Сұрақ: Мәзһабты мойындамау илхад болып санала ма?
Жауап: «Илхадтың» тілдік мағынасы «теріске бейімделу, шын мәнінде адасу, асылық жасау, бұйрықты орындамау, күмәндану, айтысу, тартысу, күпірлікке келу» (Әбуссууд, Иршадул-Акли’с-салим ила Мәзайәл-Қуранил-Кәрим. Бейрут. VI, 103) дегенді білдіреді.
«Илхадтың» шариғи мағынасына келер болсақ, «Алланың бір және бар екенін және діннің негіздерін жоққа шығару, Құрандағы илаһи принциптерге қарсы келу, Құран аяттарын бұрмалау, дінде бекітілген абсолютті үкімдерге күмәнмен қарау немесе күмән тудыру, діни үкімдерге немқұрайлық таныту» (Замахшари. Әл-Кәшшаф, ІІ, 148) деген мағыналарда қарастырылады.
Діни әдебиеттерде илхад жасап, адасқан жанды «мулхид» деп атайды. Негізінде, Құран-Кәрімнің бірнеше аятында илхад сөзі айтылып өткен. Мысалы Хаж сүресіндегі: «Шынында қарсы болғандарға, Алланың жолынан сондай-ақ Біз; оның тұрғындарымен шеттен келуші адамдарға тең қылған Мешіт Харамнан тосқандарға және кім онда зұлымдықпен жолдан шығуды (илхад) қаласа, оған жан түршігерлік азаптың дәмін таттырамыз» (Хаж, 25) деген аятта «илхад» деп дінге қарсы келіп, зұлымдық жасаушы жаһилдік мінез-құлықты нұсқаған.
Құран Кәрімнің әл-Ағраф сүресіндегі: «Ең жақсы атаулар Аллаға тән. Оған сол аттармен жалбарыныңдар. Алланың атында қиғаштық (йулхудина) істейтіндерді қойып-қойыңдар. Олар істегендерінің сазайын тартады» (Ағраф, 180) деген аятта «илхад» сөзі Аллаға қарсы келу мағынасында қолданылған.
Ал, Фуссиллат сүресіндегі: «Шын мәнінде сондай аяттарымызда бұрмалаушылық (йулхидина) жасағандар, Бізге жасырын емес. Ендеше отқа тасталған біреу жақсы ма? Немесе қиямет күні аман-есен келген біреу жақсы ма? Қалағандарыңды істеңдер. Сөзсіз Алла, не істегендеріңді толық көруші» (Фуссилет, 40) деген аятта «илхад» сөзі Құран аятын бұрмалау мағынасында айтылған.
Жалпы, діни мәселелер бойынша Құран-Кәрім мен сүннетті терең әрі жан-жақты зерттемей тұрып, мужтаһидтердің ортақ көзқарастарына қайшы пікір айту – илхад деп есептелінеді.
Әсілі, мужтаһидтердің ақида және фиқһ мәселелеріндегі ортақ көзқарастары әһлі-сүннет мәзһабтары болып бекітілген. Яғни, дін мәселесінде көпшілікке белгілі төрт хақ мәзһабтың діни үкімдеріне қарсы келу – адасушылық болып саналады.
Сол себепті де, Имам Раббани: «Мазһаб ұстанбау немесе мазһабсыз болудың үкімі – илхад. Төрт мазһабтың еш бірін ұстанбау деген маңдайдағы «ислам» белгісін сылып тастаумен пара-пар» деп, мұсылман қауымын илхад (адасудан) жасаудан сақтандырған болатын.
Мұхан ИСАХАН