Сұрақ: Бүгінде мәулітті көптеген мұсылман елдері тойлап жатыр. Бұл қай кезден бастау алған үрдіс?
Жауап: Алғаш мәрте мәулітті 910-1171 жж. Египетті басқарған Фатимидтер тойлаған көрінеді. Бірінші кезде мәуліт ақсаусақтардың арасында сарай төңірегінде аталып өтіп отырған. Себебі олар хазіреті Әли мен Фатима анамыздың да туған күндеріне арнай дін ғалымдарын жинап салтанатты жиын өткізіп тұратын.
Ал енді жалпы сүннит мұсылмандардың арасында алғаш рет хижра жыл санауымен 604 жылы Салахаддин Аюбидің күйеу баласы әрі Ирбил шаһарының билеушісі Музаффар әд-Дин ұйымдастыруды қолға алды деген хабарлар бар. Мәуліт мерекесіне бүтін қала жұрты болып әзірлік жасаған. Сол үшін әкім шаһарға ислам ғалымдары мен құқықтанушыларды және уәзірлерді арнайы шақырған. Кейін бұл үрдіс түрлі көріністе жалпы Мекке мен Мәдина сияқты араб жерлеріне тарайды.
Ал енді Осман империясында мәуліт 1588 жылы Мұрат III патшалығы кезінде сарайда аталып өткен. Мұнан соң уақыт өте мәуліт Айя София және Сұлтан Ахмет сынды үлкен мешіттерде ұйымдастырылды. Мұнда лауазымды арнайы қонақтармен бірге бұқара халық та қатысатын болды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ