Жетісулық кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі жанға пәтер сыйлап, мерекеде қуанышын еселеді, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Қараталдық «Live Stroy Invest» ЖШС-нің директоры Марал Мырзалиев тағдырдың тауқыметін тартып, жалдамалы баспанада тұрып келген Мадина Төменбаеваға баспана сыйлады. Мереке қарсанында тұрғын үйге ие болған қуаныш иесі көзіне еріксіз жас алып, аудандағы ақжүрек азаматтарға алғысын жаудырды.
Ата-анасынан ерте айырылған Мадина Ерікқызы осы күнге дейін баспана тауқыметін тартып келген. Енді ол Үштөбе қаласынан тұрмысқа жайлы 4 бөлмелі үйде тұрады. Меценат-кәсіпкер өз қолымен кілтін табыстап, жана үйіне шашуын шашты.
Бүгін міне қолы ашық жандардың арқасында баспаналы болдық. Бұл жаңалықты хабарлағанда сенбедім. Түс деп ойладым. Бізді осында әкеп, қолымызға кілтті табыстағанда қуанышымда шек болмады. Бәрінен бұрын бауырым бақытты. Енді біздің бауырымыз екеумізде армандағандай өз баспанамыз болады. Барлығына көп рахмет. Менің отбасыма қол ұшын созып, көмектескен жандарға алғысымды білдіремін, – деді қуаныш иесі көзіне жас алып.