Сұрақ: Ізгі амалға қанша сауап жазылады?
Жауап: Исламның өзге діндерден ерекшелігі де, айырмасы да жетерлік. Біз солардың бірін ғана атап өтсек, Исламда жасалған жақсылықтың сауабы иесіне оннан бастап жеті жүзге дейін еселеніп қайтарылады. Ал пенделік қылып жасаған жамандығы сол қалпында ғана жазылады.
Бұл өз кезегінде мұсылман үшін қолдан келгенше жақсылық жасауына жігерлендіру болып саналады. Мұны білген адам «маған Құдайдан жақсылы қайтсын» деген оймен ерікті түрде жақсылық жасауға жақын жүреді.
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Сендерден кім Исламды жақсы ұстанса, онда оның жасаған әрбір жақсылығы он еседен бастап жеті жүзге дейін еселеніп жазылады. Ал қылған әрбір жамандығы сол қалпында жазылады. (Ол адам) Алланың алдына барғанша осылай жалғаса береді», – деп айтты», – деген хадисті жетізген.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ