Адам баласының қажеттілігі рухани-материалдық болып екі түрден тұрады. Мұны шешудің өзіндік жолдары бар. Немесе аят, хадис және фықһ білімдерінің мәніне бойлап, мұрад етілген мақсатты ұғу үшін аталмыш ғылымдардың методологиясын игеру шарт болып табылады. Әрбір тәпсірші, хадисші немесе фиқһ ғалымдары өз саласы бойынша бұл ғылымдардың методологиясын терең меңгеріп, сол негізде аят, хадис немесе фықһ мәселесіне қатысты орамды ойын тарқата білген.

Үкімдік методологиялық тәсілдің негіздеріне Құран, сүннет, ижмағ (ғалымдардың бір мәселенің үкіміне бір ауыздан келісуі), қияс (Құран мен хадисте үкімі келмеген мәселелерді, соған ұқсайтын үкімі бар бір мәселеге салыстыра зерттеу), истихсан (бір мәселенің жақсырағын таңдау) және әдет-ғұрып сияқты дәлелдік күшке ие дәлелдер жатады.  Физика ғылымында ғалымдардың құрған формулаларын білген адам үшін сол ғылымға қатысты мәселелерді шешу оңайға түсекені тәрізді аят, хадис және фықһ медологиясын меңгерген адам үшін сенімдік немесе құқықтық мәселелердің үкім шығаруда қателесу мүмкіндігі анағұрлым аз болады. Әрі түрлі шытырман ағымдарға ілесіп кетпей, Исламның сара жолын дұрыс түсіндіре алады. Қоғамда анархияға, алауыздыққа апартын себептерге жол бермейді.  

Заманында Әбу Ханифаға «аят пен хадистен алшақтап, өз ақылы бойынша үкім шығарады» деген айып тағылғаны сияқты ақида ілімін бір ізділікке келтірген Әбу Мансур әл-Матуридиді де ақылды басты орынға қойып, настан (мәтіннен) алыстап кетті деп айыптағандар болды. Тіпті, бір бөлім адамдар бидғатшы (дінде болмаған істі істеуші) десе, енді бір тобы Муғаттил, Мүржия сынды ағымдарға жатқызды. Қазіргі таңда да сондай көзқарастарғылар жоқ емес. Мейлі кім, қалай айтса да: «Адам білмегенінің дұшпаны» дегендей, имам Әбу Ханифа мен имам Матуридидің телегей теңіз білімдері мен парасатты пайымдарына бойлай алмаушылықтан айтылған сөздер, жабылған жала еді. Енді, осы имам Матуридидің «Тәуйлатул Құран» атты тәпсір еңбегіндегі фықһи мәселелерге қатысты тәпсір методологиясына тоқталып көрелік. Матуридидің, «Ғиндәнә – біздің көзқарасымызда» және «Қала асхабунә – біздің асхабымыз айтты» деп, имам Әбу Ханифа, имам Әбу Юсуф және имам Мұхаммед сынды Ханафи мәзһабы ғалымдарының көзқарасына сілтеме жасай отырып, пікір білдіруі Ханафи мәзһабын ұстанғанын көрсетеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде талдап көрелік.  

 

Аятты аятпен тәпсірлеуі

Имам Матуриди, Құрандағы: «…Ал енді, (сендерге махрам болған) аталмыш әйелдердің тысындағы әйелдерге нәпсіге бой алдырып зина жасамау, ар тазалығын сақтау шартымен мал-пұлдарыңнан мәһір беріп үйлену адал етілді. Ендеше, аталмыш әйелдермен жұп болғыларың келсе мәһір ақыларын беріңдер. Бұл сендерге парыз…» (Ниса сүресі, 24-аят) деген аяттың тәпсірінде «Мутға» некесі шариғатта харам екендігін ашық айтқан. Бұл мәселені түсіндіру барысында әуелі мәһірдің* үкіміне тоқталып, мутға (қарымтасына ақы төленетін) некесінің харамдығын дәлелдейді. Енді, Матуридидің көзқарасы бойынша, мәһір және мутға мәселелерін қарастыралық.

Әуелгісі мәһір: имам Матуриди: «Алла Тағала некеде мәһірдің берілуін міндеттеді. Біздің асхабымыз, он дирһәм құны бар зат болуын шарт қылады. Он дирһәмға құны толмайтын дәниқтің (динәр) 6/1, азғантай бидәйдің дәні яки құрма және Құран аяттарын үйрету сияқты нәрселер мәһірге жарамайды. Оған Бақара сүресі, 237-аяты дәлел. Ал, Пайғамбарымыздың (с.а.с) бір кісіге: «Құраннан білгеніңді үйреткенің сол әйелдің мәһірі болсын. Ол әйелге сені некеледім» және «Кімде-кім мәһірге алақан толы тамақ, ұн немесе арпа берсе некесі халал болады» деген хадистерге келер болсақ, Алла елшісі (с.а.с) атамыш сөздерді айту арқылы дәл сол сәттегі мезеттік қиындықты жеңілдетіп, жағдайы келгенде мәһірін толықтырып беруге мүмкіндік қалдырды. Міне осыған саятын біздің ғалымдарымыздың тағы бір дәлелі бар. Ол Жәбир ибн Абдулла жеткізген: «Мәһір он дирһәмнан аз болмайды» деген хадисі дейді[1, 3-том, 144-146 бб.].

Ханафи мәзһабында Құрандағы хас– жалқылық мағынасын білдіретін сөздер қатғи (кескін) дәлел болып, сол сөзге толықтай амал ету міндет саналады. Мәһірге байланысты Құрандағы үкімде: «Әйелдеріне қатысты нені парыз (өлшем) еткенімізді білеміз» (Ахзаб сүресі, 50-аят) деген аяттағы «нені» білдіретін «ما» сөзі хас болып, осы сөзден үкім былай шығарылады. Құранда: «Ол әйелдердің біріне көп мәһір (қинтар) берген болсаңдар…» (Ниса сүресі, 20-аят) деген аяттағы «қинтар» сөзі арқылы мәһірдің көбінің шегі жоқ екені айтылған, ал мәһірдің ең азы болған он дирһамды шариғаттағы жазаның ең жеңілі саналатын ұрлық мәселесіне қияс қылып отыр. Әрі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Мәһір он дирһамнан аз болмайды» деген хадисін де дәлел қылады [2, 11-12 бб.]. Сөйтіп, Құрандағы «парыз еткенімізді білеміз» аятындағы хас «ما» сөзіне амал еткен болып, Құран үкімін негіз етеді.

Ханафи мәзһабінің ғалымдары Алла елшісінің (с.ғ.с): «Сен ол әйелге жиырма аят үйретсең, ол сенің әйелің» және Әли (р.а) Фатимаға (р.а) үйленер кезінде: «Тоныңды бер» [3] деген сынды хадистерді қолы қысқа кісілердің алдын-ала азырақ болса да мәһірдің ырымын жасау, некеге шыққан әйелдің көңілін аулау тұрғысынан болғанын айтады. Өйткені, Ислам тарихында Әлидің (р.а) Фатимаға (р.а) төрт жүз күміс дирһам бергені анық. Сол сияқты Құран үйрету, намаз, ораза және қажылық ғибадаттарын мәһір ретінде атауы материалдық міндет болған мәһірді мойнынан түсірмейді дейді [4, 2-том, 283-388 бб.].

Исламда әйел кісінің өзін бүкілдей еріне тәуелді еткені үшін көңіліне жұбаныш қылып берілген материалдық сый мәһір делінеді. Некеге шыққан әйел мәһірін қаржылық қоры ретінде жеке мүддесі үшін де пайдалануына әбден құқылы. Сондай-ақ, күйеуі қайтыс болып немесе белгілі бір себеппен ажырасып кеткен жағдайда нәзік жанды әйелдердің тіршілік көзі, материалдық қиындығын жеңілдету міне осы мәһір арқылы қарастырылған деуге болады. Сондықтан, Ханафи мәзһабы бойынша, мәһірге материалдық заттар ғана беріледі әрі оның көбінің шегі жоқ.

Ханафи мәзһабы бойынша, мәһірдің ең аз мөлшері он дирһам. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) заманындағы бір күміс дирһам қазіргі өлшеммен 3 граммға сәйкес келеді. Он дирһам – шамамен 30 грамм мөлшерінде. Яғни, берілетін мәһірдің құны 30 грамм салмағындағы күмістен кем болмауы керек.

Екіншісі мутға*: Имам Матуриди «Мутғаның» дінде харам екендігіне Құран аяттарын, көптеген хадистерді және ғалым сахабалар мен тәбиғиндердің көзқарастарын дәлел ретінде келтіреді.  

Имам Матуриди, Құрандағы: «…Ал енді, (сендерге махрам болған аталмыш әйелдердің тысындағы әйелдерге нәпсіге бой алдырып зина жасамау, ар тазалығын сақтау шартымен, мал-пұлдарыңнан мәһір беріп үйлену адал етілді. Ендеше, аталмыш әйелдермен жұп болғыларың келсе, мәһір ақыларын беріңдер, бұл сендер үшін парыз» (Ниса сүресі, 24-аят) деген аятты тәпсірлеу барысында: «мухсинин – ар тазалығын сақтау, ғайру мусафихин – зина жасамау» сөзінде Алла Тағала мәһірін беріп, некелесуді қалаған адамның ниеті «Ар тазалығын сақтайтын мәңгілік некеде болу, уақыттық шәһуатын қандыру (зина) мақсатында болмау» керектігін әмір етті. Кейбіреулер аяттағы: «Ендеше, аталмыш әйелдермен жұп болғыларың келсе ақыларын беріңдер» сөзінен «мутға» некесінің дұрыстығын шығарады. Олар аятта: «Истимтәғ» (шәһуәт әуестігін қандыру) жасаған соң ақысын беру айтылды. Яғни, «Никах» (неке) сөзі айтылмады, әрі уәжіп болған мәһір әуелі келісіммен бекітіліп, соның негізінде неке іске асады дейді. Олар Құрандағы: «әйелдермен жұп болғыларың келсе ақыларын беріңдер» деген аятты «…балаларыңды сендер үшін емізетін болса, сүт ақыларын төлеңдер» (Талақ сүресі, 5-аят) деген аяттың мағынасына ұқсатып, өздерінің кереғар көзқарастарына қарай икемдеп дәлелдегісі келеді.

Біздің көзқарасымызда (Ханафи мәзһабында), Ниса сүресі, 24-аятындағы: «…Ал енді, (сендерге махрам болған) аталмыш әйелдердің тысындағы әйелдерге нәпсіге бой алдырып зина жасамау, ар тазалығын сақтау шартымен мал-пұлдарыңнан мәһір беріп үйлену адал етілді» сөзі адал некеге дәлел. Ал, «Ендеше, аталмыш әйелдермен жұп болғыларың келсе ақыларын беріңдер» аятындағы «ақыларын беріңдер» сөзі «мәһірлерін беріңдер» мағынасын береді. Оған «Әйелдердің қожайындарының алдынан өтіп, мәһірлерін ғұрыпқа сай беру арқылы некелесіңдер» (Ниса сүресі, 25-аят), «Біз саған мәһірін берген әйелдеріңді халал еттік» (Ахзаб сүресі, 50-аят) деген аяттар бұлтартпас дәлел болады. Және де мутға некесін дұрыс дейтіндер аятта: «Уәжіп болған мәһір әуелі келісіммен бекітіліп, соның негізінде неке іске асады» деген сөздеріне келер болсақ, бұл біреуі әуелі, екіншісі кейін орындалатын жәй реттілік ғана. Құрандағы: «Әйелдеріңді талақ ететін кезде, олардың иддат (ажырасқаннан кейінгі күту) мерзімін есепке ала отырып талақ етіңдер» (Талақ сүресі, 1-аят) деген аятта әуелі иддат мерзімін күту айтылып тұр….. Асылында, талақ айтылған соң иддәт мерізімі басталады. Яғни, бұндай аяттар көп кездеседі. Сондықтан, мутға некесін дұрыс деушілердің бұл пікірлері дәйекті көзқарас емес.

Әли (р.а) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.а.с) Хайбар күні әйелдермен мутға жасауға және есектің етін жеуге тыйым салды» [5, 17-том, 328 б.] десе, тағы бір риуаятта: «Алла елшісінің (с.а.с) Мекке азат етілген күні әйелдермен мутға жасауға тыйым салды» [6, 864 б.] делінген. Алла елшісі (с.а.с) Мақаму Ибраһимде (а.с) тұрып: «Расында, Мен сіздерге мутғаға рұқсат берген едім. Кімнің қасында бірге ұстаған әйел болса, босатып жіберсін. Берген нәрселеріңнен ешнәрсе тартып қалмаңдар. Әлбетте Алла Тағала мутғаны қияметке дейін харам етті» [6, 864 б] десе, Абдулла ибн Омар (р.а) Омар ибн Хаттабтың (р.а): «Мутғаны дұрыс деп істеп жүргендерді жолықтырсам, тас боран атып өлтіремін» дегенін естідім дейді. Абдулладан жеткен тағы бір риуаятта: «Әйелдермен мутға некесінде болу талақ, мәһір, иддәт күту, мұрагерлік және некедегі құқықтық мәселелерге қатысты аяттармен үкімі насих (жойылды) етілді» деді» [1, 3-том, 146-149 бб.] деген.

Имам Матуриди, мутға некесінің харам екендігіне аталмыш аятты дәлел қылады. Әрі ол аятты өзге аят, хадистер, сахаба сөздері мен мәзһаб ғалымдарының көзқарасы арқылы кеңінен тәпсірлейді. Ислам дінінің кіршіксіз рухын ластайтын кереғар пікірлерден сақтандырады. Отбасы бұзылса, қоғам бұзылады деп қарайды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. 1.     Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, «Дәрул мизан» баспасы, Стамбул. – 2005-2010. 17 томдық тәпсір кітабы.
  2. 2.     Әбу Яғқуб Мұхаммад ибн Исхақ әш-Шаши, Ұсулү әш-Шаши, «Дәрүл-күтүбул ғилмия» баспасы, Байрут. – 2003.
  3. 3.     Ғәллама Әби Абдуррахман, Ғаунул Мағбуд ғәлә Сунәни Әби Дәуіт, «Бәйтул әфкарид дәулия» бапсасы, Оман. – 2000. 942 б.
  4. 4.     Молла Әли Қари әл-Һарауй, Фәтхү бабил ғинәя фи шархи китәбин ниқая, «Дәрү ихияид турасил араби» баспасы, Байрут. – 2005.
  5. 5.     Махмуд ибн Ахмад әл-Ғайни, Ғұмдәтүл қари шархү сахихел Бұхари, «Дәрүл күтүбил ғилмия» баспасы, Байрут. – 2001.
  6. 6.     Әл-Минһаж фи шархи сахих Мүслим, «Бәйтүл әфкарид дәулия», 2068 бет.

 

Абдусамад ОҚАН,

исламтанушы



* Мәһір – қыз бен жігіттің некелесу ісіне келіскен соң орындауға тиісті болған неке шарттарының бірі. Мәһірді неке кезінде де немесе кешіктіріп берсе де болады.

* Никәхул мутға – некесінде болмаған бөгде бір әйелмен шәһуатын қандыру мақсатында белгілі бір мөлшердегі материалдық (ақшаға) нәрсеге өзара келісіп, жыныстық қатынаста болу. Бұл ислам шариғатында харам. 

Пікір жазу