Сұрақ: Адал ризық табудың пайдасы неде?

Жауап: Расында мұсылман басқаларды алдаудан және арбаудан аулақ болғандықтан адал ризық табу жолын іздейді. Өзінің жеп-ішкеніне мұқият қарайды. Адал жерден нан тауып, отбасына тек адал ас алып келуге күш салады. Себебі ислам харамның берекеті болмайтынын айтып, мұсылманды адал еңбекке шақырып, жігерлендіреді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) ризығын адал жолмен табуға тырысқан адамның жүзі қияметте толған айдай жарқырайтын болады деген (Ибн Аби Шайба 22186).

Ризықтың ең жақсысы, ең тазасы және ең қайырлысы – ол өз маңдай терімен, еңбектеніп тапқан наны. Пайғамбар да (с.ғ.с.) осылай етіп бұйырған (Бұһари 2072). Пайғамбардың өзі (с.ғ.с.) үнемі Алладан адал ризық нәсіп етуін және харамнан қорғауын тілеген: «Уа Раббым! Мені Сенен басқаларға мұқтаж ете көрме!» (Термези 3563).

Сансыз нығмет берген Раббымыз, бізге таза әрі игі ризықтар бергенін айтады және сол ризықтан ішіп-жеуімізді бұйырды (Бақара: 168). Егер ішіп-жеген ризығымыз арам жолмен келсе, онда шығынымыз да көп болмақ. Алланың елшісі (с.ғ.с.) адал нан тауып жемеген адам жайында былай деген екен: «Жегені арам, ішкені арам, азық-түлігі арам болғанның дұғасы қалайша қабыл болмақ?» (Мүслим 1015).

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу