Құран Кәрімде Алла Тағаланың лағынетіне кәпірлер (Бақара, 89), залымдар (Ағраф, 44), сайтан (Хижр, 35), Алланың ақиқатын жасырғандар (Бақара, 159), арлы әйелдерге зина жасады деп жала жапқандар (Ниса, 93), екіжүзділер (Тәубе, 68), Ад қауымы (Һүд, 60), Перғауын және оның қауымы (Һүд, 99), Алла Елшісіне қарсы шыққандар (Ахзап, 57), Аллаға берген антын бұзғандар және бұзақылық жасағандар (Рад, 25), жалған ақпар таратқандардың (Ахзап, 60-61) ұшырайтындығы айтылады.
Сонымен бірге, Алла Елшісінің хадистерінде әке-шешесіне қол жұмсағандар (Муслим, Адаһи, 44), ұрылар (Бұқари, Худуд, 7, 13; Муслим, Худуд, 7), егіндік алқапты басып алғандар (Муслим, Адаһи, 44), арақ ішкендер (Әбу Даут, Ашрифа, 2; Муснад, I/316), бұйырылмаған мүшемен жыныстық қатынас жасаушылар (Ахмад, I, 309-317), өсімге ақша алғандар (Бұқари, Либас, 86, 96), соғыста тірі адамдарды қалқан қылғандар (Муслим, Сайд, Sayd, 60), малды азаптап, тірідей мүшесін кескендер (Бұқари, Забайх, 25), әйелге ұқсағысы келген еркектер, еркекке ұқсағысы келген әйелдер (Бұқари, Либас, 61), адамға күш қолданып, ұрып-соққандар (Бұқари, Либас, 82) қарғысқа ұшырайды. Бірақ, имам Тафтазани «Алла Елшісі (с.а.у) мұсылмандарды күнәлардан сақтандыру үшін осы хадистерді айтқан» деп біледі.
Жалпы, Алла елшісі (с.ғ.с.) мұсылмандарды лағынет жасамауға шақырған:
«Алланың лағынеті, азап және тозақпен қарғамаңдар» (Тирмизи, Бирр: 48).
«Мумин лағынет иесі бола алмайды» (ат-Тағриф, 3: 470).
«Кемел мұсылман ешкімге жамандық жасамайды, ешкімді қарғамайды, асыра сілтемейді және ұят нәрсені жасамайды» (Тирмизи, Бирр: 48).
«Адал адамға қарғаған жараспайды» (Муслим, Бирр: 84).
«Бір адам муминді лағынеттейтін болса, оны өлтірген сияқты күнә жасаған болады… (Тажрид, 12: 139).
Ибн Хажар Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадистеріндегі лағынетті екіге бөліп қарастырады:
Біріншісі, белгілі бір топқа қатысты айтылған лағынет. Мысалы, Алла елшісі (с.ғ.с.) кәпір болғандықтан Рағлан, Заукан, Асаба қауымына қарғыс айтқан.
Екіншісі, белгілі топ емес, бірақ, өсімқорлық, ұрлық, сараңдық, арақ ішкен, парақорлық және т.б. шариғат қатаң тиым салған күнә амалдарды жасаушылар (Ибн Хажар әл-Хайтами, аз-Зауажир, 2:6:-61).
Жалпы, мұсылман адам мүмкін болса, ешкімді қарғамағаны жөн және біреу қарғайтындай күнә істі жасамағаны дұрыс.
Мұхан ИСАХАН