«Капеллан» қызметінің пайда болуы атақты епископ Мартин Турдің өмірімен байланысты. Ол 316 жылы Паннонияда (Венгрия) әскери отбасында дүниеге келді. Мартин бала күнінен монах болуды армандады. Алайда, әкесі ұлын әскери өмірге тәрбиеледі. Ол әскерде қызмет етіп жүріп бірде суыққа тоңған қайыршыға пальтосын жыртып, жартысын (капа) садақа етіп береді. Соңыра әлгі қайыршы оның түсіне Иса Мәсіх болып кіреді. Бұл әсерлі оқиға әскерилерге аңыз болып тарап, олар Мартиннің жыртық пальтосын кие тұтып, оны жорыққа аттанғанда «құтқарушы капа» деп атап, өздерімен бірге алып жүруді дәстүрге айналдырады.
Мартин соғыс кезінде көбінесе әскери міндетін орындаудан бас тартады. Оның пікірінше христиан діні жаулауды жақтамайды. Дін адамдары күнәһарлармен күресуі керек еді. Ол әскерилер арасында осындай уағыз-насихаттарын айтып, танымалдыққа ие болады. Зейнетке шыққаннан кейін Пойтерес маңындағы Лигуже шөлінде монастрьге діни қызметкер болып жұмыс істеді. Галлияда 397 жылы қайтыс болады.
Рим империясында 781 жылы «Капеллан» діни қызметі пайда болды. Алғашқыда, капелландар ақсүйектер мен шіркеу қызметкерлерінің арасын жақындатып, олардың үй діни қызметкері және хатшылық қызметтерін атқарды. Кейін діни қызметен өзге патрондық істерге де араласа бастады.
Тіпті, олар сыртқы істер жұмыстарында да жауапты қызметке ие болды. Орта ғасырлардағы Еуропадағы христиан теократиясы дәуірлеген тұста, капелландар канцелерия ісіне, музыка (шіркеу дьякондары) және т.б. қоғамдық салаларға ықпал етті.
XVIII ғасырдың аяғындағы Франциядағы теократиялық билік пен зайырлы ұстаным қақтығысынан кейін капеллан қызметі көбінесе әскери саламен шектелді. Олар әскерилердің діни қажеттіліктерін өтеуге жауапты болды. Атап айтар болсақ, әскерилердің отбасы тәрбиесіне, құлшылықтарына, моральдік тұрғыда демеу көрсетуге, қайтыс болғанда жерлеу рәсімдерін және т.б. діни қызметтерді атқаруға міндетті болды. Капелландардың әскери шені батольон сардарының орынбасарына теңестірілді.
Каппелан қызметкерлері христиан дінінің католик, проваслав, протестант бағытын ұстанушы мемлекеттердің әскери саласында лауазымды мәртебеге ие болды. Мысалы, І Дүниежүзілік соғыс кезінде Ресей армиясында 730 капеллан, 150 дьякон (діни музыканттар) жұмыс істеген. Олар діни қызметтен өзге соғыс кезінде жаралыларды таңуға, қаза тапқан сарбаздарды майданнан алып кетуге, олардың отбасыларына көңіл айту хаттарын жазуға, әскери мүгедектерге гуманитарлық көмек көрсету үшін қоғамдық ұйым құруға, кітапханалар ұйымдастыруға және т.б. қызметтерді атқаруға міндеттелді.
Бүгінгі таңда Батыс елдерінің көпшілігінің әскери саласында капеллан қызметі жұмыс істейді. Тіпті, АҚШ секілді мемлекеттер христиан діні қызметкерлерімен қатар өзге дін өкілдерін де капеллан қызметіне жұмысқа тартуды қолға алған.
Қазақстанға келетін болсақ, біздің елдің қарулы күштерінің тарихында капеллан қызметі бұрын-соңды болмаған.
ҚР Діни қызмет және діни бірлесіктер туралы Заңының (2001 ж) 7 бабының 3 тармағы бойынша Құдайға құлшылық етуді, діни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге (жасауға), сондай-ақ миссионерлік қызметті Қарулы Күштер, әскерлер мен әскери құралымдар, сот және құқық қорғау органдарында жүзеге асыруға жол берілмейтіндігі жазылған. Яғни, аталған мемлекеттік құрылым қызметкерлері арасында діни уағыз-насихат айтуға болмайды.
Мұхан ИСАХАН