Әр оқиғадан ой түюге болады. Мәселенің шиеленіспей, шешімін тапқанын жөн көресің… Жуырда Атырау қаласында мешіт жамағаттары арасында өткен футбол турнирінде мемлекеттік әнұран айтудан бас тартқан екі азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, заңмен белгіленген айыппұл салынғаны жөнінде БАҚ-тан ақпарат оқыған едім. Жарыс барысында ҚР Гимні орындалған сәтте оң қолын жүрек тұсына қоймай, яғни мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетпеген азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 458-бабы 1-бөлімімен кінәлі деп табылған.

(Оқиғаны төмендегі видиодан көруге болады. Видио durbi.kz сайтынан алынды)  

Туған жерім менің – Қазақстаным!

Бұл – Тәуелсіз ел әнұранының қайырмасында көп қайталанатын сөздер. Сенің қазақ екенінді сайын далаға паш етіп, рухыңа қанат бітіреді.

«Қазақстаным!» дегенде дауыс ырғағы да жоғарылап, ерекше қарқынмен айтуға тырысасың. Себебі, бұл – сенің Қазақстаның. Туған жер… Исі қазақ баласының маңдайына бұйырған бақ дерсің! Ата-бабамыз иен даланы ерен ерлікпен жаудан да, оттан да қорғап қалды. Бүгінгі ұрпақ үшін арқасын оққа тосты. Осынау құдіретті сөзді әрбір қазақ,  әрбір қазақстандық асқақ сезіммен, керемет мақтанышпен айта алады.

«Менің Қазақстаным» деп жайбарақат айта салу қиын. Оны айтқанда әрбір қазақстандық азаматтың бойында ерекше сезім оянуы тиіс. Ол сезім – туған Отанға деген ерекше құштарлық пен сүйіспеншілік. Осындайда Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген асыл сөзі еріксіз еске түседі.

Заманында атақты қолбасшы Шыңғыс хан: «Өзімнен күш қуат кетсе де, ақыл ойдан адастырмасын, бүтін денем жараланса да, тұтас елім бөлінбесін» – деп отанға деген ыстық сезімін білдірген екен. Не деген ғажап сөздер?! Адамның бойына күш-қайрат беретін, рухын шабыттандырып, отанға деген сезімді биіктете түсетін қастерлі сөздер.

Туған жер, туған елге деген сүйіспеншілік адам табиғатында бар нәрсе. Адамның абыройы мен қадір-қасиеті отанға, туған жеріне, еліне тікелей қатысты болғандықтан отанының тағдырына алаңдамайтын, ол үшін қам жемейтін  адам жоқ. Ислам діні адам табиғатына сай түсірілген дін болғандықтан отан түсінігіне ерекше мән берілген. Әрі отан түсінігінде орта жолды үйреткен.

Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді кісіге қажет қасиеттерге үгіттейтін ұлы дін болса, отан сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұлы ұғым. Олардың мүдделері ел игілігі үшін! Сондықтан олар әрқашан бірге болуы, бірге қол ұстаса, иықтаса қызмет етулері тиіс.

Ту, елтаңба, әнұранның  еліміз үшін маңызы зор. Мемлекеттік рәміздер еркіндігіміз бен елдігіміздің нышаны. Гректің «gimneo» деген сөзінен шыққан  «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Ән айтудың  шариғаттағы үкімі негізінде түрлі түсінік бар. Осы ретте кей азаматтардың түсініктері бұл құрмет көрсету аясынан шет қалып отыр. Ел ішінде орын алған аталмыш жайт әнұранға құрметсіздік танытудан бастау алған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мемлекеттік рәміздер туралы пәтуасында:

«Әнұран – ән мен сөзден тұратын бір елге тән, елді басқа елдерден ерекшелейтін, әскери және жалпыға ортақ салтанаттарда қойылатын әуен. Әннің үкімі жайында берілген фатуалардың ең таңдаулысы – әннің өзі ғана алып қаралса, ойнатылуы мен тыңдауда тұрған харамдық жоқ… Әнұран айтылғанда ел азаматының орнынан тұруы өз еліне деген құрметі. Отан – құрмет пен бағалауға лайық. Құрмет көрсетілетін, тағзым етілетін нәрсе жансыз болса, шариғатта тыйым салынады деп, кесіп айтуға болмайды. Тыйым салынған тағзым – құлшылық ниетімен жасалған тағзым. Мәселен, пұтқа табыну секілді. Олай болса, құрмет тағзымы дінде рұқсат етіледі. Шариғатта құлшылықпен тағзым етуге тыйым салынса, құрметпен тағзым жасауға рұқсат етілген» делінеді.

Адам болған соң түрлі пайым-түсініктегі жандар болады. Кейбіреулер мұндай істі шариғатқа қайшы деп пікір білдіреді.  Адам қателессе, айналасына оң көзбен қарауы қиын. Санасы уланса, дертінен айығуы ауыр. Мұның бірден-бір жолы жастарды отансүйіштікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге тәрбиелеу. Елін сүйген ұрпақ ұлтты ұятқа қалдырмайды. Салтанатты әнұран айтылып жатқанда, шариғатқа қайшы деп, соқыр көзқарастың шеңберіне шырмалмайды.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Исламның реинкарнацияға көзқарасы қандай?
Атырауда өткен футбол турнирінде мемлекеттік әнұран айтудан бас тартқан екі азамат

Қазіргі таңда барлық мұсылман елінде туға құрмет көрсету әдетке айналып келеді. Демек мемлекеттің туы көтерілгенде, әнұраны орындалғанда орнынан тұрып, құрмет көрсетуге шариғат рұқсат береді. Туды, әнұранды, елтаңбаны құрметтеу – елді және оның белгілері мен рәміздерін құрметтеу болып табылады. Керісінше, ту мен әнұранға құрметсіздік – елге құрметсіздік деуге негіз бар. Еңсесін енді тіктеп, тәуелсіздік жолындағы қадамын жаңа бастаған ел ішінде  мемлекеттік рәміздерді құрметтемеуге шақыру халықты алауыздыққа және бірліктің ыдырауына алып барады. Сол себепті де бізге  алауыздық тудырудан қашық болу – парыз.

Әнұран туралы айта берсек, бойды мақтаныш сезім билейді. Спортшыларымыз әр елде жеңіске жеткенде де, осы әнұран орындалып, туымыз биікке көтеріледі. Сол кезде барша қазақ қуанып, көзге жас келетін сәттер болады. Бұл да – еліміздің жеңісіне деген қуаныш.

«Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!» деген рухты сөздері бар әнұранымыз әр қазақтың бойына қуаныш сыйлайтындай дәрежеде қадірі биіктей берсін!

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

Пікір жазу