Жуырда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің рухын көтеретін айрықша жағымды жаңалықпен бөліскен болатын. Ол – Марал ишанның Кенесары ханға тарту еткен қасиетті Құраны табылып, елге қайтарылуы.
Мұны еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға деп баға берген Президент: «Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды. Осы Құранды жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына табыс етеміз. Өйткені бұл – бүкіл елге ортақ қазына. Құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаны абзал. Сондықтан Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын» деген болатын.
«Сабақты ине сәтімен» дегендей, Мемлекет басшысы сүйіншілеген тарихи оқиға жалғасын тауып, кеше көне жәдігерді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына салтанатты жағдайда табыс етті. Мүфтият ғимаратында өткен іс-шараға Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен дін қызметкерлері қатысты.
Қасиетті кітаптың аман-есен табылып, елімізге қайтарылуы туралы жаңалықты зор ықыласпен қабылдағанын жеткізген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин: «Бүгін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, Кенесары ханның Құранын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына салтанатты түрде табыстауға арнайы келдім. Атақты Марал ишан мен Кенесары ханнан мирас боп жеткен Құранның халқымыз үшін қастерлі дүние екені ақиқат. Сондықтан оны көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттау – маңызды міндет» деп атап өтті.
Мамандардың анықтауынша, киелі кітап 18 ғасырда жарық көрген. Түпнұсқа қолжазбасы қатты шығыстық мұқабамен түптелген. Кітап ақшыл-сары түсті 744 беттен тұрады, әрбір бетке 12 жолдан түскен. Қанша уақыт өтсе де, Құранның барлық беті түгел. Көркем безендірілген парақтардың басы, ортасы және соңы қолмен жазылыпты. Сондай-ақ парақтар алтын, көк, жасыл және қызыл түсті өсімдік суреттерімен әдіптелген. Ал әр жолдың арасы алтын жалатылған сынаппен көмкерілген.
Қағаз бен сия пигменттеріне жүргізілген химиялық-технологиялық зерттеу жұмыстары олардың ХҮІІІ ғасырдағы Шығыс қолжазба кітаптарын жасауда қолданылған материалдармен бірдей екенін көрсеткен. Құран қолжазбасы мен мөрлер бояуларының құрамына зерттеу жүргізу барысында олардың ХХ ғасырдың ортасына дейін қолданылған бояғыш заттан жасалғаны мәлім болды.
Қасиетті кітаптың ортасында қазақ тілінде «Қазақ ханы Кенесары. Оған Алланың көмегі болсын. Аллаға үміт артқан (Аллаға қайтатын) кедей құлдың дұғасымен. Молла Марал мбн Құрбан баба…» деген жазу мен ишанның мөрі бар. Қасына Кенесары ханның да мөрі басылыпты.
Көне жәдігерді отандық және шетелдік жоғары білікті, тәжірибелі мамандар толықтай зерттеген. Атап айтқанда, Ресей Федерациясының «Мемлекеттік тарих музейінің» мамандары, танымал тарихшы, шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы Илья Зайцев, еліміздің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының» ғалымдары зерттеп, барлығы бірауыздан Құранның Кенесары ханға тиесілі екенін анықтады. Олар кітапқа тарихи және музейлік құндылығы жоғары жәдігер деп баға берген.
Салтанатты іс-шара барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Құранды Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына реставрациядан өткізуге беретінін жеткізді. Шамамен 2 ай уақыт реставрация жүргізілген соң, Мемлекет басшысы айтқандай, киелі кітап Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне экспонат ретінде қойылмақ.
«Екі ғасырлық тарихы бар жәдігерді қариларымызға оқытып, сауабын Кенесары хан мен Марал ишан бабаларымызға бағыштаймыз» деген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биыл Діни басқарманың ұйытқы болуымен Марал ишан бабамыздың есімін жаңғырту мақсатында республикалық конференция өтеді деп жоспарланып отырғанын айтты. «Сол жиында Марал бабамызды жан-жақты зерттеп, зерделеп, тарихи фактілермен ол кісінің ұлттық бейнесін қалыптастыру, Кенесары хан тұсындағы Ислам діні жайында жаңа мәліметтер, тың дүниелерді тарату жоспарға енді. Алла қаласа, бұл жұмыстарымыздың да куәсі боласыздар» деді ол.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдыков бізге берген сұхбатында қасиетті кітаптың шыққанына екі ғасрыдан астам уақыт өткендіктен оны реставрациялау жұмыстары ұзақтау уақыт алатынын айтып өтті. Кітаптың әрбір парағын бактериялар мен грибоктардан тазалау және қалпына келтіру үшін үлкен жұмыстар күтіп тұрғанын жеткізді.
«Құран кітабын реставрациядан толығымен өткізіп болғаннан кейін біздің орталықта оның 4 көшірмесі жасалады. Түпнұсқаның өзі Түркістандағы кесенеге қойылса, көшірмелері еліміздің әр аймағындағы үлкен мешіттерге беріледі және оны ғылыми айналымға енгізу жұмыстары басталады. Бұл жәдігердің сыры әлі толыққанды ашылған жоқ деп ойлаймын. Оны тағы да тереңірек зерттейтін боламыз және жағымды жаңалықтармен бөлісіп отырамыз», – деді Жандос Болдыков.
Орталық директорының айтуынша, қасиетті кітаптың жазулары өсімдік бояуларымен жазылғандықтан ешбір әрпі өшіп кетпеген. Оның үстіне, бұл жай кітап емес, Құдайдың сөзі болғандықтан да, жақсы жерде ұқыпты түрде сақталынған болуы керек деген болжам айтылып отыр. Дегенмен де, 200 жылдан астам уақыт аз мерзім емес, сондықтан да қалпына келтіретін жерлері бар көрінеді. Реставрациядан кейін Құран беттері сканерленіп, электронды нұсқасы да көпшілікке қолжетімді болмақ.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ