Біз кеңес одағына дейін Ақмола қаласында 2 мешіттің болғанын білеміз. Олар – Қоңырқұлжа салған ескі мешіт және татар көпесі салған, қазіргі Республика және Абай даңғылдарының қиылысында болған жасыл мешіт. Дегенмен, жергілікті өлкетанушы Дмитрий Глухих қалада бұдан бөлек тағы бір мешіттің болғанын өз постында атап өтіпті.
Ол Кенесары көшесінің бойындағы Мұңайтпасов атындағы стадион жанында орналасқан көне ғимараттың суретін жариялап, оның тарихына тоқталады.
“60-жылдары түсірілген суретке қарасаңыз, ол жерде көшенің ескі атауы “Спортивная” деп жазылып тұрғанын көруге болады. 1965 жылға дейін қазіргі Жеңіс даңғылы солай аталған болатын. Ал 1934 жылы оған Спортивная атауы берілген. Оған дейін Қазынашылық көшесі деп аталған. Оған осы атауды берген де осы үй болатын. Ғимарат Ақмола бекінісінің қақ ортасында орналасты. Сол кезде ол Қазынашылық үйі болды…
1927 жылы қазынашылық үйін өлкетану музейіне айналдырады. 1930 жылы оны жабық мешіт, кейін жабық шіркеу қылды… 1969 жылы үйді құлатып тастады” деп жазады ол.
Бұдан көріп отырғанымыздай, Ақмола қаласында қазіргі Жеңіс даңғылы көшесі бойынша аз уақыт болса да мешіт жұмыс істепті.