Сұрақ: Бір жігіттен мәуліттің бидғат және шынайы мұсылман оны тойламауы тиіс екенін естідім. Бұл қаншалықты дұрыс?
Жауап: Мәуліт – шариғат емес, бірақ бүгінде көптеген мұсылман елдерінде тойланатын үмбет дәстүрі. Мысалы, Мысыр, Сирия, БАӘ, Ливия, Иордания, Тунис, Марокко және т.б. елдерде мәуліт ресми мереке және демалыс күні. Тіпті, кейбір мемлекеттерде үш күнге дейін демалыс беріледі.
Ал енді Түркияда, Үндістанда, ТМД елдерінде, сондай-ақ кейбір Батыс елдерінде мәуліт мерекесін мұсылмандардың діни басқармалары мен жекелеген мұсылман бірлестіктері тойлап, атап өтеді.
Мәулітті қолдаушылар көп, тіпті Сауд Арабияның Хижазында жыл сайын мәулітті мерекелеп өткізеді, бұл дәстүрден Мекке халқы да қалыс қалмайды. Сол сияқты Қазақстан мұсылмандары үшін де мәуліт мерекесі дәстүрге айналғаны мәлім.
Пайғамбардың өзі де [с.ғ.с.] туған күнін ерекше атап өткені жайында хабар бар. Мысалы, ол кісі Аллаға шүкіршілік етіп, әр дүйсенбі ораза ұстаған. Бір күні Әбу Қатада әл-Ансари пайғамбардан [с.ғ.с.] дүйсенбі күні ораза ұстауының себебі жайында сұрайды. Сонда ол кісі: «Бұл күні мен дүниеге келдім және бұл күнде маған пайғамбарлық келді», – деп жауап берген [Мүслим].
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ