Отбасын құрып, шаңырақ көтеру – өмірдегі ең маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан оның шарттары мен талаптары заң жүзінде ғана емес, дін негізінде де дұрыс орындалғаны абзал.

Алла Тағала: «Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін шын көңілден тарту етіңдер. Егер олар өз ризашылығымен сол мәһірдің бір бөлігін өздеріңе қалдырса, сендер үшін таза һәм адал. Игіліктеріңе жаратып, қызығын көріңдер» («Ниса» сүресі, 4-аят) деген.

Мәһір – қыз бен жігіттің некелесу кезінде әйел кісі өзін еріне тәуелді еткені үшін ердің мойнына уәжіп болған құны бар материалдық сыйлық. Мәһірді қыз бен жігіттің неке қидырған кездерінде немесе кейін өтеу шартымен өзара келісімдері негізінде беріледі.

Ал қалың мал, исламтанушы Самет Оқанның айтуынша, қыздың әке-шешесіне берілген күйеу жігіттің немесе құда жақтың қыздың ата-анасының көңілін жұбату, сыйластықты арттыру мақсатында дәстүр ретінде қалыптасқан ерікті (мүстахаб) амалы.

– Қазақ дәстүрінде күйеу жігіт берген қалың малға көбінесе қыздың жасауы әзірленіп, кейінгі күйеуімен бірге болған отбасылық өмірінде ортақ қолданысқа түсіп кетеді.

Келісілген мәһірді бермей кеткен жағдайда жігіттің мойнына қарыз болып қалады. Бірнеше әйел алған адам әрбірімен келісе отырып, жеке-жеке мәһір беруге міндетті. Сондай-ақ, қыздың өз ақысын (мәһрін) азайтуға немесе кешіруге мүмкіндігі бар.

 

Ал, ерлі-зайыптылар өзара ешқандай мәһірдің мөлшеріне келіспей тұрып, некелесіп қойған болса, онда қалыңдыққа өз құрбыларына берілген мәһірдің ұқсасы беріледі. Сонымен қатар, мәһірге шариғатта тыйым салынған арақ-шарап, ұрланған зат сынды дүние-мүліктер берілмейді, – дейді исламтанушы.

Сондай-ақ Самет Оқанның айтуы бойынша, Ислам шариғаты ер-азамат өмірлік жары ретінде таңдаған қалыңдағын қуанту, адалдығын дәлелдеу мақсатында материалдық сыйлық беруді міндеттеген дейді.

–  Жомарт көңілді жандар қанша мәһір берем десе де, бір шектеу жоқ. Бұған дәлел: бір күні мұсылмандардың халифасы Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) мінберге шығып былай дегені риуаят етіледі: «Мәһір мәселесінде әсірешілдік жасамаңдар! Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дәуірінде сахабалар мәһірді 400 дирһамнан асырмайтын», – деді. Сол сәтте құрайыштың бір әйелі: «Уа, халифа! Сіз мәһірдің 400 дирхамнан аспауын бұйырдыңыз ба?», – деп сұрайды. Сонда халифа: «Иә», – деп жауап береді, – дейді исламтанушы.

Ал Мұхан Исахан мәһр беру некенің рукны (негізі) емес дегенді алға тартады.

–    Некенің рукнына ер мен қыздың үйлену жөніндегі келісімі (ижаб уә кабул) жатады. Тіпті, мәһір шариғат бойынша некенің шарттарына да кірмейді. Алайда, Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 4-аятында және Алла Елшісінің (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде мәһір беру (Бұхари, Никаһ, 6; Насайи, Никаһ, 62; Муатта, Никаһ, 8) туралы айтылғандықтан, ғұламалар мәһір беруді некенің маңызды үкімдерінің бірі деп есептейді, – дейді Мұхан Исахан.

Сонымен қатар, Самет Оқан шариғаттағы қыздың ақысы болған мәһір қыздың отбасына берілген қалың мал арқылы өтеледі деуге келмейтін үш түрлі себепті атап көрсетеді.

– Әуелгісі, қалың малды қыздың ата-анасы белгілеп, мынанша дүние-мүлік әкел деп әр өңірдің салтына қарай міндет қойып жатады. Қызымен ақылдасып та жатпайды.

 

Ал, мәһір болса, қыз бен күйеу жігіт арасындағы келісім арқылы болатын іс. Екіншіден, қыз бала өзіне берілген мәһірге жасауын жасатуды қаламауы мүмкін. Ал, қалың малға қыздың жасауын жасату көп жағдайда отбасының шешімімен іске асып жатады.

 

Үшіншіден, шариғат талабы бойынша қыз жасауын жасап әкелуге міндетті емес. Яғни, мәһір – қыздың жекеменшік мүлкі. Оны неге жұмсау қыздың еркіндегі іс. Ол қыздың тұратын жәйін, киім-кешегін және т.б. қажеттілігін күйеуі тауып беруге міндетті. Міне, осы тұрғыдан екеуін толығымен бір нәрсе деуге келмейді, – дейді исламтанушы.

Сондай-ақ дін мамандары күйеуі қайтыс болған немесе күйеуі талақ беріп, ажырасқан жағдайда әлсіз, қорғансыз қалған әйелдің ары қарайғы өміріндегі материалдық қиындығын жеңілдету ісі осы мәһірде қарастырылады деген.

Еске салсақ, Ханафи мәзһабы бойынша, мәһірдің ең аз мөлшері – он дирһам. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) заманындағы бір күміс дирһам шамамен қазіргі таңда 3 граммға сәйкес келеді. Ал он дирһам – шамамен 30 грамм мөшерінде. Яғни, берілетін мәһірдің құны 30 грамм салмағындағы күмістен кем болмауы керек.

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу