“Ислам үш нәрседен құралады: олар – иман, шариғат және көркем мінез» деген тұжырым бар. Сол себепті: құлшылық-ғибадаттың жемісі, мұсылманның көркі – көркем мінез. Шариғаттың мақсаты да – мінезі көркем Тұлға қалыптастыру. Ардақты Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) асыл миссиясы да осы: «Мен мінез-құлықтарды кемелдендіріп, толықтастыру үшін жіберілдім» (Муслим, Хаким жеткізген хадис).
Көркем мінездің жемісі жайлы хадисте былай делінеді: «Менің сіздердің араларыңыздағы ең жақсы көретін адамым және Қияметте маған ең жақын болатындарыңыз – мінез-құлқы жақсы болғандарыңыз!», «Қиямет күні мүминнің таразысында көркем мінез-құлықтан салмақты нәрсе бомайды!» (Тирмизи жеткізген)
Сонымен көркем мінез – қандай мінез? Әрине, аятта айтылғанындай, көркем мінездің үлгі-эталоны – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) мінезі! Алла Елшісінің мейірімділігі мен жұмсақтығын, қарапайымдылығы мен кешірімділігін, сабырлылығы мен кішіпейілділігін түйіндей келгенде, Пайғамбар мінезінің өзегі – кісі көңілін қадірлеу екенін түсінеміз! Сондықтан «көркем мінез» дегенде: көз алдымызға мейірім мен жұмсақтық елестей кетеді.
Алайда осы жерде бір кілтипан бар: осы түсінік кейде мұсылман баласын мүләйімсіген момындыққа, иіс алмас ынжықтық пен қайырсыз харекетсіздікке бастайтынын байқап қаламыз. Бүл қателіктен арылудың жолы – ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өмірбаянын терең зерделеу, мінез-құлқын байыппен зерттеу.
Ақиқатында, Алла Елшісі ең мейірімді адам болуымен қатар, керек жерінде, қатал да бола білді; ең кешірімді адам болуымен қатар, жазалай да білді; кішіреюмен бірге қайтпас қайсар болды; жұмсақтығына батылдығы мен батырлығы сай болды! Яғни, көркем мінездің құбыласы – көңіл болғанымен, көңілшектік емес; Ар мен Әділдіктен тайған көңіл жықпастық емес!
Мінезді көркемдеудің және шынай көркем мінездің мазмұны мен маңызы хақ дін Исламның мұрат-мақсатын түсінгенде тіпті ашыла түседі. Асыл дініміздің мақсаты: адамның жан-дүниесінде үйлесім-тыныштық орнату, сосын отбасында, туыстар арасында, ел ішінде, ең соңы Жер бетінде амандық-есендік пен сыйластықтың орнауы. Ал бұл мұрат Ұлы Жаратушыға мойынсұнумен: Мейірім мен Әділетті ту еткен қоғам құру арқылы жүзеге асады…
Қоғам (мемлекет) отбасылардан құралатынын ескерсек, қоғамды ізгілендіру отбасын түзеуден, ол өз кезегінде жеке адамның өз мінезін жақсартуынан басталмақ. Тәрбие ісінің, әр адамды рухани жетілдірудің маңызы осы арада анық көрінеді. Әлиханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген мәшһүр сөзін ескерсек, физикалық және интелектуалды дамумен қатар, эмоционалды және рухани дамудың аса қажет екенін ұғына түсеміз. Елі үшін еңбек етер Ердің ең әуелі мінезді болуы керек екенін түйсінеміз. Қазақ та «мінезді» деп: қайсар, талапшыл, табанды, қайтпас адамдарды айтса, «мінезсіз» деп: сөзі мен ісі үйлеспейтін, жігерсіз, талапсыз, жасық пенделерді айтқан.
Қоғамды, ұлтты алға сүйреушілер – Тұлғалар, тұлғалық деңгейге жеткен азаматтар. Тұлғаның басты ерекшелігі – ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстай алатындығында, еркіндігін жауапкершілікпен үйлестіре алатындығында. Ол мейірленіп тұрып әділ бола алады; жұмсақтығын сақтай отырып батыл бола алады; кеңкөңілдігі қайсарлықпен ұштасқан! Өзіне қатал, өзгеге кешірімшіл; өзі (нәпсісі) үшін өш алмайды, бірақ Әділдік жолында ымырасыз!..
Мұсылманның амалы – оның Тұлғасына тәуелді, ал тұлғаның ішкі мазмұны – мінез-құлқы. Мінезді түзеу үшін сау ақыл мен ерік-жігердің жұмысы қажет. Ал, ақыл мен ерік-жігерді бағыттайтын нәрсе – дүниетаным, Сенім. Яғни, мінез – адам еркіндігі мен қалауының көрінісі, танымы (иманы) мен махаббатының, жігері мен еңбегінің жемісі!..
Иман кемелдігінің белгісі, ар-иманның шұғыласы болған мінезіміз – көркем болғай!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ