– Махмуд, Сириядан Түркия еліне қалай келдіңіздер?
– Елдегі шиеленістен кейін Түркия біздерді еш қиындықсыз қарсы алды. Шекарадан өту жеңіл болды. Себебі, сириялықтар үшін біршама жеңілдіктер жасалған. Атап кету керек, көптеген сириялықтар Түркияға ресми түрде қоныс аударуда. Олардың барлық құжаттары ресми түрде реттелген. Мен 2013 жылы елден кетуге отбасыммен бірге мəжбүр болдым. Себебі, Алеппо қаласында тұру мүмкін болмады. Таң ат қаннан кеш батқанға дейін үреймен өмір сүрдік. Күнде атыс-шабыс, халықтың мазасы қашты. Сондықтан, отбасымда ешкім зардап шекпей тұрғанда қоныс аударуға бел будым.
– Сирияда қалып қойған туыстарыңыз, жақындарыңыз бар ма? Олардың жағдайлары қалай?
– Біз Түркияға қоныс аударғанда көптеген туыстарымыз Алеппода қалып қойды. Біреуінің қоныс аударуға қаражаты болмаса, екіншісінің денсаулығы жоқ. Əрине, олардың қазіргі Алепподағы тұрмысы нашар екені айтпаса да белгілі. Қазір Сирияда жағдай түбегейлі өзгерді. Қауіп жан-жақтан туындап тұр. Мектептердің 80 пайызы жабылды. Сирия жүзге бөлінді. Əр ұлт өзінің тұрғылықты жерінде шекарасын сызып, өз қағидасымен өмір сүруде. Баяғыдай бір орталықтан басқару ертегі болып қалды. Сүнниттер, шииттер жəне күрдтер топ-топ болып бөлініп, өз жерлерін қорғаумен əлек. Жалпы, халық азғындықта өмір сүріп жатыр.
– Бөтен елге қоныс аударып келгеннен кейін қандай жағдай жасалды?
– Түркия əрдайым босқындарға қол ұшын беруге тырысады. Мұнда босқындар үшін арнайы жұмыс орындары ашылған. Сол мекемелер пəтер алып орналасуға жəрдем береді. Басқа да қоғамдық жұмыстарға тартады. Мəселен, өзім мұнда орта мектепте араб тілінен сабақ беремін. Біле білсеңіз, Түркияда халық санының көптігіне байланысты мемлекеттік жұмыс табу өте қиын. Соған қарамастан біздерге жеңілдік қарастырылып, сириялық біраз достарым мектептерде сабақ беруде.
– Босқындарға барлық жағдай жасалған ба сонда?
– Əрине, мұндай жеңілдікке барлық босқындар қол жеткізе алмайды. Қазіргі таңда Түркияда сириялықтардың саны көп болғандықтан, оларды арнайы лагерлерге орналастыруда. Бəріне бірдей жұмыс тауып беру, мүмкін емес əрине. Дегенмен, Түркия босқындар үшін медициналық көмекті аямайды. Бұған дəлел, өткен аптада көзіме ота жасату керек болды. Ота жасамас бұрын 3500 лира тұратын дəрі қабылдау қажет екен. Ал, дəрігер қалтам көтермейтінін ескеріп, маған дəріні тегін алып берді. Адамгершілік тұрғыдан қарағанда, əрине, риза болып қаласың.
Əңгімелескен Жалғас АСХАТҰЛЫ,
арнайы «Е-Islam» порталы үшін