін басты өлшемдердің бірі болып қала береді. Олай болса, Ұлы Жаратушының сүйікті Елшісін (с.а.у) жақсы көрмеген, Оның (с.а.у) сүннетін берік ұстанбаған адам шынайы мұсылман бола алмайды. Өйткені, Алла Елшісі (с.а.у): «Кімде-кім мені өз баласынан, әкесінен және барлық адамнан артық жақсы көрмейінше (кемел) иман бола алмайды» деп ескерткен болатын. Яғни, момын-мұсылманның Хақ Елшісіне (с.а.у) деген ынтық сезімі дәйім атқақтап тұруы тиіс.
Алла Елшісі (с.а.у) өзін шексіз сүйген үмбетін: «Кімде-кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады. Оның күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе көтеріледі» деп сүйіншілеген. Демек, Хақ Елшісіне (с.а.у) салауат келтіріп, өлең-жырмен мадақ айтудың еш сөкеттігі жоқ. Қайта сауабы мол ізгі амал болып есептеледі.
Алла Елшісінен дүйсенбі күні ораза тұтудың маңыздылығын сұрағанда, Ол (с.а.у): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі маған уаһи түсті» деп жауап берген. Яғни, «Мәуліт» мерекесі күні ауыз бекітсек, сүннет құлшылықтың сауабына ие боламыз. Тағы бір мысал: «Екі қолы бірдей қурасын» (Мәсад, 1) деп қарғысқа ұшыраған Хақ діннің қас дұшпаны болған Әбу Ләһабқа Суәйба атты күңі Мұхаммедтің (с.а.у) туылғанын жеткізгенде, ол сүйіншіге осы Суәйбаны азат еткен. Әзіреті Аббастың (р.а) жеткізуіне қарағанда осы жақсылығы үшін ақыретте дүйсенбі күні Әбу Ләһабтың азабы жеңілдейді екен. Яғни, Пайғамбарымыз (с.а.у) дүниеге келгенде қуанғаны үшін исламның қас дұшпаны Әбу Ләһабтың тамұқтағы азабы жеңілдейтін болса, Хақ Елшісінің (с.а.у) туылғанына шаттанып, ұдайы қаздай шулап салауат айтатын мұсылман қауымына «Мәулітті» қалайша мерекелемеске?
Яһуди қауымы Мұсаның (с.а.у) перғауыннан құтылған мерзімі ретінде «Ашура» күндері ауыз бекітіп, бұл күнді мерекемен өткізеді. Олай болса, күллі адамзаттың шапағатшысы Мұхаммед (с.а.у) дүниеге келген күнді мұсылмандар неге тойламасқа?
Бұрынғы молдаларымыз Рабиу-л-аууал айында Шәді төренің «Сиярын», Арқа жерінде Сәдуақас Ғылманидің «Мәулітін» және еліміздің әр өңірінде «Сияр-шәріптердің» түрлі нұсқаларын оқыған. Бұл діни жоралғы бір күнде пайда болған емес. Еліміздің түкпір-түкпірінде «Мәуліт» жырын оқу дағдыға айналғанына қарағанда, бұл мерекенің ескіден тойланып келе жатқанын аңғаруға болады.
Мұхан ИСАХАН