Осы күнге дейінгі қойылған сауалдардың ішіндегі ең маңыздысы осы десем, артық айтпағаным болар.
Белгілі бір ұлт жеке-дара болмыс ретінде қалыптасқаннан кейін оның өскелең ұрпаққа беретін рухани тәрбиесі өз құндылықтары негізінде қалыптасуы заңды әрі қажетті.
Дегенмен қазіргі әлемдік қауымдастықта «ұлт» деген ұғымға қатысты түрліше түсініктер пайда болды. Бейнелі түрде айтқанда, ұлтымызды ұлт ретінде ұғына алмайтын халге жеттік. Ұлтты этникалық ұғым емес, жалпыхалықтық атау ретінде қабылдау, ұлттық ерекшелік пен азаматтықты астастыру орын алды. Оған қолдан жасалған «американдық ұлт» секілді қоспалардың да ықпалы елеулі болды (кезінде «қазақстандық ұлт» жасауға деген даурықпа дүрбелеңнің өткені де баршамызға белгілі).
«Американдық ұлт» деген атаумен біріктіріліп, этникалық төлтума құндылықтар құнсыздандырылған, қатыстылық атаулыны құқықтық қалыпқа құюға тырысқан реформашыл мемлекет тәжірибесінің дінбұзарлар мен ділбұзарларды қаптатқан ащы жемісін барша адамзат көзбен көріп отыр. Бұл қоғамның да өзіндік рухани құндылықтары, адамгершілік ұстанымдары бар, бірақ оларға мызғымас тірек болатын, мағына дарытатын «тілі, діні, дәстүрі біртұтас ұлт» деген ұғым жоқ.
Сөз түйіні: Ұлттық идеологиясы жоқ қоғамда өтпелі құндылықтық сипаттағы рухани тәрбиенің болуы мүмкін, бірақ ол ұлттық рухани тәрбие бола алмайды және тамырсыз дарақ секілді ғұмыры ұзаққа бармайды. Мұндай қоғамда ұлтты іздеу үдерісі, сөз жоқ, көп ұзамай қайта басталады.
Ал қазіргі қазақ қоғамына қатысты айтсақ, ақиқаты сол – қазақы рухани тәрбиені бойына сіңірмеген буын қазақтың перзенті болып қалыптаса алмайды. Бұл орайдағы ойымды осыдан он жыл бұрын жазылған мына өлеңіммен жеткізгім келеді:
…Ұсынған көпке үлгісін,
Ұлағат-ілім кені едің.
«Ұстанып жаттың үрдісін
Ұрпағым кетті» демедің.
Тіреуің белден тұр сынып,
Тұлдырға көшіп, қонды бақ.
«Ұрпағым!» дерсің ұмсынып,
Сенікі емес ол бірақ!
Қанында қалмай бір белгі,
Жасампаз ұлттың жан нұры,
Тәлімін алса кімдердің,
Телінер соған тағдыры!
…Сақталған сынық асылдан
Жем болып жатқа кетер ме?
Ғазауат сынды ғасырдан
Азамат аман өтер ме?!
Ұланын ұлтқа етсе жау,
Ерлерсіз қайтіп ел оңбақ?!
…Қазақстаным көктер-ау,
Қазақтың күні не болмақ?!