Сұрақ: Менің көршімнің ұлты кәріс. Онымен қандай мәміледе болуым қажет?

Жауап: Мұсылман адам көршінің ұлтына, нәсіліне, түсіне немесе дініне қарамайды. Оның көршісі кім болса да оған жақсылық жасауы және онымен көркем мәміледе болуы міндетті.

«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар және әке-шешеге жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астарыңдағыларға жақсылық қылыңдар» (Ниса: 36).

Мысалы, пайғамбардың (с.ғ.с.) көршісі яһуди болды. Ол пайғамбардың (с.ғ.с.) есігінің алдына үнемі қоқыс төгіп кететін. Бір күні ол үш күн қатарынан көрінбей қалады. Көршісін уайымдаған Алланың елшісі (с.ғ.с.) оны іздеп үйіне барады.

Яһуди оған: «Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.)! Не үшін келдің?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сен әдетте жасайтын нәрсеңді орындамаған соң (яғни қоқысты төкпегеннен кейін), мен сені науқастанып  қалған екен деп көңіліңді сұрағалы келіп отырмын», – дейді. Яһуди: «Сенің дінің осылай жасауға бұйра ма, ей Мұхаммед (с.ғ.с.)?» – деп сұрайды.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Тәуелсіздікке 30 жыл: Ислам құндылықтары жайында конференция өткізілді

Пайғамбар (с.ғ.с.): «Менің дінім жай бұйырып қана қоймайды. Бұдан да көп нәрсені талап етеді», – деп жауап берді. Сонда исламның көрші ақысына деген мәмілесіне тәнті болған яһуди: «Алладан басқа құдайдың жоқтығына және Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың елшісі екенінен куәлік беремін», – деп иман келтіреді.

Демек, ислам жалпы көрші атауына жақсылық жасауды әмір етеді. Жоғарыдағы пайғамбар (с.ғ.с.) өмірінен алынған үзінді де осыған куә болмақ.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу