Кейінгі жылдары Қазақстан халықаралық аренада көрнекті бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде көрінді. Егемендік алғаннан бері бейбіт, сындарлы сыртқы саясат жүргізіп, түрлі жаһандық мәселені шешуде келіссөздер алаңын ұсынып келеді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі дәуірде бейбітшілік пен тұрақтылық орнату мақсатында құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымының әлемдік тәртібі кейінгі кезде бұзылып, әлем бірнеше полярларға бөлінді. Жағдайдың бұлай өршуі БҰҰ-ның беделіне нұқсан келтіреді. Мұның салдары шартараптың түкпір-түкпірінде қарулану жарысын әкеп соғуы мүмкін. Ахуалды реттеудің жалғыз жолы – дипломатияға жүгіну.
Дегенмен дипломатия барлық жағдайда жұмыс істемейді. Сондықтан жаһандық бейбітшілікті сақтаудың балама жолын ойлап табу керек. Дүние жүзіндегі адамдардың 85 пайызы дінге сенеді. Осылайша, дін әлемдік тәртіптің негізгі күшіне айналады. Сондықтан дін көшбасшыларының жаһандық бейбітшілік пен келісімді сақтауда рөлі ерекше. Сонымен қатар бүкіл дін адам өмірінің қастерлі екеніне, өзара қолдауға және деструктивті үрдістерден бас тартуға шақырып, адамгершілік құндылықтарды насихаттайды. Бұл қағидаттарды жаңа әлемдік тәртіптің негізі ретінде пайдалануға болады.
Президент Тоқаев діни жетекшілерге өз ықпалын көрсете алатын үш саланы атап көрсетті. Біріншіден, олар ұзақ уақыт басынан қақтығыс өткізген қауымдарда діннің күшін пайдаланып, соғыстан қалған жараларды емдеуге үлес қоса алады.
Екіншіден, жекелеген өшпенділік әрекеттері әлемдік бейбітшілікке нұқсан келтіруі мүмкін екенін ескеріп, діни көшбасшылар өзара қарым-қатынасын ілгерілету арқылы жағдайдың бақылаудан шығуына жол бермейді.
Үшіншіден, жаңа технологиялардың нәтижесінде адам өмірінің бүкіл саласында жүріп жатқан түбегейлі өзгерістерді ескеріп, діни көшбасшылар цифрлық шындықтың қиындықтарына қарсы тұру үшін рухани құндылықтарды сіңіріп, моральдық стандарттарды белгілей алады.
Қазіргі заманның тірегі рөлінен айырылған дәстүрлі діндер жаһандық деңгейде өзінің ықпалды мәртебесіне қайта ие болды. Діннің қазіргі адам өміріндегі маңызын көрсету мақсатында Қазақстан билігі Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін тұрақты өткізіп келеді. Іргелі жиын елдің халықаралық имиджін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Құрылғанына 20 жылға жуықтаған съезд конфессияаралық диалогтің жаһандық үдерісіне елеулі үлес қосты.
Съезден келетін ауқымды артықшылықтарға назар аударып, оны тұрақты түрде ұйымдастыру өте өзекті. Жиын әртүрлі діндерді бір-біріне жақындатуда оң рөл атқарады. Осылайша, қоғамдағы бейбітшілік пен басқаларға құрметті ілгерілетеді.
Президент Тоқаев соңғы съездің ашылуында Қазақстан халқы әртүрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрлерін, төзімділік пен ашықтық рухын бойына сіңіргенін атап өткені дұрыс қадам болды.
«Қазіргі таңда Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр, 18 конфессияны біріктіретін 4 мыңға жуық діни бірлестік еркін жұмыс істейді. Мұны Қазақстанның баға жетпес байлығы және төл артықшылығы деп білеміз. Съезд елімізде және бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі Қазақстан саясатының маңызды бөлігі», деді ол.
Бұл Қазақстанның өркениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалогтің жаһандық орталығы ретіндегі рөлін растайды. Съезд идеяларын жаһандық деңгейде ілгерілету, шетелдік саясаткерлерді, сарапшыларды, журналистерді диалогке тарту, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары мен көрнекті саяси қайраткерлерді ұзақмерзімді тұрақтылыққа қол жеткізуге шақыру маңызды.
Раза САЙЕД,
британиялық журналист