Ислам діні – мәңгілік әрі әлемдік дін. Әр елдің мұсылмандары өздерінің дәстүрлеріне сай ислам дінін ұстанып келеді. Себебі, ислам шариғатқа қайшы келмейтін дәстүрлерді жоққа шығармайды, тіпті қолдап құптайды.

Бұның бір нақты дәлелі – қазақтың мақал-мәтелдері мен өлеңдеріне зер салып қарасақ, астарында аят пен хадис бар екенін байқауға болады. Сөзімізге дәлел ретінде бірнеше мақал-мәтел мен өлеңді талдап көрейік.

Мысалы, Отанға байланысты: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» мағынасындағы мәтелдер халқымызды отансүйгіштікке баулиды. Өйткені, отансүйгіштік – мұсылманның негізі міндеттерінің бірі.

Расында «отансүйгіштік», «патриотизм» ұғымдары асыл дінімізбен астасып жатыр. Дінімізде «Отанды сүю – иманнан!» деген нақыл сөз бар, бұл жайында хадисте, Алла елшісі (с.ғ.с.) өзі туған Мекке қаласынан Мәдина қаласына қоныс аударатын уақытта, Мекке қаласына қарап тұрып: «Алланың атымен ант етейін, сен жер бетіндегі ең жақсы мекенсің және менің сүйікті туған жерімсің, егер сенің тұрғындарың мені шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – деп жеткізген (Табарани риуаяты).

Тағы бір қарапайым мысал білімге байланысты: «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады». Ілім жайында хадистер өте көп, солардың бірінде Мұхаммед пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Білім алу әрбір мұсылман ерге де, мұсылман әйелге де парыз», – деп, ілім ізденудің маңыздылығын ескерткен.

Құран кәрімде білімнің артықшылығын бізге былай баяндайды: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» – деген («Зумар сүресі, 9 аят) сияқты аяттар барын білеміз.

Демек мақал-мәтелдердің бәрі аят-хадистардың астарына негізделген. Ата-бабаларымыз дінді мықты білгені соншалықты, бізге шариғатты қарапайым сөздермен, мақал-мәтел қылып жазып, түсіндіріп кеткен.

Бұқар жырау атамыздың «Тілек» деген өлеңінде келеді:

Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз,

Ең шұғыл пасық залымның,

Тіліне еріп азбасқа.

Үшінші тілек тілеңіз,

Үшкілсіз көйлек кимеске.

Төртінші тілек тілеңіз,

Төрде төсек тартып жатпасқа.

Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытта бес намаз,

Біреуі қаза қалмасқа.

Өлеңнің мағынасы шариғатпен астарлап түсіндіріліп жатыр. Бізге Алланы тануымызды, намаздың парыздығын айтып өткен.

Қазақтың мақал-мәтелдері рухани құндылықтарды насихаттайды. Олар дін мен дәстүрді байланыстырып, кең мағына беріп ұштасып отырғандығын көруге болады. Соларға амал ету арқылы, адамгершілік қасиеттерді жоғарылату, руханиятымызды арттырудың маңызы зор.

Қ. ТҰРСЫНҒАЛИЕВ,

Шығыс Қазақстан облысы

Дін мәселелерін зерттеу орталығы

Семей өңірлік секторының теологы

Пікір жазу