АСТАНА. 14 сәуір. E-ISLAM.KZ – Қазіргі діни ахуалды әлемде күрделі күйінде деп айтуға негіз бар. Бұл жер бетіндегі елдердің бірі – бізге де, Қазақстанға да бір әсерін тигізуі ғажап емес. Сондықтан мемлекетімізде діни жағдайды қалыпты ұстап отыру үшін үкімет те, діни бірлестіктер де жұмыла жұмыс істеуде. Десе де еліміздің батыс өңіріндегі жайттар баршамызға белгілі, ондағы ахуал өзге аймақтарға қарағанда күрделірек. Атырау облысында Әбу Ханифа мәзһабын насихаттап, жат ағымдарға тойтарыс беріп, төл дініміздің мәртебесін асырып жүрген белгілі дінтанушы Ерсін Әміремен тілшіміз әңгімелескен еді. Сұхбат барысын оқырмандарымызға ұсынғанды жөн көрдік…
– Соңғы жылдары орын алған діни келеңсіздіктер батыста басымырақ байқалды… Бұған ел үкіметі де, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да бейжай қарай алған жоқ, жедел шаралар қабылданып, шаруалар қолға алынғанынан хабардармыз. Қазір ше?.. Нәтиже байқалады ма?
– Мен тек Атырау өңірі бойынша айтайын. Өйткені, сол қалада өзіңіз айтқан бағытта жұмыс атқарудамын. Расында, батыста жат ағымның жамағаты көп. Әлбетте, мұның өзіндік себептері бар. Ең негізгісі, бұрындары, бізден ілгеріде өңір мұсылмандарына жат ағым өкілдері, атап айтатын болсақ, сәләфия ағымының такфир тармағының өкілдері уағыз айтқан. Олар бастапқыда дәстүрлі ұстанымды өзіне бет перде етіп отырған. Жамағатты баурап алған соң шынайы бейнесін көрсеткен. Оның былығын түзеймін деп сәлафизмнің мадхалия тармағының өкілі барған. Осылайша, ахуал ушығып, жат ағымдар күшейе түсті және мешіт жамағаты дәстүрлі ханафилер, такфирлер және мадхалилер болып үшке бөлініп шыға келді.
Жалпы, батыс имам-молдаларының білім деңгейлері жетілдіруді қажет ететінін баса айтқым келеді. Өкінішке қарай, ол жақта діни мамандандырылған жоғарғы оқу орындарында білім алған дін қызметкерлері жоқтың қасы. Бүгінде облыстық әкімдіктің жәрдемімен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атыраудағы өкілдігімен бірлесіп, жұмыс істеудеміз. Білікті мамандарды тартып, мешіттерде уағыз-насихаттарды көбейтудеміз. Нәтижесі жаман емес, Құдайға шүкір, Ханафи мәзһабының жамағаты күн санап артып, қатарымыз көбейіп келеді. Осындай ілкімді жұмыстар жалғасын таба берсе, дініміздің абыройы артатынына сенімдімін.
– Жат ағымға өтіп кеткен жастарымыз аз емес көрінеді. Оларды райынан қайтаруға қалай ден қойылуда, қандай амалдар қолданып жатырсыздар?
– Күшімізді негізінен өзге діннің жетегінде кеткендерге емес, өз қатарымызды көбейтуге жұмсаудамыз. Өйткені, олардың құлақтарына ұстаздары «Ханафилықтарды тыңдауға болмайды» деген пәтуаны сіңіріп тастаған. Біздің сөзімізге мойын бұрмайды, тыңдамайды. Десе де, радикалды ағым өкілдерінен дәстүрлі дінімізді мойындап, жөнін тауып жатқандар да бар.
– Қандастарымыздың, әсіресе кейінгі буынның адасуына не себеп? Имам-молдалар білімінің таяздығы ма, әлде сыртқы күштердің әсері ме? Басқа да жайттар бар ма?
– Турасын айтқанда, дін қызметкерлерінің білімінің төмендігі басты себептердің бірі. Өйткені, ол Атырау өңірінде Әл-Азһар секілді іргелі білім ордаларында оқып, шариғат ілімін меңгеріп, араб тіліне судай, діни білім алып келген мамандар тапшы. Тіпті, біреу-ақ. Нұрым Есмахан есімді білімді азамат. Ал қырық шақты жігіт шет елдерде, заңды, заңсыз білім ошақтарында сәлафизм бағытында оқып жүр. Ертең елге оралғанда әлгі қырығың қырық проблемаға айналады. Мұның алдын алу керек деп есептеймін. Сыртқы күштердің де әсерін жоққа шығара алмаймыз. Себебі, сәләфизмді өздеріне мемлекеттік дін етіп, әрі оны әлемге жаю жолында барын жұмсап отырған мемлекеттер бар.
Осыған қарап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарапынан әлі де көп шаруа шешілуді қажет етеді деп ойлаймын.
– Дін маманы ретінде айтыңызшы, жат ағымдарды құрықтаудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
– Бірінші мәселе, кадр. Әр мешіт имамы өзге ағымдағылардың сөзіне білімімен қарсы тойтарыс бере алатын болса, қарсы амал-дәлелдерді айта білетін болса, жамағаттан айырылып қалмас едік. Өкінішке қарай, ауылдық жерлердегі қызметкерлеріміздің білім деңгейінде кемістік бар. Алайда, қолдан келгенше, қал-қадірімізше қимылдап жатырмыз, құр алақан емеспіз. Ауыл молдаларына, имамдарына апталық, айлық, екі айлық семинарлар ұйымдастырудамыз. Негізгі қағидаларды, дәлелдерді, амалдарды үйретудеміз.
Жат ағымдарды мен екіге бөлер едім, алғашқысы – тек пікір аясында жүргендер, бұларға қолданылатын басты құрал – қарсы пікір. Екінші – заң бұзушылыққа, қырып-жою әрекеттеріне кетіп қалғандар. Оларға, әлбетте, заңмен тыйым салыну керек. Бірінші топтағылардың пікірі болашақта мемлекетке, ұлтқа қауіп төндіретін болса оның алдын алу керектігін ұмытпағанымыз жөн. Мысалы, «Таблиғи» жамағаты, олар біздің елімізде еш жарылыс жасамаса да, зияны бар екені анықталып, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен тосқауыл қойылды.
Алайда, қай бағытының болса да қатері үлкен сәлафизм ағымы осы қатардан табылар емес. Олардың қауіп-қатеріне мысал келтіре кетсек. Сәлафилердің мадхалиті де, суруриті де, такфириті де мойындайтын шейхтардың бірі –Усеймин. Ол имам Науайдің «Ізгілер бақшасы» деген кітабына жазған түсініктеме еңбегінде басшыға бағыну мәселесін көтеріп: «Басшы егер сені күнәға бұйыратын болса, онда бағынуға болмайды. Егер басшы сақалыңды қыруға бұйырса, бұл – үлкен күнә, бағынбау керек» деген. Бұл пәтуаны елімізде қолданатын болсақ, мұның нәтижесі азаматтардың әскерге барып, Отан алдындағы борышты өтеуден жаппай бас тартуына әкеп соғады. Неге? Себебі біздің елдің тәртібі әскери қызметте жүргендерге сақал қоюға рұқсат етпейді. Көрдіңіз бе, бұл пәтуаның қаншалықты қауіпті екенін?! Осындай мемлекетімізге қауіп төндіретін пәтуаны бойына сіңіріп алған сәләфизмнің жетегінде жүрген іні-бауырларымыз қолдан келгенше әскерге бармаудың жолын қарастыруда. Осылай елімізге үлкен зиян келтіруде.
Сәлафи ағымының тағы бір «данышпаны», «мүфтиі» Мұхаммед ибн-Ибраһимнің айтуынша, кез келген шариғат заңынан басқа заңға жүгінген мемлекет, жүгіну себебіне қарамастан, кәпір болып есептеледі. Бұдан біздің қоғам да кәпір дегенді ұғамыз. Ең сорақысы, осы шейхтарды сәлафизм ағымының барлық бағыттарының жамағаты мойындайды. Сол үшін де олар қауіпті.
– Дәстүрлі дінімізді енді ғана ұстанып, құбылаға қарап тізе бүккен, Алланы тани бастаған бауырларымызға сол жат ағым өкілдерін бірден тану белгілерін (мәселен, киім киісінен, сөзінен) атап көрсетсеңіз…
– Сәләфизм өкілдеріне келетін болсақ, олардың денінің балақтары қысқа келеді. Сақалға мүлдем қайшы тигізуге болмайды деп есептейді. Усеймин, ибн Баз, Альбани, Робиъ әл-Мадхали, Муқбил әл-Уәдиғи деген кісілердің уағыздарын насихаттайды. Ибн Тәймия, ибнуль Қойим, Мухаммад ибн Абдульуаххаб деген кісілердің кітаптарын оқуға шықырады. «Үш негіз» деген Мухаммад ибн Абдульуаххабтың кітабын қатты насихаттайды. Сол кітаптан сабақ береді.
«Біз халифат құруымыз керек, ана жақта, мына жақта мұсылмандар қиналып жатыр. Соларға көмектесуіміз қажет, жихадқа шығу керек» десе, бұлар – сәлафизмнің тәкфирлік бағытын ұстанушылар. Тақиюддин Набхани деген кісінің есімін тілге тиек етіп, әлемдік халифат құру идеясын алға тартып жатса, бұл «Хизбут тахриршылар». «Үш-төрт күнге Алла жолында сапарға шығып қайтайық, дағуат жасайық» десе, «Таблиғи» жамағатының белгісі. Кесене аралауға шақырып жатса, «Ата жолы» ағымының мүшесі.
– Ел егемендігін алысымен қоғамда дінге жаппай бет бұрушылық пайда болды. Халық арасында діншілдер көбейді. Бұл – қазақтың сауатының көтерілгендігі ме, сонша жыл бодандықта болған жұрттың дінге шөліркегендігі ме, әлде… сыртқы күштердің әсері ме? Қалай ойлайсыз?
– Дін – адамның табиғи мұқтаждығы. Алла тағала адамды денеден және рухтан жаратты. Дененің азығы белгілі, тамақ, нан, киім секілді нәрселер.
Ал рухтың азығы – рухани дүние. Оның орнын материалдық нәрсемен толтыра алмаймыз.
Әр адамның жүрегінде бос кеңістік бар, соны рухани дүниемен толтыру керек. Бұл – әр адамдағы мұқтаждық. Сол мұқтаждықты толтырам деген адам әлгі радикалды топтардың құрығына тап болса, ол, әлбетте, зардап шегеді, зиянын өзі де, өзге де көреді. Оның зияны да үлкен болады. Ал дәстүрлі ұстанымымызға бағыттасақ, ол нағыз салауатты, ел азаматы, отанының нағыз патриоты, ата-анасын құрметтейтін, қарттар үйіне апарып тастамайтын, баласына дұрыс тәрбие беретін адам болып қалыптасады. Одан тараған ұрпақ та үлгілі болады. Сондықтан дінге бет бұруымызды табиғи мұқтаждық деп білу керек.
– Бүгінгі жамағат арасында діннің қай тақырыбы жиі талқыға түседі, үнемі дауға айналады, қандай сауалдар көбірек қойылады?
– Негізгі тақырыптар көп емес, айталық, жат ағымдар мәселесі, арадағы тартыстар, содан кейін намаз оқу амалдары. Өкінішке қарай сәләфилік ағымның уағызшылары еліміз егемендік алған жылдардың өзінде-ақ қазақ жерінде алдыңғы имам-молдаларымыз қарапайым халықтың арасында көтермеген «Алланың есім-сипаттары, Алла қайда? Алланың қол, аяқ, балтыры бар ма?» деген сияқты күрделі тақырыптардың есігін айқара ашты. Және ата-бабаларымыздың, халқымыздың мақтанышы болған алып тұлғалар Мәшһүр Жүсіп, Абай, Шәкәрімдердің сенімін теріске шығарып қалың жұртшылықтың басын қатырып бітті. Олар қарапайым халыққа есігін айқара ашқан тақырыптарда дұрысын бұрысынан, ақиқатты адасудан айырып беру үшін аталмыш тақырыптарға кіруге мәжбүр болдық. Құдайға шүкір, мұсылмандардың қара шаңырағы болған діни басқармамызда нақты дәлел-дәйектермен, ғылыми түрде сәләфилердің сенімде, фиқһ мәселелерінде адасқан тұстарын мұсылман жамағатына жеткізіп, сауаттандырып жатқан білімді азаматтарымыз бар. Енді олар сол мамандарымызға деген халқымыздың сенімін жоғалтуға тырысып бағуда.Сол үшін де бүгінгі таңда сәләфилер әлеуметтік желілерге, сайт беттеріне бүркеме, псевдоним аттармен шығып әлгі мамандарымызға «хабашит, жахмит» деген атаулар беріп, күйе жағуда. Олардың мұндай былғанышты іс-әрекеттерге барғанын көріп «япыр ай бұлардың діттегені дін бе әлде басқа нәрсе ме» деген ойда қаласың.
Соңғы кездері үйлену, ажырасу, үй болу, әйелге талақ беру төңірегінде сауалдар жиі қойылады.
– Иә, соңғы ресми деректер жастар арасында ажырасудың өте көптігін айтады. Бір жылда шаңырақ көтерген жастардың үштен бірі айырылысып тынған көрінеді.
– Мен айтар едім, жат ағымдағылар бұл проблеманың діндарлар арасында ұлғаюына зор үлес қосуда. Ата-анасын намаз оқымады деп, кәпір санап, олардың рұқсатынсыз тұрмысқа шығып жатқан қарындастарымыз қаншама! Қазақтың үйленудегі дәстүрін сақтамастан, қалың мал төлемей үйленген жастар еш өкінішсіз, қиындықсыз талақ етуге барады. Қазақтың беташар, есік ашу, сырға салу,құдалық секілді үйленудегі халқымыздың бай дәстүрлері екі жасқа да зор жауапкершілік артады. Оның үстіне жеңіл жолмен келген заттан қол үзу адам баласына қиынға соқпайды.
Бірде мешітке жылап-сықтап бір келіншек келді. Айтысына қарағанда, бір жылда үш мәрте тұрмыс құрып үлгерген және жүкті. Кімнен аяғы ауыр екенін өзі білмейді. «Маған көмектесіңдер, күйеуім талақ беріп, үйден шығарып жіберді» дейді. «Үйіңе неге бармайсың?» десек, ата-анамды «Намаз оқымайсыңдар, кәпірсіңдер» деп кінәлап, бас тартып кетіп қалып едім. Баратын жерім жоқ, олар мені қабылдамайды» дейді.
Мұндай жағдайлардың денінде адамдар мешітке жылап келеді ғой. Осы секілді тағы бір оқиғаға куә болғанымыз бар. Тұрмыстық ахуалы төмен бір жігіт екінші әйел алыпты.
Батыс өңірінде сәлафилердің арасында материалдық жағдайы көтермесе де, екінші, үшінші рет шаңырақ көтеру, үйлену «модаға» айналып кеткен бүгінде. Әлбетте, ерлі-зайыпты болған соң, түрлі қиындықтар кездеседі. Содан кейін бір-бірінің алдындағы міндеттерін, ақыларын талап етеді. Әлгі жігіт те екі әйелге үйленген, жұмысы жоқ. Қарызданып, қауғаланып, пәтер жалдаған. Оның екінші айын төлей алмағаннан кейін пәтер иесі шығарып жібереді. Екінші пәтер тауып, иесіне «Айдың соңына дейін төлеймін, алдамаймын» деп бар уәдесін үйіп-төгіп сендіреді. Межелі уақытында оны да төлей алмай, шығарып жібереді иесі. Осылай тағы бір баспана табады, онда да осы жағдай қайталанады. Ақыры, баспанасыз қалады ғой.
Бұл жерде жары да ата-анасынан бас тартып, жігіттің екінші әйелі болып некелескен. Оқиға барысын осы келіншек айтып берді бізге. Содан кейін екеуі бірінші әйелдің үйіне барады. Ол өз ерінің екінші рет некелескенінен бейхабар екен. Жаңалықты төбесінен жай түскендей қабылдаған «бәйбіше» жолдасына «Сен не бірге кетесің екінші әйеліңмен, не оны қуып жіберіп осы үйде қаласың» деп талап қояды. Өйткені, бұл үйді қыздың ата-анасы алып берген екен. Сондықтан өз үйіне өзі қожайындық етеді ғой. Жігіт не істейді? Екінші жарына «Мен сенімен қайда барамын, басар жерім, шығар тауым қалмады» деп бірінші әйелінің үйіне кіріп алады. Қыз жылап мешітке келіп отыр…
Міне, осындай некелесулер жиілеп кетті.
– Бүгінгі буынды рухтандыру үшін, қуаттандыру үшін Ислам дінінің қандай амалдарын сіңіруді, жаңғыртуды ұсынар едіңіз?
– Біріншіден, біз халқымыздың көкейінде «қазақ-мұсылман халық, мен мұсылманмын» деген сезімді күшейтіп, жаңғыртуымыз қажет. Халқымызда, соның ішінде әсіресе шет елге еліктегіш жастарымызда осы сезім әлсіреп бара жатқандай көрінеді.
Екіншіден, дін мен дәстүр, қазақ болу мен мұсылман болу, ұттық ерекшелік пен діни болмыс біріне-бірі қарама-қайшы дүниелер емес екендігін халқымыздың жадына сіңдіруіміз қажет. «Біз сендерді бір-біріңді білу үшін, танысу үшін ұлттар, ұлыстар етіп жараттық» дейді Алла тағала құран аяттарында. Және бір аятында «Сендердің келбеттеріңнің, түрлеріңнің, тілдеріңнің әр түрлі болуы Алланың құдіреттілігінің, ұлықтылығының белгілері» дейді. Ислам діні ешқандай ұлттарды, ұлттық ерекшеліктерді жою үшін келген емес. Мәселен, қазір жаһандану деген нәрсе бар. Мұның бір сипаты – ұлттық ерекшеліктерді жою. Мысалы, сұлулықтың әлемдік параметрін бізге сызып берді. Ол – әйелдің бет-келбеті мынадай, ұзындығы мынадай болу керек деген қағида. Болды, осыны сұлулықтың өлшемі деп қабылдадық. Сол өлшемдерге сай болған қыз өзін сұлу, бақытты көреді. Сай келмегені өзін көріксіз деп біледі. Осылайша әпке-қарындастарымыз біреулер сызып берген сұлулық өлшемінің құрбанына айналады. Бірақ бұл біздің ұлттық санамызға сай ма, басқа ма, оны есепке алмаймыз. Осыдай кейін ұлттың ерекшеліктері жоғалады, жойылады.
Ислам мұндай қадамдарға бара алмайды. Дін келгеннен кейін, өзбек – мұсылман өзбек, үнді – мұсылман үнді, қазақ – мұсылман қазақ болып қалды. Әр қайсысының шариғатқа қайшы болмаған салт-дәстүрлері, әдеп-ғұрыптары бар. Біз осыны ескеріп, ұрпақ санасына құюымыз керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да биылғы жылды «Дін мен дәстүр» деп атап, осы бағытта жұмыс істеуде.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген – Асхат РАЙҚҰЛ, арнайы E-ISLAM.KZ порталы үшін.