«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарушы директоры Мұрат Жұманбайдың хабарлауынша, карантин кезінде egov.kz порталына онлайн ажырасуға 311 өтініш түскен екен. KAZISLAM порталы бұл мәселенің негізгі өршу себебін анықтау үшін психоаналитик пен дінтанушының пікірлерін телефон арқылы білді.
«Карантин уақытында некелесуге 1152 өтініш, ал некені бұзуға 311 өтініш түскен. Соттарда некелескендер мен ажырасқандар статистикасы басқаша болуы мүмкін. Бұл цифр қазіргі жағдайды дәл сипаттай алмайды. Яғни, бұл тек онлайн өтініштердің саны ғана», – деді Мұрат Жұманбай.
Психоанализ ассоциациясының мүшесі, психоаналитик Бинұр Мұратқызының айтуынша, карантин кезінде некені бұзам деушілердің саны ерлі-зайыптылардың ортасында болып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кеңінен таралуына байланысты болып отыр.
– Төтенше жағдайға дейін отбасыда қандай да бір кикілжің туындағанда, ол мәселеден қашып кету үшін әркім өзінің жеке шаруасымен кетіп қалатын. Мысалы, біреуі жұмысына, біреуі спорт алаңына, біреуі дүкен аралауға т.б. жерлерге алыстап кететін. Кешке дейін үйге оралам дегенше, ушығып тұрған жағдайдың температурасы біраз түсіп, мәселе ұмтылып, шешілмеген күйінде қалып қоя беретін.
– Қазір карантин кезінде қашып кететін жер жоқ, олар бір территорияда қалып қойды. Енді ерлі-зайыптылар жанжалдан қашып кетпек түгіл, бір-бірімен соқтығысып қалып жатыр. Бұрыннан іштерінде тұнып қалған агрессия, реніштері бар, сол енді тар жерде одан бетер ушығып тұр. Соның салдарын болдырмас үшін кикілжің пайда болғанда, кей жағдайларда «иә, сенікі дұрыс» деген сөзді айту арқылы жанжалды бәсендетуге болады- дейді маман.
Психоаналитиктің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін, бойымызда қалыптасып қалған қашу әдетін сөйлесу әдетіне өзгертуге тырысуымыз керек. Яғни, жұбайлар бір-бірімен диалог құруы арқылы екі жақтың бір-біріне ойларын, сезімдерін айта алуы және сабырмен тыңдай алуы. Ашу кезінде бірден сөйлесіп кету емес, 5-10 секунд үндемей қалып барып әңгімелессе, ұрыстың темпі басылатынын айтады.
– Дегенмен, әңгімелесудің өзі кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ол әр адамның өзіндік бағасына байланысты. Бізде көбіне өзіндік бағасы төмен адамдар қол жұмсауға барады. Себебі олар ойын ашып жеткізе алмауынан, қара күшке бет бұрып жатады,- дейді.
Бинұр ханымның пікірінше, бақытты отбасы дегеніміз – екеуі бірлесіп бір қадамдар жасай алатын, бір-біріне түсінісушілік таныта алатын отбасы. Қазіргі таңда кей жағдайда ер азаматтар ауыр жүкті әйелдің мойнына артып қойғандығын айтады. Олар жұмыс жасап, үй шаруасымен, бала тәрбиесімен де айналысу керек. Сол себепті кез келген нәрсені ортақ істеп, үй шаруасына жәрдемдесіп, баланың тәрбиесіне де көңіл аударып, сондай-ақ екеуінің ортақ қызығушылығы болса – бүлінбейтін кіші мемлекетке айналуы сөзсіз болар еді дейді.
Ал теолог Балғабек Мырзаев, дінде Құран Кәрімде әйелдеріне қол көтеру туралы сөз жоқ дейді.
– Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың әйелдерін бір рет болса да ұрмағаны белгілі. Сондай ақ, көптеген хадистерде керісінше әйелдер мен балаларға мейірімділікпен қарауды өсиет еткен. Айша (р.а.) анамыздан жеткен хадисте: «мұсылмандардың имандылық жағынан ең абзалы, мінез-құлқы ең өнегелі болғаны жұбайына ең жақсы мәміледе болғаны» – деп бұйырылады. Сондықтан, біз өзімізді мұсылман санасақ, Құран Кәрім және Пайғамбарымызыдың сүннетімен жүреміз деп айтатын болсақ, жұбайларымызды жұдырықпен емес ақыл-кеңеспен жеңе білуіміз керек. Жөн-жосықсыз жұдырықты ала жүгіру – жеңілгеннің ісі. Ол дінімізде харам болып есептеледі- дейді теолог маман.
Теологтың ойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамымыздың үлкен дерттерінің бірі. Ол бұрыннан бері болып келе жатқан құбылыс. Карантин сол мәселені судың бетіне шығарып берді дейді.
– Біріншіден, зорлық-зомбылық қанағатсыздық болған жерде, ішімдік ішілетін жерде және білімсіз, ой-сана төмен болған жерде болады. Екіншіден, бала-шағаларымызға жастайынан отбасылық құндылықтарды бере алмасақ, дұрыс тәлім-тәрбие болмаған жерде болады. Үшіншіден, бұрыс әрекет жасаса да өзімнің жақынымдікі, туысымдыкі дұрыс деп тұрып алатын жаман қасиетіміз бар екенін мойындауымыз керек. Осының нәтижесінеде ерлі-зайыптылардың арасындағы силастық пен құрмет жоғалып барады. Ер адам өзінің міндеттерін, қыз баласы өзінің жолын біліп әрекет жасаса зорлық-зомбылық азаяр ма еді деп ойлаймын.
Қоғамда зорлық-зомбылықтың болуына ер адам көбірек кінәлі деп айтады. Бірақ ыдыс-аяқтың сылдырлауына қыздарымыз да себепкер болып жататынын жоққа шығара алмаймыз. Жалқаулық, үйдің ішінің ыбырсып жатуы, тіпті тамақты дұрыстап пісіре алмауы секілді проблемардан туындап жатады,-дейді.
Балғабек Мырзаев осылардың бәрі жинақтала келгенде отбасыда береке болдырмайды дейді. Бұған қоса, бүгінгі күні шыдамсыз болып кеткен жастарымыздың мінез-құлқының әсерін айтады. Нәтижесінде, ойран болған отбасы, жесір әйел мен жетім балалар ортаға шығады.
Халқымызда: «Бір күніңді ойласаң ағаш ек, екі күніңді ойласаң үй сал, мың жылыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле» – деген дана сөз бар. Дәстүрді бойға сіңіріп тәрбиелеу, ұрпағын өзінің тұп тамырынан ажыратпай, тіл мен ділін, төл мәдениетін бойына сіңіріп өсіру мұндай жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Ұлы әкесіне қарап, қызы шешесіне қарап бой түзейді. Әке-шешесі азанна кешке дейін телевизорға үңіліп, мағынасыз сериалдардың соңында жүрсе үлкені үлгі, кішіге ізет көрсететін ұрпақ қайдан шықсын,-дейді Балғабек Мырзаев.
Заңғар жазушы М. Әуезов айтқандай, ел боламыз десек бесігімізді түзеуіміз керек.