Сұрақ: Күнәні кіші көруге бола ма?

Жауап: Кейбір адамдар күнәларын елемейді, оларды кіші көреді де: «Ой, кішігірім күнә ғой, одан не болып қалар дейсің?!» деп ойлайды. Алайда, «Тамшыдан теңіз құралатынын» естен шығармаған жөн. Бастапқыда елемей қойған күнәнің көптігі соншалық, ортасына батып кету қауіпі де бар.

Ислам мұсылманды жалпы күнә істемеуге шақырады. Себебі жасалған әрбір күнә адамның жүрегінде қара даққа айналып, жүректі толтыруы мүмкін (Термези 3334). Ал енді жүрек қара даққа толса, онда ол тасқа айналады.

Бір күні пайғамбар (с.ғ.с.) осы мәселеге қатысты Айша (р.а.) анамызға былай деп ескерткен:

«Уа Айша! Кіші деп танылған күнәлардан сақ болғай! Жаратушының сол кіші күнәларды да жазып жүретін қызметшілері бар» (Ибн Мәжаһ 4243).

Ғалым сахабаларының бірі Абдулла ибн Масғұд (р.а.) мына риуаятты келтіреді: «Шынайы мүмін, күнәдан сақтанады. Ол етегінде отырған тау төңкеріліп кетердей жасаған күнәларынан қорқады. Ал жасаған күнәларын кіші көріп, көңіл бөлмейтін адам, өз күнәларын – мұрнына қонған шыбын іспеттес елемейді» (Бұһари 6308).

Сондықтан да мұсылман адам күнәні үлкен-кіші деп бөліп жармайды. Жалпы күнә жасаудан барынша сақ болады.

 Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу